АҚМЕШІТТЕН АСТАНАҒА ДЕЙІН!

АҚМЕШІТТЕН АСТАНАҒА ДЕЙІН!Астанада жүргеніме де табаны күректей 3 жыл бопты. Астанада жүріп отбасын құрдым, Астанада жүріп ұлды болдым. Адам мұндай қуаныштарды басынан өткерсе қай қаланы болмасын бауырына басып, жанына жақын тартып кетеді екен. Өзім Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шәулімше дейтін төбенің жанындағы алақандай ғана ауылда өскен қазақтың баласымын. Мектеп бітіргенше ауданнан асып ешқайда шыққаным жоқ. Мектеп бітірген соң Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқуға түсіп, Қызылорда қаласын сол күйі көре алмай кеттім. Оқушы кезімде облыстық телеарна мен «Сыр бойы» газетінен қала туралы мәліметке қанық боп өстім. Бірақ астана болған Ақмешітті аралап көрмеген едім. Пойыз да Алматыға Түркістан, Шымкент, Тараз қалаларын басып өтіп, Қызылордаға сол күйі табаным тимей кетті.

Оқуға түскен соң өзара «Қайдан боласың?» деген сұрақтың болатыны заңды. «Қызылордаданмын» деймін. Сұрақтың артынан сұрақ туады. «Қызылорда қандай қала? Әдемі ме? Тал жоқ дейді ғой. Тек күріш егесіңдер ме?» деген сыңайда қытығыңа тиетін сұрақтарды жаудырады. Сонда «Сенесіңдер ме, мен Шиеліденмін, бірақ Қызылорда қаласын өмірімде көрген емеспін. Жасыл желек пе, құм суырып тұр ма, бау көп пе, әлде жазық дала ма, оны мүлде білмеймін» дегенде барлығы таңғалатын. Құдды бір Арабияда туып, қажылыққа бармаған мұсылмандай күй кешетінмін. 3 курс оқып жүргенде жездем Шиеліден қалаға көшіп, соны сылтауратып тұңғыш рет бардым.

Оқуды бітірген соң, «Алматы ақшамы» газетінде тілші боп қызмет атқардым. Бес жылға жуық сол газетте еңбек етіп, студенттік өмірді қосып алғанда 9 жылдай жүріппін. Астанаға кетерде жүрегімнің жартысы сол қалада қалып қойғандай болды. Қызылордада балалығым қалса, Алматыда аңғалдығым, алғашқы іске араласып тәжірибе жинау сияқты ұмытылмас сәттерім қалды...

Сондай бір дәуренді артқа тастап, өзгерісті қаладым. Орысша «новый вызов» дейді ғой, тәуекел деп ешкім күтіп отырмаса да Астанаға тарттым. «Астана суық, адамдары да суық. Зәулім ғимараттар, далиған көшелер ғана» деген пікірлерді жиі еститінмін. Ал мен Астанадан тау іздейтінмін. Алматыда аспан жаққа ауық-ауық қарап қалған әдетпен қоштасуға тура келді. Алматыдағы тау саған қорған болатындай, демеу беретіндей, сені үнемі бақылап, есеп алып тұратындай еді. Астанаға кеп, жынынан айрылған бақсыдай есеңгіреп қалдым. Бірақ, кез келген жерде бақытты болу өзіңе байланысты екен. Егер орта қалыптастыра алмасаң, жақын достар таппасаң Лондонды да, Парижді де жерсінбейсің деп ойлаймын. Қазір Астанада «Казконтент» АҚ-да El.kz дейтін жастарға арналған жоба редакторымын. «ҚазСпорт» арнасында мачтарды жүргізіп, комментаторлық қызметті де алып жүрмін. Өткен жылы жол түсіп, Қызылорда қаласына іссапармен барып, бірнеше ауданын аралап, қаламен де етене танысып қайттық. Қызылорда мүлдем өзгеріп кетіпті. Әрине, жақсы жағына. Қаладағы әртүрлі қызмет көрсету саласы дамып, ойын-сауық орталықтары жұмыс істеп, спорт алаңдары мен кешендері салыныпты. Көшелер дұрысталған, көліктер көбейген, жаңа ғимараттар салынған. Халықтың әлеуметтік көңіл-күйі жақсарып, өмірге деген құлшынысы артыпты. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы облыстың бойына қан жүгіртіп, халықаралық әуежай салыныпты. Логистика, коммуникация, бизнес және туризм... Қала мен аудандар осының бәріне ыңғайланып келеді екен.

Шынымды айтсам, елге оралып, жаныма жақын қызмет табылса Қызылорда қаласында тұруды да ойладым. Адам қай қалада, қай өңірде жүрсе де елге қызмет етсе, қай салада болмасын кәсіби еңбек атқарса, сол ортада бақытты болады деп санаймын. Өйткені, адамды бақытты ететін оның амалы, жақсы әдеттері, таза ниеті деп түсінем. Сондықтан, Алматы болсын, Астана болсын, Қызылорда болсын, мен үшін бәрі бірдей. «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» дейді ғой, Қызылордаға бүйрегім бұрып, сағынатыным рас. Астанаға «Қайсар» футбол клубы келсе, мейлінше жібермеуге тырысамын.

Қызылордадан түлеп ұшып, Астанада жақсы қызметте жүрген жерлестер де өте көп. Марқайып та қаласың. Қысқасы, қазақтың астанасы болған барлық қалаларда тұрыппын. Қызылорда – балалығымның астанасы, Алматы – жастығымның астанасы, Астана – баршамыздың мәңгілік астанамыз!

 

Жандос БАЙДІЛДА,

журналист
БИЛІК 04 шілде 2015 г. 1 472 0