АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ АЛДЫНДА ауқымды МІНДЕТТЕР тұр

48

0

Сыр елінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, ҚР Ұлттық экономика министрлігі және
Қы­зыл­орда облысы әкімдігінің қолдауымен «Эко­номикалық, әлеуметтік және қор­ша­ған
ортаны қорғауда инновациялық тәсіл­дерді енгізу арқылы Қызылорда облысы
тұрғындарының, оның ішінде осал топтар өкілдерінің әл-ауқаты мен өмір сапасын
жақ­сар­ту» бірлескен бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Кеше облыстық
әкім­дікте аталмыш бағдарлама аясында «Қазақ­стан Республикасындағы жергілікті
өзін-өзі басқарудың экономикалық негіздері” тақырыбында семинар-кеңес
өткізілді.

 

Облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова семинар-кеңестің негізгі
мақсаты 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту
тұжырымдамасының негізгі ережелерін ауылдық округ әкімдеріне түсіндіру болып
табылатынын жеткізді. Ол алдағы уақытта әкімдердің рөлін көтеру, сонымен қатар,
Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы жергілікті өзін-өзі
басқаруды дамыту жөніндегі іс-шаралардың орындалуына баса назар аударылатынын
атап өтті.

Семинар-кеңес барысында БҰҰ-ның бірлескен жобасының Қызылорда облысы
бойынша менеджері Баян Егізбаева, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Жергілікті
өзін-өзі басқаруды дамыту басқармасының бас сарапшысы Елена Погарелова,
«Экономикалық зерттеулер, бағалау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының
сарапшысы Шолпан Айтенова күн тәртібінде бекітілген тақырып аясында ойларын
ортаға салды. Олар жергілікті биліктің қолма-қол ақша шоттарын бақылау, кіріс
бөлігін қалыптастыру және қолдау, шот жабу және ашу мәселелері бойынша кеңінен
түсініктеме берді. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту
тұжырымдамасын іске асырудың бірінші кезеңіне шолу, тұрғындардың жергілікті
өзін-өзі басқаруға қатысуын қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды. Семинарға
қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Семинар-кеңеске қатысушылар БҰҰ мен Қызылорда облысы әкімдігі арасындағы
біріккен бағдарламаның аймақтың дамуына лайықты үлес қосатынын атап өтті.

***

Ауылдық округтер әкімдеріне арналған семинар-кеңес түстен кейін де
жалғасын тауып, онда экономикалық мәселелер талқыланды. Семинарды ашқан облыс
әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Марат Делмұханов бүгінгі күні
әлемдік қаржы дағдарысы күшіне мініп тұрғанымен, еліміздегі қоғамдық және саяси
жағдай тұрақты екенін атап өтті. Десе де, дағдарыс салдары ел экономикасына өз
түзетулерін енгізіп жатқаны мәлім. Бюджет шығындары қайта қаралды. Қазақстан
Еуразиялық одаққа мүше болуымен қатар енді ДСҰ-ға мүше болады. Жаңа өзгерістер
жаңа жағдайда жұмыс жүргізуді талап етеді, – деді М.Делмұханов.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле
Құлымбетова өз кезегінде семинарға қатысушыларды облыстың экономикалық
жағдайынан қысқаша хабардар етіп, жүзеге асырылып жатқан жобалармен, аймақтың
инвестициялық ахуалымен таныстырып өтті.

Бұдан соң семинар барысында салық түсімдерінің түсуін қамтамасыз ету,
облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту, бизнесті қолдау мен дамыту, құрылыс
саласындағы заңдылықтарды орындау, жергілікті жол желісін дамыту және басқа да
мәселелер туралы түрлі сала өкілдері хабарламалалар жасап, қатысушылар
тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Семинар соңында қатысушылар облыстық әкімдіктегі ситуациялық орталық
жұмысымен таныс­ты. Бұдан соң Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов атындағы ауылға
жол тартты. Мұнда олар ауылдың тыныс-тіршілігімен, ауыл тұрғындары игілігі үшін
жасалып жатқан жұмыстар мен жақсы жаңалықтар барысымен танысты.

 

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз