Елбасы «Жас Отан» жастар қанатының IV съезіне өз құттықтауын жолдады

23

0

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» жастар қанатының IV съезіне өз құттықтауын жолдады. Оны съезд делегаттарына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді.
«Жас Отан» – елін, жерін сүйетін, өз болашағын Қазақстанның кемел келешегімен байланыстыратын мыңдаған білімді де, белсенді жастардың бастарын біріктіретін, менің барлық бастамаларым мен стратегиялық жоспарларымның сенімді тірегі болып келе жатқан беделді ұйым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де ең басты назарында болып, бұл салада көптеген бағдарламалар жүзеге асты. Мен осынау еңбектің жемісі мен қамқорлықтың жылуын жастардың жақсы білетініне кәміл сенемін. Қазір бүкіл әлем ауқымды өзгерістерді бастан кешіруде. Төрткүл дүние төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Біз ұзақ мерзімді мақсаттарымызға қол жеткізу үшін осындай қарқынды өзгерістерді де пайдамызға сәтті жүзеге асыруымыз қажет. Сол үшін біз Қазақстанда саяси-экономикалық, рухани және әлеуметтік жаңғыруларды қолға алдық», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламаcына ерекше тоқталған. Себебі бұл бағдарламалық мақалада ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы айтылып, таяу жылдарда қолға алуды қажет ететін міндеттерге ерекше назар аударылды. Оның ішінде латын әліпбиіне көшу, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, үш тілде білім беру сияқты мақсаттар бар. Ал «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауда жаңа заман талаптарына бейімделу мен жоғары жетістіктерге жетудің жолдары көрсетілді. Бес әлеуметтік бастама да біраз мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. «Осының барлығында мен жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп, соған басымдық бердім. Өйткені сендер – еліміздің ертеңі ғана емес, мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар. Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерді үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып-білуге, ең бастысы, әрқайсыңды өз салаларында әлемнің ең озық мамандарымен иық тірестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын. Сендер ата-бабаларымызға арман болған, біздің буынымыз қалаған Тәуелсіздікті баянды етіп, біздің жеңісті жолымызбен жасампаз дәстүрімізді лайық жалғастыруға тиістісіңдер. «Жаңа әлемге жол саламыз» деген съездің атауы да жастарымыздың жаңашылдыққа деген ұмтылысын аңғартып, көңілге қуаныш ұялатады. Мен сендердің тың бастамаларыңды әрқашан қолдаймын. Ендеше жаңа әлемге салған жолдарыңыз әрдайым ашық әрі даңғыл болсын!».
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз