«АҚБҰЛАҚ» АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН АШАДЫ

58

0

ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысына берілген жерлерді және ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген алқаптарын түгендеу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Селекторлық режимде өткен мәжілісте ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы 7004 шаруашылық субъектілерінде 3100,6 мың га пайдаланылмаған жерлер анықталып, оның 400 мың гектары егістік жерлер екені анықталған. 
–Ағымдағы жылдың нәтижелері бойынша түрлі шаралар жүргізілді. Біріншіден, келіссөздер мен ескерту шараларының қорытындысы бойынша 3064 субъектілерде көлемі 762,5 мың га жерді пайдалануға кірісті. Екіншіден, 1098 шаруашылық субъектілерде бір жақты тәртіппен көлемі 317,4 мың га жерді жалдау шарттары бұзылып, олар мемлекеттік жер қорына қайтарылады. Үшіншіден, пайдаланылмайтын 476,4 мың га жер иесіз мүлік ретінде есепке алынды. Сонымен қатар, пайдаланылмайтын учаскелердің иелеріне әкімшілік тәртіппен жалпы сомасы 4 млн. теңгенің үстінде айыппұл салынды, –деді Болат Жәмішев.  Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер телімдерінің жалпы көлемі 379 мың учаскені құраған. Оның ішінде 305 мың учаске түгендеуден өтті. 2012 жылы жүргізілген түгендеудің нәтижесі бойынша жеке тұрғын үй құрылысына ұсынылған жер телімдерінің ішінен 44031 пайдаланылмаған жер учаскесі анықталған. Министрдің айтуына қарағанда, өңірлік жоспар бойынша барлық жұмыс кешенін толық аяқтауға 53 әкімшілік аудан мен 6 қала және 80 ауылдық округ қамтылған. Жыл соңына дейін түгендеу шарасы қорытындыланып, заңмен белгіленген тәртіпте тиісті шаралар келесі жылы қабылданады деп күтілуде. 
Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе «Ақбұлақ» бағдарламасын іске асыру барысы туралы өрбіді. Бұл мәселеге қатысты баяндама жасаған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев республика бойынша әлі күнге дейін 153 ауыл тасымалданатын суды пайдаланып отырғанын мәлімдеді. Жалпы, орталықтандырылған сумен жабдықтау 45 пайызға жетіп отыр.
– Бүгінгі таңда ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды және су бұруды талдауда жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүйелі тәсілдің жоқтығын көрсетіп отыр. Сонымен бірге, әкімдіктерде сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне қолжетімділік бойынша дұрыс ақпарат, нақты есеп жоқ екенін атап айту керек. Бағдарламаның орталықтандырылған сумен жабдықтау және бұру жөніндегі жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін ауылдық елді мекендерге жыл сайын 329 жаңа құрылыс жобасын, ал су бұру бойынша 137 жаңа құрылыс жобасын іске асыру қажет. Алайда, өңірлер 2014 жылға барлығы 89 жаңа құрылыс жобасын ұсынды. Соның ішінде 68 жобаға қолдау көрсетілді. Мысалы, жыл сайын 44 жобаны іске асыру қажет болса, Павлодар облысы келер жылға бірде-бір жаңа құрылыс жобасына өтінім  берген жоқ. Өзге облыстарда да осындай жағдай қалыптасып отыр, – дей келе министр мәселенің нақты үш себебіне тоқталды. «Біріншіден, жерасты су қорларын қайта бағалау, барлау және растау жөніндегі кестеден артта қалу, екіншіден, топтық магистральдық су құбырларын салу және қайта жаңғырту мерзімдерінің ұзаққа созылуы және жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаржылық қаражатты жеткіліксіз бөлу»,–деп атап өтті.
Баяндамашының сөзінен кейін «Ақбұлақ» бағдарламасының аймақтарда жүзеге асырылуына көңілі толмайтынын білдірген Үкімет басшысы, алдағы уақыттарда елімізде су бағасының рет-ретімен көтерілетінін жеткізді. «Бұл, әрине, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің қатаң бақылауымен жүзеге асырылуы тиіс. Осылайша біз ауыз су мәселесінің шешілу жолдарын жетілдіретін боламыз. Ал, тарифті жоғарылату бізге екінші деңгейлі банктерден аталған саланың дамуына инвестиция тартуға мол мүмкіндік береді»,–деді Серік Ахметов.
Үкімет отырысында Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов пен Атырау облысының әкімі Қосман Айтмұхамбетовтың жұмыстары тыңдалды. 
Мәжілісте сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңір халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардан қысқаша хабардар етті. Республикалық бюджет қаражаты есебінен жоспарланған инвестициялық жобалар тізіміне 13 жобаның енгізілгенін айтты. Жалпы,  жобалар болғанымен, оны жүзеге асыру үшін қаржының жетіспеуі қолбайлау болып отырғанын жеткізді. Бұл ретте Үкіметтің ықпал етуін сұрады. Сонымен қатар, елді мекендерді кезең-кезеңімен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудегі жұмыстар жалғасын табатынын айтты.
Мәжіліс соңында Премьер-министр тиісті ведомство басшыларына атқарушы билік өкілдерін орынсыз анда-мұнда сілтеп, «допша домалатуды» доғару керектігін ескерте келе,  қаралған мәселелер бойынша тапсырмалар берді. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз