СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС БӘСЕҢСІМЕЙДІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Асхат Дауылбаев пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады.

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған партиялық бағдарламасы аясындағы жұмысты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

– Өткен жылдар ішінде елімізде парақорлықтың тамырын жою тұрғысынан алғанда біраз жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, заңға өзгерістер енгізу, шенеуніктер мен кәсіпкерлер арасындағы байланысты азайту арқылы сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары қатайды. Лауазымы мен еңбегіне қарамастан барлығын да жауапқа тартатын заң қолданысқа енді. Жалпы, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде, оның нәтижесі көрініп тұрғандықтан, қоғам тарапынан оң баға беріліп отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметшілер жұмысын мінсіз әрі адал атқаруы үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.

– Бүгінде олар материалдық және әлеуметтік кепілдіктермен қамтылған, сондықтан біз олардан адал қызметтің үлгісін көрсетіп, заңнаманы сақтауды талап етуге құқылымыз. Бұл, әсіресе, елімізде мемлекеттен орасан қаражат бөлініп, «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру жөнінде ауқымды жұмыс жүріп жатқан қазіргідей кезеңде айрықша өзекті. Сондықтан Бас прокуратура мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жұмыс істеген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті біздің республика ТМД-да бірінші болып «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңды қабылдағанын атап өтті. Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
БИЛІК 18 қараша 2014 г. 1 018 0