ЕЛБАСЫ және БYГІНГІ ӘЛЕМ

Әлемдік экономика осыдан бірнеше жыл бұрын мықтап сүрінген еді. Жаһандық қаржы экономикалық дағдарыс созылмалы сырқатқа душар болды. Әлемдегі жағдай күрделі, геосаяси дағдарыспен жетекші мемлекеттердің санкциялық саясаты әлемдік экономиканың онсыз да тұйыққа тірелген жағдайын біршама құлдыратып жіберді.

ЕЛБАСЫ және БYГІНГІ ӘЛЕМЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа дәстүрлі Жолдауын жария етті. Ол әлемдегі жағдайға сауатты талдау жасады. Алдағы жылдардың басты бағыттарын, негізгі міндеттерін айқындады. Ол Қазақстанның "Нұрлы жол” жаңа экономикалық саясаты болып табылады. Президент Жолдауы бізге белгісіз себептермен орын алып отырған сыртқы нарықтағы жағдайдың әсерін мейлінше азайтуға бағытталып отыр. Елбасы экономикалық саясатта бекемді, сенімді ұстанымда болды. Осыған дейін шикізат экспортынан түскен табыстар ұлттық қорға жинақталған еді. Енді, міне, Елбасының сол кезде айтқанындай, қысылғанда бұл ақшаны оңтайлы мақсатқа жұмсаудың сәті келді.

 

Әрине, бұның барынша елеп-екшеуден өткен сындарлы бағдарлама екенінде еш күмән жоқ. Себебі қаржы дағдарысы жағ­дайында ақшаны ең керек деген жеріне үнемді жұмсау барынша маңызды болып табылады. Көліктік логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту, энергетикалық инфрақұрылымдарды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық жүйелерін жаңғырту, тұрғын үй құ­ры­лысын жандандыру – міне, осы өзекті мә­селе Қазақстанның алдағы бес жыл ішін­де атқаратын ауқымды жұмыстарының бірі болып табылады. Жолдауда атап көрсе­тіл­гендей, осының барлығы елдің басым ба­ғы­ты ретінде халықтың әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайын жақсартуды көздейді. Ке­зінде Елбасының өзі атап көрсеткеніндей, Қа­зақ­станның мемлекеттік моделі әлеуметтік бағ­дарланған нарықтық қатынастардың әлемде теңдесі жоқ тамаша үлгісі болып табылады.

Өткен ХХ ғасыр саяси қақтығыстарға, әлем­ді билеуге ұмтылған екі қарама-қай­шы жүйенің бітіспейтін күресіне толы бол­ды. Әлем жұртшылығы адамзат бала­сына өлшеусіз қайғы-қасірет әкелген екі дүние­жүзілік соғысты бастан өткерді. Ғасыр ба­сын­дағы революциялық төңкеріске әкеліп соқтырған қазан төңкерісі, одан кейін тап күресінің шиеленісуінен болған бірнеше мил­лиондаған адамдардың өмірін қиған тра­гедиялық оқиғаларды аға ұрпақ өкілдері әлі жадынан шығара қойған жоқ.

ХХІ ғасырдың басы әлемдік ауқымдағы соғыс қасіретінен айналып өткенімен, бү­гін­гі қауіп-қатерлердің мазмұны мен сипа­ты басқа бағытта өрбиді. Бұл туралы Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың соңында халыққа арнаған Жолдауында егжей-тегжейлі талдап көрсет­кен болатын. Қазақ­стан Президенті өз Жол­дауында ХХІ ғасырдың сын-қатерлері ре­тінде жаһандық азық-түлік қау­іп­сіздігі, судың тапшылығы, жа­һандық энергетикалық қау­іпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы тура­лы мәселелерді қамтыған болатын.

Планетадағы халық саны­ның өсуі және осыған орай та­ғамға, сонымен бірге табиғи ре­сурстарды тұтынуға деген қа­жеттіліктің өсуі жаһандық проб­лемалардың туындауына әкеп соғады. Қазір жер шарын­да су ресурс­тарының тапшылы­ғы қатты сезіледі. Соңғы 60 жылдың ішінде жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есеге өскен. Yстіміздегі ғасыр­дың ор­тасына қарай суды көптеген елдер сырттан тасымалдайтын болады. Бұл мәсе­лені кезінде Елбасы қауіп-қатерлердің ішін­де айрықша атап көрсеткен болатын.

Қазір су барынша шектеулі қор болып саналады. Бұл, айна­лып келгенде, геосая­саттың аса маңызды факторларының бірі. Ол көп ұзамай планетадағы текетірес пен ки­кілжіңнің жаңа ошағына айналып кетуі де ықти­мал. Өмірлік бай тәжірибе, ұдайы ізде­ністің жемісі болар, Елбасы табиғи ресурстар­дың осынау маңызды қорын тиімді пайдалану жөнінде әр­дайым айтып келеді. Сол себеп­тен суды тиімді пайдалану, оның ысырабына жол бермеу «Қазақстан-2050» стратегия­сын жүзеге асыруға байланыс­ты қабылданған іс-шаралар шеңберінде де жүзеге асыры­латынын айрықша атап өткіміз келеді.

Елбасының айрықша атап жүргеніндей, шектеулі табиғи ресурстар­ды үнемді пайда­ланудың қата­рында энергия көздерінің айтылуы тегін емес. Сарапшылардың пі­кі­рін­­ше, 2050 жылға дейін энерге­тика сала­сында революциялық сер­пілістер бола қоймайды. Әлем біртіндеп мұнай мен газды им­порттаудан эволюциялық жол арқылы арыла бастайды. Осы­­ның өзі қазіргі әлемде қалып­тас­қан үйреншікті тәр­тіп­тің маз­мұнына өзгеріс әкелуі әбден мүмкін. Егер қазірден бастап мұнай экс­порт­таушы елдер өзінің перс­пек­тивалары туралы мық­тап ойланбаса, олар алдағы уақыт­та қолайсыз жағдайларға тап бо­лады. Сарапшы­лар осы елдердің қатарында Сауд Ара­бия­сын, Ресейді, АҚШ-ты, Иран­ды, Қытайды, Канаданы, Біріккен Араб Әмірлігін, Мек­си­каны, Кувейтті, Иракты, Бра­зилияны, Нигерияны, Венесу­эла­ны, Еу­ро­па Одағын, Норве­гия­ны, Алжирді, Анго­ланы, Қа­зақстанды, Катарды, Ұлыбри­та­нияны, Әзірбайжанды атай­ды.

Сонымен бірге сарапшылар бұрынғы Ке­ңес одағының мемлекеттері қа­тарында Қазақстанның энерге­тикалық мүмкіндіктерінің әлеу­еті зор екенін атап көрсетеді. Дегенмен, Президент балама қуат көз­деріне үміт артып, «Қазақстан-2050» стра­те­гиясында атом энергиясын да­мытудың, сонымен бірге энер­гияның жаңғыртылатын көзде­рін өркендету міндетін алға қойып отыр.

Елбасы бүгінгі әлем әлі толық арыла қоймаған қаржылық дағдарыстың басты сипатын халықаралық қаржы жүйелерінің жетілмеген­дігінен болып отырғанын бірне­ше мәрте атап көрсеткен бо­латын. Бүгінгі таңда Қазақстан дағдарыстан шығудың қиын сүр­леуін игере отырып, Мемле­кет басшысының дәйекті сая­са­тының арқасында дамудың сара жолына түсті. Бұл ең ал­дымен рыноктық қатынастарды қолдан басқару үлгісімен ұштастыру­дың нәтижесінде мүмкін болды. Еліміз бұрынғы жүйеден қалған әкімшілік басқару жүйесінен толықтай арылды.

Айтпақшы, сол дағдарыстың алғашқы ке­зе­ңінде Елбасы 2008 жылдың өзінде-ақ «Российская газетада» «Дағдарыстан шы­ғудың кілті» атты мақаласын жариялады. Қа­лыптасқан жағдайға талдау жасады. Сөй­тіп, өзінің әрдайым уақытпен бірге үндесіп оты­ратын прагматикалық көзқарасын біл­дірді.

Қазір өндіру мен тұтыну көлемі арасын­дағы алшақтық, қаржы айналымына бақы­лаудың бетімен жіберілуі «Әлемнің әміршісі – еңбек» дейтін өміршең ұлы қағидаға құлай берілетіндердің өзін күмәнді ойдың жетегімен алып барады. Бұл бәзбіреулерді бас ауыртып, балтырын сыздатпай-ақ ақша табуға итермелейді.

Елбасы сол жылдары әлемде орын алып отырған күрделі ахуалды сарапқа сала отырып, барлығына жан-жақты талдау жасады. Осы жолы Мемлекет басшысы өзінің дәйекті тұжырымдарға бекем екенін тағы да дәлелдеді. Сайып келгенде, бұл елдің мүддесі үшін мүмкін болатын келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған нақты міндеттер болып табылады. Дәйектілік дегеннен шығады, Елбасы 2011 жылғы Жолдауында еңбек өнімділігі, оны көтеру жолдары туралы нақты міндеттер жүктеген болатын. Сайып келгенде, еңбек өнімділігі кешегі посткеңестік жүйеде болған мемлекеттердің барлығына тән күрделі мәселе. Кеңестік жүйеден қалған масылдық психология, құрал-жабдықтардың ескіруі, тағысын-тағылар – еңбек өнімділігін тежейтін негізгі факторлардың бірі болып келді.

Мақала жарияланғаннан кейін Мемлекет басшысы елді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселесіне арналған кеңес өткізді. Елбасы экономикадағы өсім жағдайын айта келе, өз мақаласында атап көрсетілген Қазақстанды жаңғыртудың 20 қадамына қатысты ойларын тағы да сабақтады.

Мемлекет басшысы жуырда Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші шақы­рылымы үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде еліміздің «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру кезеңіне аяқ басқанын атап көрсетті. Бұл Стратегияның алға қойған негізгі мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру. Осы орайда Президент әлеуметтік проблемалар көптеген дамыған елдерде шиеленісіп кеткенін, жұмыссыздықтың өсуі, халықтың табысының төмендеуі, әлеуметтік дамудың үйлесімсіздігі мен кереғарлығы – әлемнің көптеген елдеріндегі нақты жағдайлардан көрініс беріп отырғанын мәлімдеді. Ал, Қазақстандағы ахуал олардың көпшілігінде болып жатқан жайттарға қарағанда артық­шылығымен ерекшеленеді.

Президент бүгінгі таңда «ЭКСПО-2017» аясында өтетін шараларға айрықша мән беруде. Бұл туралы кешегі жолдауда нақты міндеттер шеңбері айқындалды. Энергия жинақтаудың жаңа мәдениетін, экономика тәрізді күнделікті өмірде де жаппай қалып­тастыру мақсатында Президент Жарлығымен «Жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама бойынша Қазақстан 2020 жылға дейін энергия үнемдеуді жыл сайын 2,5 пайыз, ал 2020 жылдан кейін 3,5 пайыз көлемінде қамтамасыз етуі қажет. Бұл отандық кәсіпорындардың энерготиімділігінің қажетті деңгейіне жетуіне мүмкіндік беріп, «жасыл экономика» аясындағы міндеттерді орындауды қамтамасыз етеді.

Соңғы 15 жылдың ішінде Қа­зақстан эконо­микасы 1997 жылғы 1,7 трлн. теңгеден 2011 жылы 28 трлн. теңгеге дейін өсті. Сөйтіп, еліміздің ішкі жалпы өнімі 16 есеге артты. 1999 жыл­дан бастап ішкі жалпы өнімнің өсімі жыл сайын 7,6 пайызға өсіп, ол алдыңғы қатарлы дамы­ған елдердің көрсеткішінен асып түсті. Сонымен қатар жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 7 есе өсті. Қазақ­стан ТМД елдерінің ішінде ті­келей тартылған шетел инвес­ти­цияларының жан басына шаққандағы көлемі бойынша көшбасшы болды. Біз сыртқы тауар айналымының 12 есе, өнеркәсіп өнімінің 20 есе өсімін қамтамасыз еттік. Қазір елімізде серпінді индустриалдық даму бағдарламасы сәтті жүзеге асы­рылуда.

Қазақстанда қолжетімді жә­не сапалы білім беру бағы­тындағы реформалар дәйекті жүргізілуде. «Балапан» бағдар­ламасын жү­зе­ге асыру нәтиже­сінде балғындардың 65,4 пайы­зын мектепке дейінгі біліммен қам­тамасыз етуге жол ашылды. 1993 жылы «Бо­лашақ» бағдар­ла­масы қабылданған болатын. Нәтижесінде 8 мыңнан астам талантты жас осы бағдарлама бойынша әлемнің үздік универ­ситеттерінде білім алды. Аста­нада халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін ғылы­ми-зерттеу университеті құрыл­ды.

Президенттің пікірінше, қазір әртүрлі ха­лық­тар мен елдердің даму мүмкіндік­теріне жағдай жасау бүгінгі дағдарыстардан арылудың не­гізгі бағыты болып саналады. Сонымен бірге жаппай қырып-жоятын қару­ларды ауыздықтау әлемдегі қауіпсіздікті қамтама­сыз етудің басты тетігі.

2013 жылы «Дағдарыстан кейінгі әлем» атты халықаралық зерттеу қоры өзінің жүр­гізген жұмыс нәтижелеріне сүйене отырып әлем елдерінің бүгінгі жағдайына, ондағы қа­лыптасқан ахуалды жақсартуға жеке ли­дер­лердің қосатын үлесіне қатысты пікірін білдіреді.

Бұл қор Мәскеу қаласында 2009 жылы құрылған болатын. Аталған қор сол уақыттан бері дағдарыс шылауына оранған әлем эко­номикасының проблемаларына жан-жақты тал­дау жүргізіп келеді. Сонымен бірге ол дағдарыстың алдағы уақытта қандай сипат­қа ие болатынын, жаһандағы елдердің жағдай­ына оның қаншалықты әсер ететінін баян етеді.

Қордың зерттеу жұмыста­ры­на мұнан да маңызды әлемдік проблемалар өзек болып отыр. Атап айтқанда, 2050 жылы ға­ламдық деңгейдегі басты проб­лема не болады? Бүгінгі әлем ке­зігіп отырған өзекті пробле­ма­лардың шешімі қандай? Әл­бетте, бұл сауалдардың жауабы күрделі, ол жан-жақты зерттеу­ді, әрбір жағдаятты барынша сүзгіден өткізуді талап етеді.

Таңғаларлығы сол, осы қор­дың зерттеу жұмыстарының нә­тижелері Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың 2012 жылдың соңында жариялаған «Қазақ­стан-2050» стратегиясы атты Қа­зақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған қағида­лар­мен үйлесім тауып отыр.

Сарапшылардың үштен екі­ге жуығы жаһанның тап бүгінгі жағдайына «ықпал ету аума­ғын қайта бөліске салу», «ден­дей түскен дағдарыс» немесе «дүниені дүрліктірген дүрбелең» деген атаулармен анықтама бе­реді. Сауалға қатысушылардың үштен бірі әлемнің қазіргі аху­алын ықпал ету аумағын қайта бөліске салу сипатында атап көр­сетеді. Бұл жерде олар ең ал­дымен жаһанның экономика­лық орталығы Батыстан Азияға қарай ойысып бара жатқанын, осыған сәйкес дамушы елдер­дің ықпалы арта бастайтынын атап көрсетеді.

Бүгінгі әлемді жаңаша си­патта дамытуға жеке тұлғалар­дың қосатын үлесі қандай? Соң­ғы отыз жылға жуық уақыт ішінде әлемнің әртүрлі елдері мен аймақтарында дәйекті сая­сат жүргізген саяси тұлғалар өр­кениетті жолмен дамуға өз үлестерін қосатыны қазірдің өзінде айқындалып отыр. Са­рап­шылардың пікірінше, мұн­дай тұлғалар қатарында Гер­манияның қазіргі Премьер-министрі Ангела Меркель, Қы­тайдың бұрынғы басшысы Ху Цзиньтао, Ресей президенті Вла­димир Путин, кеше ғана дү­ниеден өткен Венесуэла прези­денті Уго Чавес және Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімдері аталады.

Жаңа Жолдауда атап көрсетілген эко­но­микалық саясат шетелдік белгілі сая­сат­керлер тарапынан да пікірлер туғы­зуда. Еуропадағы белгілі саясаткер А.Квась­невский күні кеше ғана "Қазақстан әлемдегі көптеген адамдар үшін енді терра инкогнита (белгісіз жер) болып табылмайтын ел, кері­сінше, аймақтық және жаһандық деңгейдегі маңызды ірі ойыншы болып саналады. Қа­зақстанның белсенді ұстанымы мен ат­са­лысуы нәтижесінде біз қауіпсіздіктің көкей­тесті мәселелерін, оның ішінде Украинадағы жағдайға байланысты Ресей мен Батыс арасындағы күрделі қатынастарды шеше аламыз деп үміт артамыз” деді.

Әлемдік қауымдастық ХХІ ғасырдың басында осындай проблемаларға тап бол­ды. Бұл, сөз жоқ, Елбасының әлемдегі әрбір тосын құбылыстарды бағамдап, байыптап, дұрыс шешім қабылдай білетін көрегендік қадамдарының жемісі екенін атап өтпеске болмайды. Бүгінгі Қазақ­стан кеңестік дәу­ір­ден кейінгі кезеңдегі еуразиялық инте­гра­цияның басты қатысушысы бо­лып табы­лады. Сарапшылар­дың пікірінше, Қазақстан Орта­лық Азия мемлекеттері үшін жаңа сер­пінді дамудың басты локо­мотивіне ай­налады. Бұл Президенттің жаңа уақыт ту­ғызған бастамалардың көшбасшысы ретін­дегі прагматикалық, дәуір тынысын дөп бас­қан ізгілікті шешімдерінің нәтижесі болып табылады.

Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.


БИЛІК 20 қараша 2014 г. 1 086 0