ЕЛГЕ ЕРЕКШЕ ҚУАТ БЕРГЕН ҚҰЖАТ

90

0

ЕЛГЕ ЕРЕКШЕ ҚУАТ БЕРГЕН ҚҰЖАТАймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың солтүстік аудандардағы жұмыс сапары сенбі күні Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданында жалғасты. Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатымен ұйымдастырылған бұл сапарда облыс әкімімен бірге Қазақстанның Еңбек Ерлері Юрий Пя және Абзал Ералиев болып, аудан активімен кездесті.

Қ.Көшербаев бастаған мәртебелі меймандар Байқоңыр қаласынан соң Ақай ауылындағы мәдениет үйінде Төретам кенті және Ақай ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Кездесуді ашқан облыс әкімі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен 3 қазақстандық Еңбек Ері атағын алғанын, оның 2-уі Абзал Ералиев пен Юрий Пя біздің жерлестеріміз екендігін қуанышпен атап өтті. Сапар барысында қармақшылықтар жерлес батырларының лебіздерін ыстық ықыласпен тыңдап, ерекше құрметтерін танытып жатты.
ЕЛГЕ ЕРЕКШЕ ҚУАТ БЕРГЕН ҚҰЖАТКездесуде биылғы  «Қазақстан жолы– 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауы талқыланып, Қазақстанның Еңбек Ерлері жерлестеріне жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Жиын соңында өткен жылды қорытындылаған аймақ жетекшісі өңірде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар мен қолға алынған ірі жобалар туралы айтып берді. 
Тұрғындардың айтуынша, ғарышты қаланың іргесінде орын тепкен елді мекендерде соңғы жылдары бірқатар әлеуметтік нысандар салынып, ұзақ жылдардан бері қордаланып қалған түйткілді мәселер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді екен. «Ауылдағы халық саны өскен сайын әлеуметтік нысандар қатарының көбеюі заңдылық,” – дейді ауылдық округтің әкімі Райхан Байшораева. Мәселен, биылдың өзінде 600 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша салынбақшы. Қазір мұнда 1 мектеп, 3 жекеменшіктегі балақша бар. Осы жылы көптен жыр болып келе жатқан ауыз су мәселесі де оңтайлы шешілмек. Ауыз су желісін жаңғыртуға арналған жобаға 393 млн. теңге қаралған. Бұған қоса, мұнда электр желілерін жаңғырту және қосалқы станциялар орнату үшін жобалау құжаттары жасалған. Құны 1,5 млрд. теңгенің жұмыстары алдағы жылы басталады деп күтілуде. 
Ең бастысы, өткен жылы екі ел Президенттерінің қатысуымен  Екатеринбург қаласында өткен өңіраралық ынтымақтастық форумында Байқоңыр қаласын Ресей тарапымен бірігіп пайдалану туралы келісім жасалды. Ал, жыл соңында Мәскеуде осы  «Жол картасын” бірлесіп жүзеге асыру туралы құжатқа қол қойылды. Бұл – қала іргесіндегі кент пен ауыл Байқоңыр қаласымен бірге дамиды деген сөз.
Сонымен қатар, «Байқоңыр” ғарыш кешенінің «ЭКСПО-2017” бүкіләлемдік көрмесі қатарына қосылғаны мәлім. Бұл бастама  ғарышты қаланы дамытуға ерекше септігін тигізіп,  әлемнің әр түкпірінен келетін туристердің ғарыш айлағына ағылуына жол ашады. Осылайша, болашақта Байқоңыр Қазақстанның туристік брендіне айналатын болады. 
Сапар барысында Қ.Көшербаев бастаған топ ұлы жолдың бойындағы Қорқыт ата мемориалдық ескерткішіне аялдады. Осы жерде облыстың бас имамы Талғат Омаров түркі бір түркі халықтарының ортақ ойшылы Қорқыт бабамызға арнап құран бағыштады. Байқоңыр ғарыш айлағымен бірге бұл нысан да аталған бүкіләлемдік көрме нысандары қатарына ұсынылып отыр.
ЕЛГЕ ЕРЕКШЕ ҚУАТ БЕРГЕН ҚҰЖАТОсы күні Қорқыт баба ескерткішінің жанынан салынған «Зиярат ету орталығының” ашылу салтанаты өтті. Шара театрландырылған қойылыммен ашылып, әнші Гүлнұр Оразымбетованың «Қорқыт-Қобыз» әнімен өрілді. Шарада сөз алған Қ.Көшербаев Қорқыт ата ескерткішіне алдағы көктемнен бастап белгілі сәулетші Бек Ибраевтың жетекшілігімен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін, мұның Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта мұнда түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммиті өтеді деп күтілуде.
Облыс басшысы осы жерде Қызылорда қаласында Жыраулар орталығы салынатынын, оған белгілі жырау Алмас Алматов жетекшілік жасайтынын атап өтті.  Ал, заман талабына сай салынған зиярат ету орталығы осы жерге тәу етуге келген туристерге қызмет көрсететін болады. Өңіріміздегі индустриялық картаға енгізілген жобаның бірі – осы «Қорқыт ата зиярат етушілер орталығы” жобасы еді. Жалпы құны 450 млн. теңгені құрайтын жобаны Мұрат Тілеулиевтің басқаруындағы «Дорстрой” ЖШС жүзеге асырып отыр. Ғарыш айлағындағы ұшырылым сәтін тамашалуға келетін шетелдік және отандық саяхаттаушыларға арналған бұл кешеннің аймағымызда туризм саласын дамытуға үлкен серпін берері анық.
Нақты кезеңде кешен құрылысының 95 пайызы аяқталған. Орталықтағы 300 орындық мейрамхана, қонақ үй, асхана, намазхана және автотұрақ нысандары өткен жылдың соңында мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісімен қабылданыпты. Қазір тұрақты түрде жұмыс жасап жатыр.  
ЕЛГЕ ЕРЕКШЕ ҚУАТ БЕРГЕН ҚҰЖАТЕңбек және соғыс ардагері Ыдырыс Қалиев сөз кезегін алып, Қорқыт ата ескерткіші жанынан ашылып отырған кешеннің маңыздылығына тоқталды.  
Мұнан соң Жосалы кентіндегі жаңадан салынған аудандық сот әкімшілігі ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Қос қабатты әсем ғимараттың салынуына облыстық бюджеттен 92 млн. теңге қаражат бөлініпті. Мердігер компания болып танылған «Өмірзақ” ЖШС аталған нысанды уақытысынан бұрын пайдалануға беріп отыр. Үш ай мерзім ішінде салынған ғимараттың ашылу салтанатында облыс әкімі Қ.Көшербаев судьялардың жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан мықты қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтіп, әділқазы-төрешілердің заңдылықты сақтап, осы сала бойынша көмек сұраған тұрғындар мен кәсіп иелеріне әрқашан да тиісті қолдау көрсететіндіктеріне сенім білдірді.
Түс ауа кент орталығындағы  мәдениет үйінде аудан активімен, кент және аудан жұртшылығымен жүздесу өтті. Актив жиынында Ел Президентінің  Жолдауы талқыланып, онан туындайтын міндеттер туралы кеңінен айтылды. Саяси құжатта Елбасының 2050 жылға дейінгі ел дамуының аспектілерін нақтылап, озық 30 елдің қатарына кірудің нақты тетіктерін айқындап бергенін жеткізді. 
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын тарқатқан өңір басшысы бірқатар маңызды салалардағы көрсеткіш алдын ала болжанған нәтижеден де жоғары болғанын атап өтті. Мәселен, өткен  жылдың қорытындысымен біздің облыстың инвестиция, құрылыс, салық түсімдері бойынша  көш басына шықты. Осылайша, облыс даму қарқыны бойынша республикамызда 2-орынға табан тіреді. 
Алдағы уақытта облыс аумағында 43 тірек ауылы пайда болады. Міне, осы елді мекендер экономикалық өсудің ұйытқысына айналып, ауылдың қарқынды дамуына  септігін тигізетін болады. Қызылорда қаласында салынатын шыны зауытының құрылысы алдағы мамыр айында басталады. Бұған қоса, бірнеше кәсіпорындар ашылып, оларда барлығы 4500 адам жұмыс істейтін болады.  
Облысымыздың инфрақұрылымы дамыған аймақтардың қатарына кіретіні белгілі. Өткен жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай” күре жолының 85 пайызы бітті.  Құрылысы жүріп жатқан «Жезқазған – Сексеуіл – Бейнеу” теміржол желісі іске қосылғанда Қызылорда облысы тоғыз жолдың торабына айналып, транзиттік  әлеуеті артады. Сыр өңіріндегі елді мекендердің 85 пайызы теміржол және халықаралық көлік жолының  бойында орналасқан. Өткен күзде «Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральды газ құбырының І кезеңі аяқталды. Аталған құбыр өңірді көгілдір отынмен толық қамтып қана қоймай, аймақ экономикасына тың серпін беретіні хақ. Жиында Қ.Көшербаев  өткен жылы қол жеткен жетістіктерді осылайша атап өтіп, алдағы 2-2,5 жыл ішінде облыс елді мекендерінің негізгі бөлігі көгілдір отынның игілігін көретінін, аудан орталығы жанынан биыл сұйытылған табиғи газ зауытының құрылысы басталатынын айтып, қармақшылықтарды қуантты. 
Ақжар ауылының тұрғындары жаңа клубтың салынуын ұзақ күтті. Елбасының тапсырмасы бойынша салынған жаңа әлеуметтік нысанның ашылуына облыс әкімінің келуі қуанышты еселей түскендей. Осы шарада Батыр ана, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова қатысып, Елбасының тапсырмасын жергілікті жерде елгезектікпен орындап жүрген облыс, аудан басшыларына тұрғындар атынан ақеден алғысын жеткізді. Типтік жобамен бой көтерген клубты аралап, оның жұмысымен танысқан аймақ басшысына әжелер ансамблі өз өнерлерін көрсетті. 
Қ.Көшербаев бастаған насихаттық топтың осы аудандағы жұмыс сапарын өңірдегі ең көпұлтты, әрі үлгілі ауыл болып табылатын ІІІ Интернационал ауылында  қорытындылады. Бұл кездейсоқтық емес. Өйткені мұнда бір кездері Юрий Пяның атасы мен әжесі, ата-анасы туып, еңбек еткен, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының балалық шағы осында өткен.  
Қонақтар алдымен өткен күзде 100 жылдық мерейтойы аталып өткен Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хактың мұражайын тамашалап, оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бүгінде бұл ауылда  оннан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері татулықтың уызына ұйып ғұмыр кешуде. 
Кешегі кеңестік заманда осы ауылдан екі бірдей Еңбек Ері шыққан. Еңбегімен ел есінде қалған Цай ден Хак пен Пак Чин Ирдің есімін интернационалдықтар бүгінде мақтанышпен айтып, еңбек батырларын ерекше құрмет тұтады. Көп ұлтты ауылдағы Алтын жұлдыздың қатары тағы бірге артып отыр.  Мұны ауыл халқымен болған кездесуде аймақ басшысы айрықша атап көрсетті. 
Интернационалдық еңбек ардагері Тельман Дямуршаев еліміздің Еңбек Ерлерін әкеп, осындай әсерлі кездесу өтуіне мұрындық болғаны үшін облыс басшысына ауыл тұрғындары атынан алғысын білдірді. Мәртебелі меймандарға Цай Ден Хактың 100 жылдығына арналған мерейтойлық медальді табыс етті. 
Ал, Мемлекет басшысының қолынан еліміздің ең жоғары наградасын алған қос Еңбек Ері Елбасының бастамасымен елімізде, облысымызда жүзеге асырылып жатқан игі істерді тарқатты. Атақты кардиохирург жерлесіміз туған топыраққа 43 жылдан кейін табаны тиіп тұрғанын, жерлестерімен кездескеніне қуанышты екендігін жеткізді. 
– Туған топырағыма келіп, жерлестеріммен жүздесу мен үшін өте үлкен мәртебе, тамаша бақыт! Тіпті мұндай мүмкіндік туады деп ойламаппын да. Қазір өте толқып тұрмын. Мұндай сезімді көптен бері басымнан өткізбегенімді айта кетейін. Мен Қазақстанда тұрып, жоспарларымды жүзеге асырып жатқаныма өзімді бақытты санаймын. Отандастарыма Қазақстанның болашағы зор екенін айтқым келеді, – деп ағынан жарылды даңқты  жерлесіміз. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз