Елордада Еуразия Парламент спикерлерінің кеңесі өтеді

Бүгін елордада «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбында Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесі жұмысын бастайды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі күнге созылатын парламентаралық форумға Еуропа мен Азияның 84 елінен Парламент басшылары, 16 халықаралық және парламентаралық ұйымдардың басшылары шақырылған. Бірақ, 65 мемлекеттен делегат келетін болды. Оның ішінде 43 делегацияны спикерлер өздері басқарады. Бұл – соңғы 20 жылдың ішіндегі ең жоғары деңгейде өтіп жатқан Парламент жиыны. Биыл ол Еуразия идеясының 25 жылдығына арналып жатыр. Халықаралық шара Еуропаның және Азияның беделді парламентшілерінің қатысуы заманауи дамудың көкейкесті мәселелеріне қатысты пікір алмасуға, сондай-ақ Еуразиядағы өмірге қабілетті «әмбебап жеңіс» моделіне көшу үшін көрнекі және практикалық тәжірибелер алуға мүмкіндік береді. Талқылаудың нәтижесінде төрағалардың Бірлескен мәлімдемесі қабылданбақ. Жалпы форум еуразиялық кеңістіктегі жан-жақты өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты нығайтуға, парламентаралық байланыстар мен әріптестікті дамытуға ықпал ететін болады. Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің cпикері Нұрлан Нығматулин Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоп, Беларусь Парламенті Өкілдер Палатасының Спикері Владимир Андрейченко, Камбоджа Парламентінің төрағасы Хенг Самрин, Ресей Федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин және басқа да әріптестерімен кездесу өткізген болатын.




БИЛІК 24 қыркүйек 2019 г. 4 389 0