90 ЖЕР ТЕЛІМІ ҚАЙТАРЫЛЫП АЛЫНДЫ

62

0

«Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орта­лығында облыстық жер қатынастары басқармасы басшы­сының орынбасары Қанат Нұрманов БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Жиында Елбасының «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты бес институттық реформасы сөз болды. Сонымен
қатар, Қанат Нұрманов облыстық жер ресурстары жайлы баяндама жасады.

 

Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам баршаға арналған
қазіргі заманғы мемлекет» атты бес институттық реформасының III бөлімі
«Индустрияландыру және экономикалық өсімді» қамтиды. Сондай-ақ, 35 және 36 қадамында
Жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгерту рәсімдерін жеңілдету мен ауыл
шаруашылығына тиісті жерлерді тиімді пайдалану, оларды нарықтық айналымға
енгізу жайында айтылады. 36 қадамында ауыл шаруашылығына қарасты жерлерге
мониторинг жүргізу және бақылау шараларына өзгерістер енгізу нормасын алып
тастау көзделген. Сонымен қатар, пайдаланымда жоқ жерлерді айналымға енгізіп,
оған қоса ҚРҰЭМ мен ауыл шаруашылығына қарасты жерлерді жеке меншікке тиімді
бағамен 10 жылға бөліп төлеу арқылы беру мүмкіндігі қарастырылған.

2011-2014 жылдары жүргізілген мониторинг жұмыстарына сүйенсек, ауыл
шаруашылығына қарасты 311,2 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталған.
Сондай-ақ, оның 70 пайызы мемлекетке қайтарылып, 2,9 мың гектары жер
иеленушілерге қайта пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 90,6 мың гектар жерді
заң аясында мемлекетке қайтару бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Аймағымызда
соңғы 3 жыл ішінде егіс алқабына тиісті жер көлемі 2,8 мың гектарға, жайылымдық
жерлердің көлемі 73,3 мың гектарға артып отыр. Пайдаланылмай отырған жерлердің
басым бөлігі Қазалы (68 мың га), Жаңақорған (38,2 мың га), Шиелі (9,1 мың га)
және Сырдария (8,9 мың га) аудандарының үлесінде.

Облысымыздағы жеке тұрғын үй құрылысын бастау үшін берілген жер
учаскелеріне түгендеу жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып,
2005-2010 жылдар аралығында табысталған 16425 жер учаскесіне мониторинг
жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 2103 жер учаскесінің пайдаланылмай тұрғаны
анықталды. Сондай-ақ, 1731 азаматқа жерді нысаналы мақсаты бойынша пайдалану
қажеттілігі жөнінде ескертулер жасалып, 2 тұлғаға 32620 теңге көлемінде айыппұл
салынды. Ескерту жасалған 1731 азаматтың 943-і жер учаскелерінде тұрғын үй
құрылысын бас­тап, 614 жер учаскесінің заң аясында мәміле жасау арқылы басқа
тұлғаларға өткені анықталды. Ал жер учаскесін мүлдем пайдаланбай отырған 151
тұлғаның жерін мемлекетке қайтару мақсатында басқарма тарапынан құжаттар
жинақталып, сот органдарына жолданды. Нәтижесінде 90 жер теліміне басқарма
тарапынан жасалған арыз-шағымды сот органдары қанағаттандырды. Ал 61 жер
учаскесі иесінің үстінен қозғалған арыз-шағым әлі де қаралып жатыр.

Мамандар облысымыздағы 7 санаттан тұратын жер қоры тиімді пайдаланылса
екен дейді. Алдағы уақытта әлі де мониторинг жұмыстары жүргізіліп, пайдаланылмай
жатқан жерлер мемлекетке немесе басқа пайдаланушы жеке тұлғаларға өтетін
болады.

 

Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз