ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Әңгіме барысында Қазақстан-Америка қарым-қатынасының ахуалы мен перспективалары, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Екі елдің көшбасшылары Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайды талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарапының көзқарасы бойынша Украина, Ресей, Германия және Франция басшылары деңгейіндегі келіссөздер арқылы шешілуі мүмкін осы мәселемен жеке өзі айналысып жатқанын айтты.

Қазақстан Президенті америкалық әріптесінен Украина мәселесі бойынша ортақ мәміле жолын іздестіру ісіне мейілінше белсенді қатысуды өтінді.

Мемлекет басшысы Ресейге қатысты экономикалық санкциялар Орталық Азия өңіріне де ықпал етіп жатқанына тоқталды.

АҚШ Президенті Украинадағы жағдайды дипломатиялық жолмен шешуді жақтайтынына Нұрсұлтан Назарбаевты сендіре отырып, бұл үшін бірінші кезекте Минск уағдаластықтарын орындау қажеттігін атап өтті.

Б.Обама сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайту ісіне жұмсаған күш-жігерін жоғары бағалады және Мемлекет басшысының Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу ісіне белсенді атсалыса беретініне сенім білдірді.

Телефон арқылы сөйлесуге Америка жағы бастамашылық етті.


 

 

 

 

 

ФОРУМ ЖӘНЕ ІСКЕРЛІК БАЙЛАНЫС

Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысқан ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов ірі компаниялар мен қаржы институттарының басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, соның ішінде Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне әзірлік таныстырылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми порталы хабарлады.

Кәрім Мәсімов сондай-ақ Швейцария Конфедерациясының экономика, білім және зерттеулер министрі Йоханн Шнайдер-Амманнмен кездесті.

Әңгіме барысында К.Мәсімов пен Й.Шнайдер-Амманн Қазақстан-Швейцария сауда-экономикалық ынтымақтастығының жай-күйі мен келешегін талқылады, соның ішінде тауар айналымын ұлғайту және елдер арасындағы бизнес байланыстарды нығайту сөз болды. Сондай-ақ сұхбаттасушылар Қазақстанның алдағы уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі мәселелерін қарады.
БИЛІК 24 қаңтар 2015 г. 808 0