БЮДЖЕТТІК БОЛЖАМ АСЫРА ОРЫНДАЛДЫ

66

0

«Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар
орталығында кезекті брифинг болып өтті. Онда Қызылорда облысы бойынша кірістер
департаментінің басшысы Серік Мұстафаев БАҚ өкілдеріне 2015 жылдың 1-тоқсанында
атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, үстіміздегі жылға қойылған басым
мақсаттармен таныстырды.
 
Департамент
басшысы атап өткеніндей, 1-тоқсанға мемлекеттік бюджеттің болжамы 15,05 млрд.
теңге болып белгіленсе, түсім 17,5 млрд теңгені құрады. Демек, болжам 116,8
пайызға орындалып, 2,5 млрд теңгенің артық түсуі қамтамасыз етілген. Оның
ішінде республикалық бюджет 102 пайызға, ал жергілікті бюджет 133,2 пайызға
орындалып отыр. Облыс бойынша барлық мемлекеттік кіріс басқармалары жергілікті
бюджет бойынша белгіленген болжамды орындап шықты. Жалпы осы есепті кезеңде
шоғырландырылған бюджетке салықтар мен төлемдер жиынтығы 55,1 млрд теңге
түскен. С.Мұстафаев есепті кезеңде барлығы 41 кешенді және тақырыптық
тексерулер нәтижесімен бюджетке 6,8 млрд теңге көлемінде қосымша салықтар мен
төлемдер есептелгенін жеткізді. Оның ішінде салықтар мен төлемдер сомасы 4,9
млрд теңге болса, өсімпұлдар сомасы 1,9 млрд теңгені құрап отыр. Бүгінгі күнге
дейін бюджетке өндірілгені 653 мың теңге, ал қалған сомалардың төлену
мерзімдері белгіленген.
Брифингте 2015
жылдың 1-тоқсанында барлығы 95 лицензия беріліп, бюджетке  16,4 млн теңге лицензиялық алым түскені
туралы мәлімет берілді. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 69 лицензия артық
түскенін көрсетеді. Салық кодексіне енген өзгеріске сәйкес, алкоголь өнімін
сатушыларға жыл сайын лицензиялық алым төлеу жүктелген. Нәтижесінде, ағымдағы
жылдың басынан 149,1 млн теңге лицензиялық алым төленді. Қазіргі таңда
лицензиясы бола тұра жылдық лицензиялық алым төлемеген 30 төлеуші анықталып
отыр. Оның ішінде аудандар бойынша – 11, қала бойынша 19 төлеуші бар. Бұл
жөнінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Наурыз айында алкоголь өнімдерін  сақтау және сату заңдылықтарына жүргізілген
тексеру нәтижесімен 117 тексеру актісі жасақталып, 4828 шөлмек алкоголь
өнімдері тәркіленді.  Оның ішінде
лицензиясыз сатқаны үшін – 72, ілеспе құжатсыз сатқаны үшін – 41, күмәнді
есептік бақылау маркасы үшін 4 акті жасақталған.
Департаменттің
Экономикалық тергеу қызметі экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық
бұзушыларды ашу мен тергеу, болдырмау, алдын алу бойынша жұмыстарды ұдайы
жүргізіп келеді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында экономика саласында 68
қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 11 қылмыстық іс сотқа
жолданып, мемлекетке келтірілген 360 млн теңге залал өндірілді. 558,5 мың
теңгенің мүлкі тәркіленген. Жедел іздестіру нәтижесінде жалған кәсіпкерліктің
12 фактісі анықталып отыр. Департамент басшысы бүгінгі күні мұнай экспорты
төмендегенмен, бұрын ескерілмеген салық көздері есебінен бюджетке түсетін салық
көлемін кемітпеу бағытында нәтижелі жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеді.
 
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз