БІРЛЕСКЕН ТІРЛІКТЕ БЕРЕКЕ БАР

92

0

БІРЛЕСКЕН ТІРЛІКТЕ БЕРЕКЕ БАРКеше  облыс әкімі Қырымбек Көшербаев оңтүстіктегі қос аудан – Жаңақорған мен Шиеліні аралады. Көптеген  әлеуметтік нысандарда болған облыс басшысы жергілікті тұрғындармен жүздесіп, оларға Елбасының халыққа Жолдауының мәнін тереңірек түсіндірді. Облыстың өсіп-өркендеуі алдымен халықтың жұмыла еңбек етіп, ауызбірлікте тіршілік етуінде екендігіне тоқталды.

Төрімізге енген жаңа Жылқы жылының басты жаңалығы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа дәстүрлі Жолдауының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» аталынып, мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын белгілеп бергендігі еді.
Ендігі басты мақсат Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы болмақ. Бұл туралы Президент: «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті» деп атап көрсетті. Осындай ұзақмерзімді жоспар мен тұрақты экономикалық өсу барысын, сонымен қатар, аймағымыздағы жұртшылықты толғандырар мәселелерді облыстың бірінші басшысынан естудің жөні бөлек.
Аймақ басшысы әуелі Жаңақорған ауданындағы кезінде белді шаруашылықтардың бірі болған, бұл күндері де ұжымдасып тіршілік етудің өзіндік үлгісін қалыптастырған Түгіскен ауылына аялдады. Аққорған ауылдық округі аталынатын бұл елді мекенде қазіргі күннің өзінде 700-ге тарта отбасы, төрт жарым мың халық тұрады. Экономикалық белсенді халық саны 2 мыңнан асатын ауыл негізінен ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Біршамасы бюджеттік мекемелер мен вахталық орындарда еңбек етеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған орта және шағын кәсіпкерлікті өрістеткен жандардың да қатары молшылық. Мұнда 2 орта мектеп, 1 спорт мектебі, 1 дәрігерлік емхана, 4 балабақша, оншақты қызмет көрсету орындары бар. Ауыл халқының тағы бір қуанатындығы, жуырда ғана ауыл орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Әнуар Әбутәліповтің атындағы орта мектеп 600 орындық жаңа ғимаратқа көшті. Мұнда қазір ауыл балалары бір ауысымда білім алып, кең де жарық кабинеттерде дәріс алып жатқан жайы бар. 
Білім ордасында соңғы он жылдан бері директорлық қызмет атқарып келе жатқан Ермағанбет Құлымбетовтің де қуанышында шек жоқ. Аталмыш құрылысты мерзімінде бітіріп, тарту еткен «SКS инжениринг» ЖШС басшыларына, ауыл әкімі Сардар Садықов та тұрғындар атынан ризашылықтарын білдірді. 
Облыс әкімі жаңа білім ордасының ғимаратын аралап, ондағы жабдықтардың сапалылығы мен оқу процесін өткізу барысында ұстаздар қауымының жаңа технологияларды тиімді пайдалануына назар аударды. Сондай-ақ, әкім спорт залында жеткіншектердің дене шынықтырумен қалай шұғылданатындығына да зер салды және көркемөнерпаздар ансамблінің өнерін тамашалады.
Рухани құндылық пен өнерге біртабан жақын Қырымбек Елеуұлы өнерге ден қойған жастарға арнап: «Туған елді, туған жерді құрметтей білу – қасиетті парыз. Гүл де топырағынан, тамырынан нәр алады, сол арқылы жайқалып өседі, құлпырады. Сол секілді өзінің туған мекенін сүйе білген адам да оның жапырағының жайқалғанын қалайды, сол үшін еңбек етеді. Бүгінгі күні сіздердің өз Отандарыңызға деген сүйіспеншіліктеріңіз бен құрметтеріңізді көріп, ести тұрып марқайған жайым бар. Президентіміз өзінің биылғы Жолдауын жариялау барысында «қадірлі халқым» деп тебірене үн қатты. Бұл сіздер мен біздерге деген үлкен сенімі, ішкі сырын жүрегімен білдіруі. «Көптеген болжамдар бойынша алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін мүмкіндіктер көзі болмақ. Біз оны тиімді пайдалана білуіміз керек» деп үлкен сеніммен айтты. Оның орындалу жолында, әрине, әрқайсысымыздың табанды еңбегіміз бен ізденісіміз қажет», деді.
Түгіскенде ауыл ақсақалдарымен де үйлесімді әңгіме өтті. Е.Төреқожаев бастаған ел ағалары облыс басшысына ақ баталарын беріп, ізгі ниеттерін жеткізді.  
Қызылорда облысында 263 елді мекен болса, елдің өскендігіне және де қазіргі талап тұрғысына сай оның әрқайсысында жылма-жыл  әртүрлі мәселелер туындап отырады. Әрине, оның барлығын бір мезгілде шешуге уақыт пен қаржы көзі керек. Сондықтан әуелгі кезекте облыстағы 43 ауылды тірек ауылдар ретінде қарастыруға шешім қабылданды. Солардың бірі Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылы.  Тау бөктеріндегі бұл ауылда нақты кезеңде екі мыңдай адам тұрады. Соңғы кездері елді мекеннің әлеуметтік жағдайы едәуір көтерілгендігі аңғарылады. Ата кәсіп мал шаруашылығымен шұғылданатындар қатары мол. Тағы бір қуаныштысы, соңғы бірер жыл барысында мешіт бой көтеріп, балабақшалар қатарға қосылса, міне, жуырда ғана жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Бұл құрылысты «Дарын-Ж» ЖШС тез арада пайдалануға беріп отыр. Онда ауыл балалары бір апта көлемінде білім ала бастады. Облыс басшысы ауыл мектебінің ғимаратын аралап көріп, ондағы жағдаймен танысты.
БІРЛЕСКЕН ТІРЛІКТЕ БЕРЕКЕ БАРОсы сапары кезінде облыс басшысы тоқсан жастың төріндегі Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаеваның отбасында болды. Жаңа басталған жылмен құттықтап, денсаулық тілеп, немере-шөберелерінің қызығына бөлене беруге тілектестігін білдірді. Осы жерде әкіммен бірге жүрген Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев те ауыл тұрғындарымен сұхбаттасып, даңқты еңбек майталманымен кездесті. Алдына ақ жол салған апасының батасын алды, еліне елеулі еңбек сіңірген қажырлы жандардың бұл өнегесі көпке үлгі боларлық. 
Қырымбек Көшербаев осы сапарында Шиелі кентіндегі даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев атындағы мұражайда болды. Дала академигі атанған атамыздың бюсіне гүл шоқтарын қойып, ауыл адамдарымен жүздесті. Ауыл тұрғындарының Мемлекет басшысының Жолдауымен қанаттанып, ауызбірлікте, жаңаша іс-қимыл үстінде екендігіне көз жеткізді. Олардың сауалдарына да дәйекті жауап берді.
Жаңақорған және Шиелі аудандарының актив жиынында аймақ басшысы тарихи құжаттағы басым бағыттарды кең көлемде тарата әңгімеледі. Осы мақсатта түйінді ойларымен бөлісті. Сыр өңірінің өткен жылдың қорытындысы бойынша, экономикалық-әлеуметтік саладағы қол жеткен жетістіктеріне тоқталды. Әкім актив жиындарында мұнай-газ саласының жаңа орындарын барлау, оңтүстік аудандарда металлургия мен уран өндірісін дамыту. «Шалқия» кенішін қайта іске қосу, шыны зауытының құрылысын салу, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау мен өрістетудің тың қадамдарын арқау етті. Сондай-ақ, байырғы дақыл – күрішті жаңа технологиямен өсіріп, сапасын арттыру және де саланы әртараптандыру сөз болды. 
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, үлкен ауқымды шараларды қамтыған облыс әкімінің бұл сапары мәнді де  мағыналы, мазмұнды болып, аудан тұрғындары зор қанағаттанғандық сезіммен қабылдады. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда оңтүстік өңірі жұмыла еңбек ететін болады.
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған, 
Шиелі аудандары. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз