Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметтік әдеп нормаларын сақтауда маңызы зор

72

0

Уақыт өзгеріп, қоғам жанарған сәтте жаңа заманның талаптарына бейімделу кез келген маман иесіне жауапкершілік жүгін жүктейді. Бұл әсіресе мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына тер төгетін мемлекеттік қызметшілерге қойылар талапты екі еселейді.
Еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру міндетін мақсат тұтқан «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін білікті де білімді әрі түрлі қиыншылықтар мен жүктемелерге төтеп бере алатын, адал да әділ қызмет атқаратын кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың тиімділігі мол. Әрине, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруда мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерін жетілдіру арқылы білікті де білімді азаматтарды қабылдау, мемлекеттік қызметшілердің мерократия қағидаттары негізінде, өз еңбегіне сай мансаптық өсу мүмкіндігімен қатар олардың моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоятын Жаңа этикалық ережелерді қабылдауды қажет етті.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында қызмет этикасына қатысты талаптар айтарлықтай күшейтіле түсті. Ең алдымен, мемлекеттік қызметшілермен әдеп нормаларын сақтау бойынша талаптар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық мен өз қызметінде мүдделер қақтығысын болдырмау заң дәрежесіне көтерілді.
Бұл ретте Мемлекет Басшысының 2015 жылдың 29 желтоқсанындағы Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің іскерлік қасиеттері мен қызметтік әдебін айқындайтын Әдеп кодексі енгізілгені белгілі. Қолданысқа енген кодекспен бірге жаңадан Әдеп жөніндегі уәкіл институты құрылды. Мемлекеттік қызметші қай кезде моральдық-этикалық талаптарды сақтауға міндетті. Алайда, бүгінде мемлекеттік қызметшілердің қызмет аясында түрлі кедергілер мен ұжым арасында түсінбеушіліктері көрініс алады. Бұл ретте ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруда Әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің рөлі зор. Ол мемлекеттік қызметшілердің қызмет барысында туындайтын түсінбеушіліктер мен кедергілерін, мүддеделер қақтығыстарын шешіп, заң аясында көмек беріп, ұжымдық ортаны дұрыс қалыптастыруға күш салуы керек.
Жауапты қызметтерді өз деңгейінде атқара білген уәкіл мемлекеттік қызмет саласының оң имиджде дамуына, мемлекеттік қызметшілердің беделінің артуына үлес қоса алады. Тұтастай алғанда Әдеп жөніндегі уәкіл функциясын атқаратын қызметші мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Әдеп кодексі бұзушылықтарының профилактикасы бағытында жұмыстар жүргізеді.
Сол себепті Әдеп жөніндегі уәкіл қызметіне тәжірибесі мол, іскерлік, адамдармен тіл табысу қабілеті жоғары, қоғамдық ортада өзін ұстай білетін, қоғаммен байланыс жасап, жан-жақты мәселелерді реттей білетін тұлғаны сайлайды. Бұған қоса әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметші мен азаматтарға консультациялық қызметтерді атқарады. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарап, екі тарапты бір байламға әкеліп, ортақ шешім ұсынуы керек. Ең бастысы, мемлекеттік қызметшілердің заңды құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғауға және өзге де шараларды қабылдауға міндетті. Демек, әдеп жөніндегі уәкіл өзіне жүктелген міндеттерді толық әрі нәтижелі жүргізе білсе мемлекеттік қызмет саласының оң бағытта дамуына серпін береді.
2017 жылғы 1 маусымдағы енгізілген өзгерістерге сәйкес орталық мемлекеттік органдарда және облыс, республикалық маңызы бар қала, Астана әкімдерінің аппараттарында Әдеп жөніндегі уәкіл дербес лауазымы ретінде бекітілсе, Министрліктер мен оның ведомстволардың аумақтықтық департаменттерінде және облыстық маңызы бар қалалар, аудандар әкімдерінің аппараттарында әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары осы мемлекеттік органдардың қызметшілеріне жүктеледі. Осы орайда, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері аппараттарында, облыстық тексеру комиссиясында және аумақтық департамент, инспекцияларда барлығы 29 тұлғаға Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары жүктелді. Оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде Әдеп жөніндегі уәкіл міндеті ұжымның ұсынысымен өзіме жүктелді.
Департаменттің Әдеп жөніндегі уәкілі ретінде мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларын және Әдеп кодексі талаптарын түсіндіру мақсатында мемлекеттік қызметшілермен, тұрғындармен кездесулер, семинар-дәрістер, жеке қабылдаулар өткізілуде.
Бүгінгі күнге дейін 15 кездесу, 20 семинар, 7 жеке қабылдау өткізіліп, 30-дан астам азаматтарға консультативтік көмек көрсетілді, түйткілді мәселелері оң шешімін тапты. Сондай-ақ, Департаменттің ұжымындағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша сауалнама ұйымдастырылып, талдау жүргізілуде.
Жалпылай айтқанда, Елбасы Жарлығымен бекітілген, мемлекеттік қызмет саласының дамуына оң әсер беретін Әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары. Сеніп тапсырылған қызметті абыройлы орындау әр уәкілдің жұмыс жасау принципіне байланысты. Демек, қызметтің сапасы атқарылған жұмыстың нәтижесімен өлшенбек.
Берікбол Ұзақұлы Байхожаев.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Департаменттің Әдеп жөніндегі уәкілі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз