БАҒДАРЫМЫЗ АЙҚЫН, БОЛАШАҒЫМЫЗ ЖАРҚЫН

Ел Президентін ұлықтау рәсіміне қатысып, тарихи сәттің куәсі болған қызылордалықтар арасында мен де болдым.  Елбасы айтқандай, бұл жолғы сайлау біздің халқымыздың біртұтастығын, кемеңгерлігін тағы бір рет танытты. Электораттың жаппай қатысуымен ерекшеленді.
Н.Назарбаев – ұлан-ғайыр жері, ұлы мұраты мен тарихы, ұрпағы көз тіккен болашағы бар халықтың тарихи кезеңінде елдің сенімін арқалаған көшбасшы. Салтанатты рәсімнен кейін сөйлеген сөзінде сенімді ең биік мәртебе, бақыт деп есептейтінін, болашақ ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау баршамызға ортақ парыз екенін айтты.
Расында ел сенімі азаматқа жігер береді, атқа қондырады. Халқына қызмет қылуды өмірлік мұрат еткен Мемлекет басшысы «...сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де бармын», деді.
Біздің дана халқымыз небір аласапыран заманды, тар жол тайғақ кешуді бастан өткергенмен, қиындықтарды қаймықпай еңсеріп келеді. Елбасы айтқандай, кешегі кеңестік жүйеден нарықтық экономикаға, демократияға және жаңа этносаралық келісімге аман-есен өттік.
Тым алысқа бармай-ақ, 2007-2009 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарысты еске алайық. Бұл туралы Президент өз сөзінде «Басқа мемлекеттерге қарағанда, Қазақстан экономикалық өсімді сақтап қалды және біздің халқымыздың өмір сүру деңгейін құлдыратпады. 2012 жылы Қазақстан әлемнің ең дамыған, әлемнің барынша бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылды. Біз халқының табысы орташа деңгейлі елге айналдық және әлемнің ірі 50 экономикасы қатарына ендік. «Қазақстан -2030» Стратегиясы қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр», – деп атап көрсетті.
Елбасының Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің беташарында сөйлеген сөзі, өзіне,  мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамға жүктеген міндеттері елімізді жаңа белестерге бастайды.
 
Нұрмұрат ЕРМАНОВ,
облыстық мәслихат депутаты. 

БИЛІК 30 сәуір 2015 г. 1 497 0