Жарты ғасырдан кейінгі жүздесу

460

0

1963 жылы біз бастауышты бітіріп, 5-сыныпқа көштік. Төрт жыл бойы бауыр басқан жетекшіміз Жұмәділ ағайымызбен қимай қоштастық. Жаңа оқу жылында сыныбымызға жаңа ұстаз келді. Сонау Қызылордадан екен. Институтты сол жылы бітірген. Аты-жөні – Байділдә Сәрсенов. Бізге ботаника сабағынан дәріс берді әрі сынып жетекшісі болып бекітілді.

Байділдә ағай да, біз де алғашқы күннен бір-бірімізді жатсынған жоқпыз. Өйткені ақжарқын, балажандығымен бірден баурап алды. Үзіліс кезінде бізбен бірге тысқа шығып, ойнайтын. Үйге берген тапсырмаларды сұрауға кіріскеннен-ақ құрдасымызша өз ойымызды еркін жеткізуімізді сұрайтын. Бұрын тек Жұмәділ ағайымыздың қас-қабағына қарап жауап берсек, енді сабағымыз ашық әңгіме алаңына айналған секілді. Бұл туралы ол: «Мен сабақтан тыс кезде ғана жасым үлкен ұстазбын. Ал сабақ сұрағанда сендердің әрқайсыларыңның ойларың маңызды. Сол себепті қазірден еркін сөйлеңдер. Ол сендердің болашақ өмірлерің үшін керек болады» дейтін.

Ағайымыз тек сынып жетекшісі емес, ақылшымыз, қамқоршымыз болды. Кез келген мәселені жетік білетін. Терең ойларымен, көл-көсір білімімен балалардың жан дүниесін баурап алатын. Оның үстіне, қиялы ұшқыр жас өскіндердің ойындағысын дөп басып, керегін түсіне қояр ерекше сезімталдық қабілеті бар еді бойында. Сондықтан да әрбір дәрісі өмір сабағына айналып кететін.

Оның даусы керемет, адамды баурап алатын. Соған орай әнді де жақсы айтатын. Музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын. Әсіресе, домбыра тартқан кезде қиялың шартарапты шарлап кеткендей. Шынын айтқанда, біз алғаш рет Сыр сүлейлерінің жырлары мен термелерін сол кісіден естідік. Естіп қана қоймай өзіміз де айтуға талпынып көрдік. Ағайымыз бізге «Қызылорда вальсі» мен «Арал вальсін» үйретті. Оны тек біз ғана емес, жоғары сыныптың оқушылары да үйреніп, ол басқаратын ән-күй үйірмесіне жазылды.

Байділдә ағайымыз балажан еді. Ол кезде ауыл орталығындағы клубта аптасына бір-екі мәрте балаларға арналған кино көрсетілетін. Бәріміз де барғымыз келеді. Бірақ, кішкентай балалардың қалтасында тиын-тебен жүруші ме еді? Ондай кездері ағайымыз бәрімізді бөліп-жармай, өз ақшасына билет алып, киноға апаратын. Оған ерекше мәз болатынбыз. Ол сонымен бірге керемет сурет салатын. Безендірген «Класс бұрышы» оқушыларды ғана емес, мектеп мұғалімдерін де қатты қызықтырады. Ботаника сабағынан дәріс беретіндіктен, «Класс бұрышы» деген жазуды ағаш томарлары мен бұтақтарының суреттерімен безендіргенде, таңғаламыз.

Ол кісі бізге ұзақ уақыт класс жетекші бола алмады. Бірінші тоқсанның аяғында бүкіл сынып пен мектептің мұғалімдер ұжымы оны қимай-қимай әскерге шығарып салдық. Тіпті жоғары сыныптың екі-үш қызының  көзіне жас алғанын да байқап қалған едік. Ағайымыз әскерге кеткеннен кейін де бізді ұмытқан жоқ. Сонау Ленинград облысының Выборг қаласынан балаларға хат жазып тұрды. Сөйтіп жүріп азаматтық борышын өтеп, елге қайтатын кезде хат алдық.

Онда: «Қымбатты шәкірттерім, әзірге маған хат жазбай тұра тұрыңдар. Себебі, мен елге қайтқалы жатырмын. Ауылға барған соң өздеріңе хат жазамын ғой» делінген. Сонымен ағайымыз елге қайтты. Алғашқы кезде бәріміз де хат күтіп жүрдік. Таңертең сабаққа келгенде бір-бірімізден: «Байділдә ағайдан саған хат келді ме?» деп сұрайтынбыз. Мүмкін елге келгеннен кейін алғашқы айларда туған-туыстарымен, құрдастарымен қауышып қолы тимеген шығар. Кейіннен қызметке тұрып, үйленіп, балалы-шағалы болғаннан кейін хат жазуға зауқы да бола қоймады-ау, сірә. Әйтеуір хат келу сонымен доғарылды. Біз де орта мектепті бітіргенше оны анда-санда болса да еске алып қоятынбыз.

Осылайша жылдар өтті. Сыныптастардың оқуға түсетіні оқуға түсіп, жұмысқа тұратыны жұмысқа тұрып, әркім өз шаруасымен болып кетті. Бірақ, менің ойымда сол ұстазыммен тағы бір кездессем деген мақсат тұрды.

Біз де студент болдық. Үйлендік, үй болдық. Қызметке тұрдық. Уақыт зырлап өтіп жатты. Мектеп бітіргеніміздің 3, 5, 10 және 20 жылдығын атап өттік. Ағайымызды осы кездесулерге шақырғымыз келді. Таба алмадық.

Бір өкініштісі, ұстазымыздың Қызылорда облысынан екенін білгенімізбен оның қай ауданнан екенін сұрамаған екенбіз. Студент кезімде қызылордалық курстастарымнан «осындай кісіні білетіндерің бар ма?» деп сұрайтынмын. Олар білмейтінін айтатын. Ол бізге «Арал вальсін» үйреткендіктен, Аралдың төңірегінен іздестіретінбіз. Тіпті Арал аудандық оқу-ағарту бөліміне хат жазған кезіміз де болды.

Сөйтіп жүргенде «Түркістан» газетінде қызмет істейтін Тынышбек Дайрабаев дейтін ағамыз аз-мұз деректің ұшын ұстатты. Ол: «Айтып отырған кісіні білетін сияқтымын. Бірақ менің де елден кеткеніме біраз уақыт болды ғой. Есіме түспей тұр. Сондықтан сен Жалағаш ауданының басшыларына телефон шалшы. Бір білсе, солар білер» деді. Интернет арқылы аудан әкімдігінің телефонын таптым. Олар бір-бірінен сұрастыра келіп, маған «Аққұм» ауылдық округінің телефонын берді. Енді сол жақпен хабарластым. Олар «Иә, ондай кісі болған. Бірақ қазір ауылда емес. Қызылордада тұратын болуы керек» деді. Біз жағдайымызды айттық. Содан, «жарайды, біз іздестіріп көрейік, ертең хабарласып көріңіз» деді көңілжықпастықпен. Ертесіне тағы да телефон шалдық. Осылайша араға 54 жыл салып, Байділдә ағайымыздың ұялы телефонын алдық. Бірден хабарласып едік, алмады. Араға жарты сағаттан салып тағы да бірнеше мәрте телефон шалдық. Қоңырау барады, алмайды. Сөйтіп, бұл әрекетімізден күдер үзіп отырғанымызда, ол кісінің өзінен қоңырау түсті. «Аман-саулықтан кейін, «бұл кім екен?» деді. Біз асыға-аптыға, барлық жағдайды айтып жатырмыз. Арадағы сәл үнсіздіктен кейін: «Мені де шәкірттерім іздейді екен, рахмет сендерге, шынын айтқанда, ол кез есімнен көмескілене бастапты» деді. Дауысынан ол кісінің толқып, тебіреніп тұрғанын анық сездік. Міне, осылайша ағайымызды 2018 жылы іздеп таптық. Сол күні ол кісіні тапқанымды айтып, бүкіл кластастардан сүйінші сұрадым. Олар да қуанысып қалды. Телефонын алып, хабарласып жатты.

2019 жылы сыныптастардың 50 жылдық кездесуі алдында арнайы хабар жібердік. Бірақ, ол кісі толқып тұрып, өзінің жағдайын айтты. Жасының 80-нен асқанын, кездесуге келу үшін оған арнайы адамның алып жүру керегін, қазіргі кезде тек таяқ тастам жерді ғана көре алатынын, сондықтан кездесуге бара алмайтынын өкінішпен жеткізді.

Кездесуден кейін, шамамен араға 3-4 ай салып ол кісі телефон шалды. Жуық арада Алматыға барудың сәті түсіп тұрғанын, осындағы Көз аурулары институтына қаралғысы келетінін, ол жаққа немерелерінің бірі жетектеп апаратынын айтты. Мүмкіндік болса, «Алматы-1» теміржол бекетінен күтіп алуымды өтінді. Біз келісімімізді беріп, сыныптасым Керімбай екеуміз айтқан күні күтіп алдық. Вокзалдан бірден Көз аурулары институтына апардық. Дәрігерлер 3-4 сағат бойы анықтамаларын қарап, өздерінің аппараттарымен көзін тексеріп, нәтиже жоқтығын айтты. Ағайдың көңілі пәсейіп қалғандай болды. Сонда да бізбен сол бір кезді есіне алып біраз әңгіме айтты. Екі-үш күн бойы Керімбай екеуміз үйге қонақ етіп, ол кісінің термелерін отбасымызбен бірге беріле тыңдадық. Ортаға алып суретке түстік. Өкінішке қарай шығарып салғаннан кейін телефонымызды жоғалтып алып, құнды суреттер сонымен бірге кетті.

Ол кісіні Алматыда болған екі-үш күнде оның балалық шағынан сексеннің сеңгіріне дейінгі өмір жолымен толық танысқандай болдық. Өткен ғасырдың орта тұсына дейін қазақ жерінде жаңа туған нәрестеге метірке беру деген сирек кездесетін оқиғалардың бірі болатын. Олардың нақты туған күні болмай сол уақыттағы атаулы оқиғалардың біріне сәйкестендіріп белгілей салатын. Сондықтан болар Байділдә ағайдың құжаттағы туған жылы 1939 жылдың 20 мамыры деп көрсетілгенімен, өзінің айтуынша 1938 жылы Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылының Көкжиде елді мекенінде дүниеге келіпті.

Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тұспа-тұс келген.Сол кездегі елдің қиын жағдайына, соғыстан кейінгі жоқшылықтың зардабына куә болған Байділдә ағамыз бардың қадірін біліп, қанағатшыл болып өседі. Соғыс бастала салып әкесі Сәрсенді Магнитогорск қаласына, анасын Қарағандыға қара жұмысқа алып кетеді. Қараусыз қалған Байділдә ағамызды бастапқыда балалар үйіне әкетпекші болады. Алланың қалауы шығар, ағайындарының бірі қамқорлығына алып қалады. Содан әкесі мен анасы 1946-1947 жылдары елге оралып, сағыныса көріседі. 1947 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1958 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың химия-биология факультетіне оқуға түседі. Институтты бітіргеннен кейін Жамбыл облысы Луговой ауданының Калинин ауылына жолдамамен келіп, бізге сынып жетекшісі болады. Кеңес Армиясының қатарынан босағаннан кейін туған ауылында мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарады. Осы қызметтерді атқара жүріп сырттай Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітіріп, зоотехник мамандығын да алып шығады.

Ол ауыл жастарын ұйымдастырып, көркемөнерпаздар үйірмесін жасақтайды. Үйірме мүшелері ауыл-ауылды аралап, тіпті аудан орталығына да концерт беріп, көпшіліктің құрметіне бөленеді. Ал, жыл сайынғы аудандық көркемөнерпаздар байқауында үнемі жүлделі орындардан көрініп, аудан атынан облыстық байқауға да қатысқан.

1969 жылы аудан басшылары Байділдә Сәрсеновтің өнердегі жетістіктерін бағалап, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы етіп тағайындайды. Жігерлі жас мұнда да өзін көрсете біледі. Аз уақыттың ішінде «Алтын арай» ән-би ансамблін құрып, оның бағдарламасын жасауға Алматыдан белгілі сатирик Оспанхан Әубәкіровті, танымал сазгер Әсет Бейсеуовті, биші Равиль Сүлейменовті шақырады. Олар бір ай қона жатып, жас өнерпаздарды сол кездегі үлкен мереке – В.И.Лениннің 100 жылдығы мен Қазақ КСР-ның 50 жылдығына арналған облыстық байқауға дайындай бастайды. Байділдә ағайымыз шапқылап жүріп, Алматыдан алып келеді. Бишілер үшін солдат киімін табу қиынға түседі. Киімді Ташкенттің Қорғаныс министрлігіне қарасты дүкеннен тапқанымен, ол КСРО Қорғаныс министрлігінің рұқсатымен ғана сатылады екен. Байділдә ағайымыз көп қиындықтармен оның да жолын табады. Осылайша үш ай бойы дайындалған еңбектің жемісін көріп, көркемөнерпаздардың облыстық байқауында бас жүлдені жеңіп алады. Қазақ телевизиясы аудан өнерпаздарын Алматыға арнайы шақырып, республика көлеміне насихаттады. «Мәдениет және тұрмыс» журналының бас редакторы Өтебай Ханакин арнайы сұхбат алып, суретін журнал мұқабасына жариялайды. Сонымен қатар Б.Сәрсенов Ульяновск қаласында өткен одақтың мәдениет қызметкерлері мен Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында өткен Орта Азия республикалары мәдениет қызметкерлерінің семинарларына қатысады.  Бұдан тысқары омырауына «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін тағады.

Байділдә ағайымыз – бұл күндері жасының ұлғайғанына қарамастан аудандық көркемөнерпаздар үйірмесінің тұрақты мүшесі. Ауданда өтетін мәдени-көпшілік шаралардан қалып көрген емес. Жыршы-термешілердің байқауларына қатысып, халқымыздың төл өнерін кеңінен насихаттап келеді. Сондай-ақ, аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ардагерлер» ансамбліне жетекшілік етеді.

Бұдан кейінгі жылдары Байділдә Сәрсенов Көкжиде ауылдық кеңесінің төрағасы, Аққұм совхозы директорының орынбасары, Жаңадария совхозында зоотехник және ферма меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1994 жылы жанарының нашар көруіне байланысты 55 жасында зейнеткерлікке шығады. Бірақ үйде қарап жатуға шыдамы жетпей, 1997 жылы «Думан» шаруа қожалығын құрып, оның төрағасы болады. Күріш өндіруден аудан, облыс чемпионы атанды.

Қазір Байділдә ағайымыз Жалағашта тұрады. Жұбайы Қуанышкүл апай екеуі алты ұл-қызды өмірге әкеліп, солардан өрбіген оншақты немерелерінің шаттығына бөленді. Өкінішке қарай, бұдан он төрт жыл бұрын жан жары кенеттен қайтыс болып, сыңарынан айырылған аққудай жаны жүдеп, жалғызсырап қалды. Алматыға келген сапарында бізге жан жарына арналған «Қуанышым – Ақтолғай» деген жырын айтып берді. Қос ішекті домбырамен ағайымыздың қоңыр үні астасып, жыр жолдары жанды тербегендей. Еріксіз егіліп, тыңдай бергің келеді.

Айта берсек, ардагер аға үлкен өмір жолынан өтті. Өзіне сеніп тапсырылған іске, мейлі үлкен, мейлі кіші болсын әрқашан жауапкершілікпен қарап, оны тиянақты орындап шығуға тырысты.

Ұcтaз – ұлы тұлғa, бiз оның aлдындa әрдaйым шәкiрт болып қaлa бермекпiз!

Қыдыралы ҚОЙТАЙ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<