Іскерлік байланыс ілгерілей береді облыс инвестиция тартуда көшбасшылар қатарында

Сейсенбі күні облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалық етуімен «Қызылорда облысына инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту» жөніндегі өңірлік кеңесі отырысы өтті.

Өңірлік кеңестің негізгі мақсаты – инвестициялық жобалардың шешілмеген мәселелерін қарап, тиімді шешім қабылдау. Жыл басынан бері кеңестің үш отырысы өтіп, 4 инвестициялық жоба, «Байқоңыр» экономикалық аймағын құру және инвестиция тарту мен инвесторларды сүйемелдеудегі жауапты ұйым мәселелері қаралған. Аймақ басшысы атап өткендей, сонымен бірге Жалағаш пен Шиеліде күн электр станцияларының құрылысы басталып, Қармақшы ауданындағы құс фабрикасына электр желілерін жүргізуге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген. Ал «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» инвес­торларды сүйемелдеуге жауапты фронт-офис болып бекітілген. Сонымен бірге ХІ Халықаралық «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы аясында  жалпы құны 100 млрд теңгені құрайтын 24 меморандум мен 1 келісім-шартқа қол қойылды. Соның ішіндегі екі жоба кеңестің күн тәртібіне ұсынылып отыр.

Облыс басшысы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өнімдегі инвестицияның үлесін 2024 жылға қарай 30%-ке дейін арттыруды тапсырғанын келтіріп өтті. Осыған орай, бүкіл рес­публика бойынша инвестиция көрсеткіші жоғары межемен бекітілді. Қызылорда облысының 2020 жылға бекітілген инвестиция тарту межесі – 481 млрд теңге. Осы ретте облыс әкімі Сыр өңірі инвес­тиция тарту бойынша республикада көшбасшылар қатарында келе жатқанына назар аударды. Биылғы тартылған инвестция көлемі 360 млрд теңгені құрайды.

Күн тәртібіне «Qazaq Camel» ЖШС ұсынып отырған «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру» жобасы жөнінде серіктестік басшысы Нұғырбек Әбілғазин баяндап берді. Ол жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба Арал қаласындағы индустриялық аймақта орналасатынын жеткізді. Өйткені, Қызылорда облысындағы жалпы саны 40 мыңнан асатын түйенің басым бөлігі осы ауданда өсірілуде, яғни кәсіпорынға қажетті шикізат жақын жерден тасымалданады. Кәсіпорынды іске қосу келесі жылдың шілде айына жоспарланып отыр. Ол  жобалық қуаты бойынша бір жылда 130 тонна түйе сүті ұнтағын шығарады. Серіктестік басшысы кәсіпорын жобалық қуатына іске қосылғаннан кейін бір жарым жылдан соң қол жеткізетінін мәлімдеді.

Жобадағы технологиялық процестердің негізгі бағыты – түйе сүтінің 90 процентін құрайтын суды буға айналдыру арқылы ұнтақ өндіру. Ұнтақ 250 грамдық қаңылтыр қораптарға салынады. Оның жарамдылық мерзімі 24 ай болса, қорапты ашқаннан кейін 20 күнге дейін пайдалануға болады. Бұл таза экологиялық өнім саналады. Түйе сүтінде болатын барлық минералдар мен дәрумендер сақталады. Өнім Қытай еліне экспортталады. Өйткені, ол жақта мұндай өнімге сұраныс өте үлкен. Қытай кәсіпкерлері түйе сүтінен ұнтақ шы­ғаруды жолға қойып, оны патенттеп алған.

Құрылысты салу кезінде 20 адам жұ­мысқа тартылса, іске қосылғаннан кейін 23 адам тұрақты жұмыспен қамты­ла­ды. Кәсіпкер түйе сүті жергілікті шаруа­шы­лықтар мен тұрғындардан базар ба­ғасынан 10% жоғары бағада сатып алына­тынын жеткізді. Сондай-ақ, бұл жоба жақсы жүріп кетсе, келешекте Қазалы ауданында да осындай кәсіпорын ашу жоспары бар.

Кеңеске ұсынылған екінші жоба – «ABK Promservice» серіктестігінің «Қызылорда қала­сында шыны-пластикалық желілік және сорғы-компрессорлық жоғары қы­сым­ды құбырларды өндіру зауытының құ­рылысы»  болды. Серіктестік ди­­рек­­торының орынбасары Алмазбек Ко­нилов­тың айтуынша, зауыт жоғары қы­­сымға – 250 атмосфераға дейін төтеп беретін пластикалық құбырлар шығаратын болады. Бұндай құбырларға мұнай-газ ком­паниялары тарапынан үнемі сұраныс бар. Жоба құны – 1,8 млрд теңге. Жобалық қуаты бойынша жылына 300 шақырым жо­ғары қысымға төтеп беретін құбыр шы­ғарылады.

Зауыт Қызылорда қаласындағы индустриялық аймақта орналасады. Іске қосу мерзімі 2020 жылдың қыркүйек айы деп белгіленген. Зауыт құрылысына 50 адам атсалысса, іске қосылғаннан кейін 78 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өнімдерінің 90 процентке жуығы ішкі рынокқа, қалғаны экспортқа шы­ғарылады деген болжам бар. Түрлі диаметрде шығарылатын құбырларды тек мұнай-газ саласында ғана емес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да кеңінен пайдалануға болады. Ал өнім шығаруға қажетті шикізат Қытай немесе Ресей мен Оңтүстік Корея мемлекеттерінен жеткізіледі.        

Облыс басшысы екі жоба да аймақ үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Күн тәртібінде қаралған жобалар ая­сын­­да өңір экономикасына 3,3 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Сондай-ақ, жо­ба­лар аясында 101 адам жұмыспен қам­­тылады деп күтілуде. Аралда бұл кәсіп­­орын жұмыс істей бастаса, пойызға, автожолға түйе сүтін сатуға шығарып жүр­ген тұрғындар үшін өнімін қиналмай өткізу мүмкіндігі пайда болады. Сол сияқты өндіріс орындары мен коммуналдық са­ла пластикалық құбырларды алыстан іздемейді.

Аймақ басшысы инвесторлар үшін жер мәселесін шешіп беру және басқа да қажетті қолдауларды дер кезінде көрсету, жобаларды индустриялық картаға енгізу туралы Қызылорда қаласы мен Арал ауданы әкіміне және тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырма берді. Ал инвесторлар ұсынып отырған жобаларын бизнес-жоспарларында көрсетілген мерзімде іске қосуы тиіс.


Ыдырыс Тәжіұлы.

БИЛІК 12 желтоксан 2019 г. 528 0