Жауапты кезең міндеттері

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалық етуімен облыстық әкімдіктің аппарат мәжілісі өтті. Аймақ басшысы алдымен кадрлық өзгеріске қатысты қысқаша хабарлама жасап, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы қызметіне Ғалым Едігеев тағайындалғанын жеткізді. Оның еңбек жолымен таныстырып, жаңа қызметінде сәттілік тіледі. Ғ.Едігеев осыған дейін аталған басқарма басшысының орынбасары болды.

Мәжілісте әуелі білім са­ласын­дағы жаңа басқару жүйесі туралы облыстық білім басқармасы басшысының мін­детін атқарушы Бағдат Бердәулетов хабарлама жасады.

Оның атап өткеніндей,  жаңа басқару жүйесі бойынша бұған дейін қала және аудан әкімдіктерінің білім саласына қатысты бекітілген бірқатар функ­циялары енді облыстық білім бас­қармасының құзыретіне өтеді.  Осыған сәйкес «Білім туралы» заңға тиісті өзгертулер мен түзетулер енгізіліп отыр. Бұған дейін білім беру саласы бойынша облыстық деңгейде 4, аудандық және қалалық әкімдіктер дең­гейінде 28, кент және ауылдық әкімдіктер деңгейінде 3 құзірет болып келген. Енді 2021 жылдан бастап, аудандық және қала­лық әкімдіктер деңгейінде 5 құзырет қана сақталып қалады. Оған жетім балаларды жұмысқа ор­наластыру, тұрғын үймен қамту, ауылдық жерде білім беру мекемелеріне жұмысқа жіберілген жас мамандарға тұрғын үймен көмектесу, білім алушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруін қарастыру секілді функциялар жатады.

Облыс әкімі қала және аудан басшылар құзыретіндегі көп функциялар облыстық білім басқармасына көш­кені­мен, әкім­дердің осы сала­дағы жауап­кершілігі еш төмен­демей­тіндігіне баса назар аударды.    

– Балалардың болашағына бәріміз де жауаптымыз. Сон­дық­тан жауапкершілікті облыс­тық басқармаға жүктеп қарап отыруға болмайды, – деді облыс әкімі. Сонымен қатар бюджет қаржысын әкімшіліктендіру бойынша туындайтын мәселе­лерді пысықтауды тиісті бас­қарма басшыларына тапсырды.  Жергілікті жерде балалардың толыққанды білім алуына жағдай жасау әкімдер қадағалауында болатын мәселе.

Мәжілісте облыстық жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Талғат Дүйсебаев атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесіне қатысты баяндады. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, аз қамтылған көпбалалы отбасы­ларына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілгені белгілі. Өзгертілген механизм атаулы әлеуметтік көмек көрсетуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге, еңбекті ынталандыруды көтеруге бағытталған. Басқарма басшысы 2020 жылға жаңа форматтағы атау­лы әлеуметтік көмек көрсетуге бюджетте 7,9 млрд теңге қаралғанын атап өтті. Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілді әлеуметтік топтамаларға республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қаралып отыр. Облыс­та АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша медиа-жоспар бекітілген.

Барлығы 7742 отбасына 1122,6 млн теңгеге АӘК тағайындалып, 6360 отбасына қаңтар айы үшін 326,6 млн теңге төленген. Бір отбасына төленген орташа көмек мөлшері 51,4 мың теңгені құрады.  Бүгінгі күні АӘК алушылар қатарындағы еңбекке жарамды 11177 адамның 1652-сі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, оның 39,8%-і немесе 657 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Алайда, тұрақты жұмыспен қамту шараларында Қазалы, Жалағаш және Сырдария аудандарының көрсеткіштері төмен болып отыр.

Облыс басшысы аталған аудан әкімдеріне бұл  бағыттағы жұмыстарды ширату жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар жұмыссыз жандарды кәсіпкерлікке оқытуға барынша күш салу қажеттігін ескертті.

– Базарда сауда істеп, немесе мал ұстап пайдасын көріп отырған адамдар жұмыссыз ретінде тіркеледі. Міне, осындай адамдарды анықтап, жұмыссыздар санатынан шы­ғаруға тиіспіз. Олар тауып отырған пайдасынан тиісті салық төлейтін болуы керек. Атаулы әлеуметтік көмек алғандардың ішінде екіқабатты коттеджі бар азамат анықталды. Ал оған керісінше көмекке нағыз мұқтаж адамдар тізімге ілікпей қалған.  Атаулы әлеуметтік көмекті шын мәніндегі мұқтаж жандар алатын болуы қажет, – деді  облыс әкімі.

Еңбек заңнамаларының сақталуы, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі туралы облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев хабарлама жасады. Бүгінгі күні 7 кәсіпорынның 141 жұмысшыға 15,7 млн теңге жалақы қарызы бар. Сонымен бірге басқарма басшысы экологиялық төлемақы төлеуге немқұрайлы қарайтын мекемелер бар екенін атап өтті. Мысалы «Қазақстан темір жолы» құрылымына қарасты бір бөлімшеде осындай фактілер анықталып, 100 жұмыскерге 50 млн теңге өндіріліп алынған.

Облыс басшысы бюджеттен берілуі тиісті қаржыны дер кезінде төлемеген, жалақыны кешіктіруге жол берген басшыларға шара қолдануды тапсырды. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік мекемелерде ұжымдық  шарттардың толық жасалуына ықпал ету қажеттігін ескертті.

Келесі кезекте 2020 жылғы халық санағын өткізуге дайындық жұмыстары мен берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева баяндады. Халық санағы үстіміздегі жылдың 1-30 қазан аралығында өткізіледі. Қазіргі таңда ұлттық халық санағының «Қазақстанда әркім маңызды!» атты девизі мен логотипі бекітілген. Санақтың бірінші кезеңі 1-30 маусым аралығында тұрғын жайларды нақтылау бойынша өткізіліп, оның нәтижесі бойынша санақ учаскелері бөлінеді. Ал 1-30 қазан аралығын қамтитын екінші кезеңінде онлайн режимде планшет құрылғысымен санақ жүргізіледі. Бүгінде санақ өткізуге жәрдемдесу жөніндегі өңірлік комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілген.

Санақтың басты фигурасы – есепшілер. Олар адамның тұрғылықты жеріне немесе уақытша болатын жерлеріне (вокзалдар, курорттар, әуежай­лар, ауруханалар, пойыздар және т.б) барып, сауалнама жүргізу арқылы арнайы сауалнама беттерін толтыратын болады. Санақ жұмыстарына жалпы 1312 адам уақытша тартылады деп күтілуде. Оның ішінде 159-ы нұсқаушы бақылаушы­лар, 974-і сұхбатшылар. Санақ қағаздарына барлық жауаптар ешбір құжат көрсетпей-ақ халықтың аузынан жазып алынады. Олардан алынған деректер еліміздің әлеуметтік-экономикалық бағдарламасын жасауға көмектеседі.

Осы орайда облыс басшысы халық санағы мемлекеттік дәрежеге ие, көптеген сұрақтарға жауап беретін саяси іс-шара екендігіне назар аударды. Сондықтан ол үлкен дайындық және ұйымдастырушылық жұмыстарын қажет етеді. Ал дайындықтың негізгі жұмыстарының бірі – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жаппай түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Соған сәйкес тиісті басқарма мен құрылымдар басшыларына тапсырма жүктелді.

Күн тәртібіндегі мәсе­лелерден кейін аймақ басшысы көктем айларында тазалық жұмыстарына барынша көңіл бөліну қажеттігін атап өтті. Ұжымдар мен жеке тұрғындар бұл жұмыстарға барынша атсалысуы тиіс. Облыс орталығында бұл жұмыстарға бақылау жасау қала әкімі Н.Нәлібаевқа тапсырылды. Қала басшысы көктемгі тазалық және көгалдандыру жұмыстарын барлық ұжымдар мен жекелеген тұрғындар өз күшімен орындауға белсенділік танытуы қажеттігін айтты. Бұл ретте төңірегі тазаланбаған мекемелер мен кәсіпорын басшыларынан жауапкершілік қатаң сұралады.


Ыдырыс Тәжіұлы.

БИЛІК 03 наурыз 2020 г. 536 0