КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАЙДЫ

47

0

Бүгінде мұнай мен басқа да қазба байлықтарға сеніп отыра
беруге болмайды. Және олардың нарықтағы бағасы, оларға деген сұраныс құбылып
тұрады. Ал ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс ешқашанда тоқтамақ емес.
Керісінше, әлемде ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын артып
келеді. Осы орайда, Қазақстан үшін ауыл шаруашылығын дамыту өте тиімді қадам
болмақ. Ауыл шаруашылығын дамыт­пай, экономикамызды толыққанды өрістете
алмаймыз. Жан-жағымыздағы алып үш нарықтың(Ресей, Қытай, Иран) ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысының
азғантай бөлігін өндіре алатын болсақ, соның өзі біздің елімізге көп табыс
әкелмек. Қаншама адамдар жұмыспен қамтылар еді. Ол үшін жаңа технологиялар,
қомақты инвестициялар қажет. Қысқасы, ауыл шаруашылығы саласында реформа
жасамай, алға баса алмаймыз.

Алайда, Жер кодексіне енгізілген өзгерістер қоғамда алаңдаушылық
тудырды. Ол түсінікті де. Өйткені, Жер-Ана – барлық халық үшін киелі де
қасиетті ұғым. Қазақ үшін жер мәселесі тіпті өзекті. Жер – асыраушы анамыз.
Олай дейтініміз, ел экономикасы, байлығы, бақыты, тіпті болашағы да осы жермен
тікелей байланысты. Демек, жерді қорғау, оны барынша тиімді пайдаланып, сақтау
кез келген мемлекеттің және ондағы әр адамның міндеті болуы тиіс. Сол себепті
де ел тұрғындары арасында Жер кодексіндегі жерді шетелдіктерге жалға беру
туралы баптары көптеген пікір-таластар тудырды. Осы ретте Мемлекет басшысы
даналық шешім шығарды. Жер кодексінің қоғамдық пікір туындатқан жекелеген
нормаларына мораторий жариялауы ол мемлекет пен қоғам мүдделерінің бірлігін
ашық бейнелейтін ел Президентінің көреген қадамы дер едім.

Сонымен бірге, Елбасымыз Жер кодексіндегі өзгерістерге
мораторий жариялай отырып, Үкімет жанынан Премьер-ми­нистрдің бірінші
орынбасары Б.Сағын­таевтың төрағалығы­мен комис­сия құру туралы тапсырма
берді. Бұл комиссия жұрт­­шылықпен
бірлесіп, жер заң­намасын сараптаудан өткізеді және өзінің ұсыныстарын Пар­ламентке
енгізетін болады.

Иә, қандай мәселені болса да ақылға салып жеңу керек. Ең
қиын, түйткілді жағдайлардың өзін байсалды түрде шешкен жөн. Бұл ретте халықпен
ақылдасқан абзал. Өйткені, халықтан үлкен қамал жоқ, халықтан асқан дана
жоқ.

Қалай болғанда да ел халқының несібесін арттыру үшін жерді
ұтымды пайдалану жағына шығуымыз қажет.

 

Бердібек ҚАДЫРОВ,

«Шаған Жер» ЖШС төрағасы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз