ЖУРНАЛИСТЕР ҚАЛАМДЫ ҚАЛАҚҚА АУЫСТЫРДЫ

49

0

ЖУРНАЛИСТЕР ҚАЛАМДЫ ҚАЛАҚҚА АУЫСТЫРДЫ

Кеше Қызылордада қала әкімдігі
«Баспасөз және ақпарат қызметкерлері» күні қарсаңында жергілікті мерзімді
басылым өкілдерінің қатысуымен «Қызылорданы бірге тұрғызамыз» атты акция
өткізді.

Журналистер қауымы облыс орталығының
Бейбарыс сұлтан көшесі бойында жас отбасылар үшін салынып жатқан тұрғын үй
құрылысы нысанында бас қосты. Шара барысында қала әкімінің орынбасары Руслан
Рүстемов журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап, оларға шығармашылық
табыстар тіледі.

Акция аясында журналистердің ер азаматтардан құралған бөлігі үш топқа
бөлініп, тас қалаудан, журналист қыз-келіншектер екі топқа бөлініп, сылақ
сылаудан жарысқа түсті. Жігіттер үш топқа бөлініп, оларға жетекшілер бекітілді.
Алғашқы топқа қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы басшылық жасаса, келесі
топқа «Қоғам ТВ» телеарнасының құрылтайшысы, ақын Шәкизада Әбдікәрімов
жетекшілік етті, үшінші топтың жетекшісі республикалық «Егемен Қазақстан»
газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Ержан Байтілес болды. Ал
қыздардан құралған топтарда тәуелсіз «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы
Сәрсенкүл Бихожа, республикалық «Астана» телеарнасының Қызылорда облысы бойынша
меншікті тілшісі Шарипа Сақтапова жетекшілік жасап, өзара бәсеке көрігін
қыздырды.

Нәтижесінде жігіттер арасында кірпіш қалаудан Е. Байтілес жетекшілік
жасаған «Өрлеу» тобы, қыздар арасында сылақ сылаудан республикалық «Астана»
телеарнасының Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Ш.Сақтапова басшылық
еткен «Меншікті тілшілер» командасы жеңіске жетті. Жеңімпаздарға арнайы
кубоктар, ал жалпы шараға қатысушыларға «Қызылорданы бірге тұрғызамыз» атты
логотип жапсырылған құрылысқа арналған құрал-жабдықтар естелік ретінде
таратылды. Айта кету керек, журналистер құрылыс жұмыстарын жүргізген нысан
Қызылорда қаласындағы Бейбарыс Сұлтан көшесінде «Н. С. С-KZ» ЖШС салып жатқан
жас отбасыларына арналған 50 пәтерлік тұрғын үй болып табылады.

Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің хабарлауын­ша, үстіміздегі жылы
облыс орталығында 22 тұрғын үй пай­далануға беріледі. Осының нәтижесінде жыл
ішінде 750 отбасы қоныс тойын тойлайды.
Сондай-ақ, ұзақ жылдардан бері тұрғындар тарапынан көтеріліп келе жатқан
Қайнарбаев көшесі бойындағы 18 пәтерлік тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу
үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Апаттық үйлерге қатысты мәселені шешу
мақсатында жаңадан 60 пәтерлік 5 үй және 100 пәтерлік 1 үй салу жоспарлануда.
Қажетті жер көлемі анықталып, жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Биыл Титов
қыстағы мен КБИ мөлтек ауданында 60 пәтерлік екі тұрғын үй бой көтереді.

Қалада «Қазақстан ипотекалық компаниясымен» бірлесіп 230 пәтерді
құрайтын 4 үй, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамы
арқылы 210 пәтерді құрайтын 6 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер есебінен 5 қабатты «Ер
Ару» тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі. Жақын күндері 200 орындық
перинаталдық орталық пайдалануға беріліп, жыл ішінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы
аяқталады.

Мемлекет басшысының бас­тамасымен қолға алынған тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылығын жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында республикалық
бюджеттен 72 көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуге 1 млрд. 751 млн.теңге бөлінді. Нәтижесінде күрделі жөндеуді қажет
ететін үйлердің үлесі 18 пайызға
азаймақ. Жыл ішінде жалпы 420 орынды құрайтын 2 жаңа балабақша ғимаратын, 115
орындық 3 шағын орталықты пайдалануға беру көзделуде.

Білім беру саласында жыл ішінде Қорқыт ата көшесіндегі 900 орындық білім ордасы пайдалануға
беріледі. Ипподром мөлтек ауданынан 900 орындық жаңа мектеп ғимаратының
құрылысы басталды. Оған қоса, осы жылы 15 мектеп, 2 балабақша және Оқушылар
сарайы күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті
бюджеттерден 674 млн. теңге бөлінді. Мәдениет саласында Асқар Тоқмағамбетов,
Сәбира Майқанова, Мәдина Ералиева атындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден
өткізіледі. Денсаулық сақтау саласында қалада алдағы үш жылдықта 2 емхана, 2 аурухана, елді мекендерде 4
дәрігерлік амбулатория, барлығы 8 денсаулық сақтау саласының нысандары
салынады. Соның ішінде биыл 200 орындық балалар ауруханасының, Қызылжарма мен
Ақсуат ауылдарында жаңа дәрігерлік амбула­торияның құрылысы басталады.

 

Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз