АЙМАҚ ДАМУЫ АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫ

182

0

Өткен
сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев
Қармақшы, Жалағаш аудандарында іссапармен болып, аталған аудандардың
әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен танысты. Сапар аясында жексенбі күні
Арал мен Қазалы аудандарында болған аймақ жетекшісі осындағы бірқатар
өндірістік нысандарында болды.

АЙМАҚ ДАМУЫ АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫАймақ басшысы Қырымбек
Көшербаевтың аудандарға жұмыс сапары
Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал ауылынан басталды. Осы күні 11 ұлт пен ұлыстың өкілдері татулық
уызына ұйып, бейбіт қатар ғұмыр кешіп жатқан ауылдық округ орталығында
дәрігерлік амбулатория ашылды. Ауыл тұрғындары осы күнді көптен күткен болатын.
Бұрын аталған медициналық мекеме ауылдық ауруханамен бірге бір ғимараттың
ішінде орналасқан-ды.

АЙМАҚ ДАМУЫ АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫНақты кезеңде бірлігі берік
ауылда 2500-ден астам халық тұрады. Өңірдегі іргелі елді мекеннің
әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы да жақсы. Ауыл әкімі Бақытбек
Байбарақовтың әңгімесінен аңғарғанымыз,
күріш егетін бірнеше ірі шаруа қожалығы бар бұл ауылда уақыт озған сайын
тұрғындардың саны артып келе жатыр. Оның үстіне сырттан қоныс аударып келушілер
де аз емес. Байыптаған жанға бұл ІІІ Интернационалдың өркендеп келе
жатқандығының белгісі.

Ауыл әкімінің айтуынша,
дәрігерлік амбулатория мәселесін шешу үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлініп,
ғимарат құрылысын «Атамекен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп
шығыпты. Жоба құны – 87 млн. 110 мың теңге. Жалпы, өткен жылы облысымызда 30-ға
жуық емдеу мекемелері салынып, ел игілігіне берілген болатын. Оның 14-і дәл
осындай типтік жобамен салынған ауылдық дәрігерлік амбулатория.

Ауданға арнайы жұмыс сапарымен
келген аймақ басшысы жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, емхананың жұмыс
ырғағымен танысты.

Осыдан біршама
уақыт бұрын жұмысын бастаған жаңа емдеу мекемесі тәулігіне 30 келушіні қабылдай
алады. Дәрігерлік амбулатория соңғы үлгідегі қажетті құрал-жабдықтармен түгел
қамтылған. Сондай-ақ, күндізгі емдеу бөлімі де жұмыс істейді. Зертханасы да
өзінде.

Ең бастысы,
ауылдағы ағайынға сапалы қызмет көрсету үшін мұнда бар жағдай жасалған. Бұған
ауыл халқы дән риза. Тұрғындар атынан сөз алған еңбек ардагері Майдан
Түйімбетов пен «Достық Жер» ЖШС басшысы Миляр Арифов осындағы ағайынның
қуанышына ортақтасуға келгендерге алғыстарын білдіріп жатты.

Осы күні Қармақшы ауданы
орталығы – Жосалы кентінде тағы бір қуанышты жағдай болды. Мемлекет басшысының
бастамасымен қолға алынған «Қолжетімді
тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша ұзаған жылдың мәресінде ауданда 26
пәтерді құрайтын 19 үй пайдалануға берілген-ді. Міне, биыл аталған кентте жалпы
аумағы 70 шаршы метрді құрайтын тағы 12 тұрғын үй иелеріне тапсырылып отыр.

Облыс әкімі жаңа қонысқа көшіп
келген тұрғындарды құттықтап, алдағы жылдары мемлекет тарапынан тұрғын үй
құрылысын салуға бөлінетін қаражатты 3 есеге артатынын жеткізді. Айта кетейік,
өткен жылы облысымызда тұрғын үй құрылысын жүргізуге 8,5 млрд теңге бөлінген
еді.

Аталған 12 тұрғын үйді салуға
ел қазынасынан 73 миллион теңге қаржы жұмсалған. Кенттің ескі әуежай
аймағындағы бір көшенің бойынан ірге көтерген жаңа баспана тұрғын үй кезегінде
тұрған жандарға берілді.

Мұнан кейін облыс әкімі
Жалағаш ауданына жол тартты. Аймақ басшысы алдымен кент орталығындағы №202
мектепте болып, озық ойлы оқушылар ұйымдастырған «ЭКСПО-2017: Үздік
инновациялық туындылар» тақырыбындағы көрмені тамашалады. Бұл көрмеге ғылымға
жаңалық енгізуге талпынып жүрген оқушылардың туындылары қойылыпты. Елдің
болашағы саналатын өрендердің жұмысына облыс әкімі жоғары бағасын берді.
Мәселен, аудандағы №232 мектептің 11 сынып оқушысы Батыржан Қоныс келешекте күн
көзінен қуат алатын көпсалалы комбайнды өндіріске енгізуді армандайды. Ол өзі
ашқан жаңалықтың елдің ауыл шаруашылығы саласына пайда әкелетініне сенімді. Ал
№202 мектептің 9 сынып оқушысы Нұртілеу Жолаушы электрлі күбі жасап шыққан. Ол
бұл жаңалықты анасының күбіге айран шайқап, май пісу жұмысын жеңілдету үшін
жасадым деп отыр. «Жоба іске асып жатса, еңбек өнімділігі артады,” – дейді озық
ойлы талапкер.

Айта кетерлігі, осы №202
мектепте арнайы су тазалағыш мембранды қондырғылар орнатылыпты. Осы жерде таза
ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған компания өкілдерімен кездесіп, жаңа
құрылғының жұмысын көрген облыс әкімі алдағы уақытта мұндай жабдықтарды
әлеуметтік нысандарға орнату ісіне басымдық берілетінін атап өтті.

Ал
облысымыздағы әлеуметтік ны­сандарға мембранды қондырғылар орнату ісін
«ҚазРосИнновация» ЖШС жүзеге асыруда. Серіктестік басшысы А.Ермекбаев осындай
қондырғыларды алдағы уақытта барлық аудандар мен шалғайдағы ауылдардағы
әлеуметтік нысандарға орнатуды жоспарлап отырғанын айтты.

Аймақ басшысы
Қ.Көшербаев Жалағаш кентінде 3 жылдан бері салынып жатқан аудандық емхана
құрылысымен де танысты. Мердігер мекеме «Достық-Н» серіктестігінің жауапсыздығы салдарынан 2012 жылдың тамызында
басталған нысанның құрылысы тоқтап тұр. Тиісті қаржысы дер кезінде бөлініп,
игерілген. Сондықтан облыс әкімі мердігерге 3 ай мерзімде ғимаратты бітіріп,
пайдалануға беруді тапсырды.

***

АЙМАҚ ДАМУЫ АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫОблыс әкімі
Қ.Көшербаевтың солтүстік аудандардағы сапары теңіз аттас шаһар іргесіндегі
Жақсықылыш кентінен басталды. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігін жұмыспен
қамтып отырған «Аралтұз» АҚ-на арнайы ат басын бұрған аймақ басшысының назарына
жуырда пайдалануға берілген қалталау цехының жұмысы ұсынылды.

Тұз қазу мен
оны өңдеу бойынша еліміздегі ең ірі кәсіпорынның 90 жылдық тарихы бар. Нақты
кезеңде зауытта соңғы үлгідегі құрылғылар жұмыс істеп тұр. Бүгінде тұзды
тасымалдауға арналған тепловоз да күрделі жөндеуден өткізіліп, шикізатты
жеткізудегі қиындықтар жойылған. Сондай-ақ, қосымша екі цех іске қосылыпты. Ал
жаңа жабдықтардың барлығы Испаниядан әкелінді. Қазір зауытта 800-ге жуық адам
жұмыс істейді. Цехтың ашылуы тағы 60 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға
мүмкіндік беріп отыр. Биыл жоспар бойынша 300 мың тоннаға дейін тұз өндіру
көзделуде.

– Бұл жерде
тұз ашық түрде өндіріледі. Былтыр 250 мың тонна тұз қазылды. Біз өз өнімімізді
Ресейге шығарылуда. Қазіргі күні Еуропа елдерімен қоса Біріккен Араб
Әмірлігімен де келіссөздер жүргізіліп жатыр, – дейді «Аралтұз» АҚ президенті
Айдынбек Тауасар.

Мұнан соң
облыс әкімі Арал қаласындағы №71 мектеп-интернатына ат басын бұрды. Әбден тозығы жеткен ескі нысан бүгінде
апаттық жағдайда тұр. 1954 жылы іргетасы қаланған білім ошағында нақты кезеңде
157 бала білім алса, 50-і интернатта жатып оқиды. Мектепте 34 адам жұмыс
істейді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ошағында спорт зал мен акт зал мүлдем
жоқ. Жағдаймен танысқан облыс әкімі жаңа ғимарат мәселесі көп күттірмей
шешілетінін жеткізді.

Аймақ
басшысының жұмыс сапары жексенбіде Қазалы ауданында жалғасты. Алдымен осындағы
«Қазалы-Теміржол» мекемесінің жұмысы назарға ұсынылды. Мұндағы бу қазандықтарын
газға бейімдеу жұмыстары басталыпты. 2014 жылы орталықтандырылған жылу кеңейту
жобасы бойынша 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, игерілген. Енді, осы
жылдың ортасында аудан орталығына батыстың газы келеді. Аталған орталықты толық
көгілдір отынға көшірумен қатар, 22 шақырым болатын жылу құбырының желісі мен 5
жылу тарату пункттерін күрделі жөндеуге қаражат қажет. Жоба жасалған кезде бұл
мәселе ескерілетін болады.

АЙМАҚ ДАМУЫ АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫОсындай
жөндеуді қажет ететін нысанның бірі – Әйтеке би кентіндегі №216 мектеп. Қ.Сәтбаев
атындағы бұл білім ұясы қазіргі заман талабына сай емес. Облыс әкімі тиісті
сала басшыларына осы мәселе бойынша ұсыныс беруді тапсырды.

Мұнан соң
облыс әкімі Қазалы көлік-техникалық колледжінде болды. Заманауи жаңа
құрал-жабдықтармен қамтылған оқу орнында бүгінгі таңда 11 мамандық бойынша 752
студент білім алуда. Оқытушылардың да жаңа технологияны игерулеріне жағдай
жасалған. Еуропаның қайта құру және даму банкімен келісім негізінде мұғалімдері
шетелдерде біліктіліктерін арттыруда. Облыс әкімі колледж оқушыларымен
кездесуде техникалық мамандыққа деген сұраныстың жоғары екенін айтып, білікті
маман болып шығуларына тілектес екенін жеткізді.

Аймақ басшысы
Қ.Көшербаев жұмыс сапары барысында жоғарыда аталған аудан әкімдерінің есеп беру
жиындарына да қатысты.

 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз