ЖАУАПТЫЛАР ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Сенбі күні Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан ескертулеріне қатысты кезекті мәжіліс өткізді.  
Мәжілісте Индустрияландыру картасындағы проблемалық жобалар да сөз болды. Өткен жылы мұндай жобалар 35 болса, арнайы қабылданған шаралардан кейін оның саны 13-ке дейін қысқарды. Жұмыстағы кемшіліктері үшін 19 адам жазаланып, 3 адам жұмыстан босатылды (Ақмола облыстық ӨКБ басшысы, «KPІ» АҚ басқармасының төрағасы, «СП «CaspіBіtum БК» ЖШС бас директоры).
Әсет Исекешев әкімдіктердің өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін ашудағы және бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай туғызудағы жұмыстарының нашарлығын атап айтты. Әкімдіктердің Индустрияландыру картасына ұсынатын жобаларының сапасы төмендігі байқалып отыр. Мысалы, ИЖТМ картаның соңғы актуализациясы кезінде инновациялылығының төмендігі мен ҮИИБ мақсаттарына сәйкес келмейтіндігі үшін ұсынылған 200 жобаның жартысын қабылдамай тастады. Вице-премьер Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Маңғыстау облыстарының әкімдіктеріне жоғары технологиялық жаңа жобалар іздеуді күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ, Қарағандыдағы ұшақ жасайтын проблемалық жобаға және ОҚО-дағы тоқыма фабрикасын шикізатпен қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды. Маңғыстау облысындағы планшеттік компьютер жасайтын жоба да проблемалық болып есептеледі, ол бойынша құқық қорғау органдары тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
Мәжілістің қорытындысы бойынша, вице-премьер Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімдеріне аталған жобаларға жауапты шенеуніктерді атқарып отырған лауазымдарынан босатуға дейінгі жазалау шараларын қолдануды тапсырды. 
Индустрияландыру картасында құны 11,5 трлн. теңгеден асатын 872 жоба бар. Картадағы барлық жобалардың басым бөлігі жеке қаражат (73,5% – жеке бизнестің өз қаржысы, қазақстандық және халықаралық даму институттары мен банктердің заемдық қаржысы) есебінен жүзеге асырылады. Облыс әкімдіктері 829 жобаны жүзеге асыруға жауап береді. 3,5 жыл ішінде құны 2,1 трлн. теңге болатын 563 жоба пайдалануға берілді. 61700 тұрақты жұмыс орны ашылды.

БИЛІК 04 қараша 2013 г. 1 370 0