Жедел штабтың отырысын өткізді

433

0

Мемлекет басшысының төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Онда Үкіметтік комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев және Ішкі істер, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрлері баяндама жасады.

Президентке Алматы қала­сына қосымша күштер, соның ішінде ҰҚШҰ бітімгерлік контин­гентінің күштерін жұ­мыл­дыруға қа­тыс­ты берген тапсырмасының нәти­жесін­де қала лаңкестерден толық тазар­тылғаны туралы баяндалды. Қазіргі уақытта қала тіршілігін қамтамасыз ететін барлық сала­ның жұмысын қалпына келтіру белсенді жүріп жатыр.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев­тың хабарлауынша, қала­ны жылу, электр қуаты, су және газбен қамтамасыз ететін барлық нысан қалыпты жұмыс істеп тұр. Сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, базарлар, жанармай бекеттері және өнеркәсіп орындары жұмыстарын жандандыруда, қоғамдық көлік іске қосылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа зар­­дап шеккен әкімшілік ғима­ра­тында 14 қалалық басқарма бол­ғаны, қазіргі уақытта олар­дың резервтік ғимараттарға, сондай-ақ әкімшілікке қарасты ұйымдарға ор­на­ластырылғаны жө­нінде ақ­парат берілді. Бұ­дан бөлек, тәр­тіп­­сіздік кезін­де кел­тірілген шы­ғын көле­мін анықтау жұмыс­тары жүр­гізілуде.

Мемлекет басшысы елі­міздің ірі қаласына жасалған террористік шабуыл салдарын өз көзімен көру үшін Алматыға арнайы келгенін айтты.

Президент Үкіметтік комис­сияға Алматы қаласының әкім­­дігімен бірлесе отырып, инфра­­құры­лым нысандарын, оның ішінде мемлекеттік, құқық қор­ғау және арнаулы құры­лым­дар­­дың ғимараттарын, бейне­ба­қы­лау жүйесін қысқа мер­зім ішін­де қалпына келтіруді тапсырды.

Сонымен қатар зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі.

– Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл – өте үлкен жұмыс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы алда ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контин­гентінің бөлімшелерін қайтару жұмыстары жүргізі­летінін айтты.

– Ертең ҰҚШҰ бірлескен бітім­герлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыс­тары үшін   контингенттің басшы­лы­­ғына алғыс айтамын. ҰҚШҰ бітім­герлік контингентінің Қазақ­станға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағ­дай­ды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды.  Бұл әрекеттердің лаң­кестер мен содырлардың агрес­­сиясын қайтаруда үлкен психо­логиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Менің әріп­тестеріме – Ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін, – деді Президент.

Жедел штаб отырысының қоры­тындысы бойынша Үкімет­тік комиссия мен жер­гілікті әкімдік­тер бірлесіп қысқа мерзім ішінде барлық аймақ­тағы нысандарды қалпына кел­тіруге, үздіксіз транспорт жұмысын қамтамасыз етуге, азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының жұмысын жандандыруға күш салу тапсырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<