ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ

96

0

ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛАТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР, АЛДАҒЫ МЕЖЕЛЕР САРАЛАНДЫ

Қоғамдағы кез келген қадам көпшіліктің назарынан қалыс қалмайтыны белгілі. Ендеше «халықтан асқан сыншы жоқ» деудің мағынасын осыдан іздеген жөн. Арал ауданының әкімі Мархабат Жайымбетовтың жылдық есеп беру жиынына Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев, мекеме, кәсіпорын, сала басшылары, ҮЕҰ өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Сондай-ақ, шалғай ауылдардан арнайы өкілдердің келуі жиынның  ашық, жариялылық жағдайында өтуіне үлесін қосты. Мұндағы ағайын әрбір жағымды жаңалықты Президентіміздің есімімен тығыз байланыстырады. Қаланың нақ төріне «Мен Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген Нұрсұлтан Әбішұлының лебізі ілінуі соны аңғартады. 
Өзінің хабарламасын Елбасының тікелей қолдауымен ауданға тартылған инвестиция көлемінің қарқынды өскендігімен бастаған Мархабат Жайымбетов 2013 жылы негізгі капиталға салынған қаржы көлемінің 3,5 есеге ұлғайғанын, мұның өзі 2010-2011 жылдармен салыстырғанда 10 есеге артығын, төрткіл дүниені тамсандырған «САРАТС» жобасының алғашқы кезеңінің сәтті аяқталғанын, Кіші Аралдың суы толығуымен тұздылығы азайғанын, кәсіптік маңызды балықтардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасалғанын, жобаның екінші кезеңінен күтер үміт тіпті зор екендігін қуанышпен жеткізді. 
Арал құрылыс алаңына айналуда. Баспасөз беттерінде осындай тақырыппен аудандағы құрылыс нысандарының көптеп бой көтергені жазылуда. Бұл жайт Жайымбетовтың есеп беру жиынында да көрініс тапты. Аудан көлемінен ұзындығы 213 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі, «Бозой-Шымкент» газ құбырын тарту жүргізілуде. Сәл уақыт бұрын Қазалыдан Аралға дейін көлікпен сапар шегу қиямет-қайым еді. Жол азабын жүрген біледі. Күре жолдың бойындағы ойдым шұңқырлар, тыныс тарылтар  қою шаң жүргіншілердің жүйкесін жүндей түтетін. Енді бұл мәселе шешілді. Көлік дәлізінің іске қосылуымен тартқан бейнет көрген түстей сағымға айналды. 
Сексеуілге серпін әкелген құрылыс. Ел арасында «Жезқазған-Бейнеу» теміржол құрылысын осылай атайды. Сексеуілде көптеген жұмыстар атқарылды. Мектеп, балабақша өзге де әлеуметтік нысандар салынып, өндіріс пен бизнес құрылымдарының дамуына қолайлы жағдай туындамақшы. «Қазақстан темір жолы ҰҚА» АҚ Сексеуіл кентінің дамуына  20 млрд. теңге инвестиция салуды межелеуде. Сексеуіл өткен жылы «тіректі елді мекендер» қатарына енгізілді. Соған орай республикалық, жергілікті бюджеттен әлеуметтік және инженерлік инфроқұрылымды дамытуға бағытталған жобалар іске асырылмақшы. 
Бағаны тұрақтандыру күн тәртібінде тұр. Ірі кәсіпкерлермен меморандумдар жасалынды. Жеке кәсіпкер С.Саянов қыста көкөніс сұрыптауға 200 тонналық қойма дайындап, азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорынан өнім алып сатуға ««Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-мен келісім шартқа отырған. Балық ұрлығы, есепсіз аулануды тоқтату үшін Қаратерең, Бөген, Мергенсай бағытына бақылау бекеттері ұйымдастырылды. 
Ауданда «Ақбұлақ» бағдарламасымен тозығы жеткен «Қосаман – Арал – Әйтеке би» аралығындағы  су құбыры жаңадан салынды. Бұған 10 млрд. теңге жұмсалды. Нәтижесінде 189 шақырым желі ел игілігіне қызмет етуде. Ғажабы, алғашқы желіні іске қосуға 10 жыл мерзім шығындалса, екінші желі небәрі жыл көлемінде аяқталыпты. Қиырдағы қоныстарда сапалы суды тұтынғандардың шадыман бейнесі күні кеше қар ерітіп, арықтағы мұзды ішкен күндердің артта қалғанын елестетті. 
Жайымбетовтың тағы бір тоқталғаны, өткен жылы «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасымен өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданған жобалар болды. Олардың қатарынан Жақсықылыштағы «Аралтұз зауытын қайта жаңғырту», Шөміштегі «Кварц құмын құрғақ байыту комбинатын салу», жеке кәсіпкер А.Үмбетовтің «Наубайхана салу», «Берекет» шаруа қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру, тұшпара цехын салу» жобасын кездестіресіз. Шағын кәсіпкерлікті дамыту да көңіл көншітеді. Салыстырмалы кезеңде шағын кәсіпкерлік субьектілерінің саны артқан. Бұл аудан бюджетінің толығуына қомақты септігін тигізері хақ. Шағын несие құрылымдары арқылы есепті мерзімде 964 млн. теңге берілген. Өндіріс орындарын шоғырландыру мақсатында индустриялдық аймақ құру басталып та кетті. Оған Арал қаласының шығыс беткейінен жер белгіленді. Инфрақұрылымына аудандық бюджеттен қаржы қаралды. Жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Аралдықтар төрт түлік өсіруге, мал тұқымын асылдандыруға мейлінше көңіл бөлуде. «Құланды» ЖШС, «Берекет», «Көктем», «Байдаулет», «Несібе», «Ықылас» шаруа қожалықтары түлік асылдандырумен шұғылданса, ауданда қолдан ұрықтандыру пункттері бар. «Сыбағаның» сыйын татып отырғандар да мол. Бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен 35,9 млн. теңге несие дала перзенттерінің еншісіне тиіпті. Мал шаруашылығын дамытуға шаруа қожалықтарына субсидия төленуде. 
Жүздесуде тұрғындар өздерін толғандырып жүрген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар алдағы міндеттер көпшілік назарына ұсынылды. Солардың кейбіріне түсініктеме бере кетсек. Арал ауданындағы бірқатар құрылыс нысандарына, жөндеу жұмыстарына, облыстық, республикалық бюджеттен 4 млрд.-ға  жуық қаржы қаралыпты. Олардың арасында апаттық жағдайдағы мектеп, балабақшалар, тағы басқа нысандардың болуы жиынға қатысушылардың облыс әкіміне, ел ағаларына арналған ризашылығын туындатты. 
Кездесуде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев Сыр өңірінде, ауданда атқарылып жатқан толымды тірліктердің аз еместігіне, Аралдағы №14 мектеп-лицейдің, кәсіпкерлердің қолдауымен орталық мешіттің құрылысы салынуына барынша күш жұмсалатынына тоқталды. 
Есеп беру жиынына қатысушылар Арал ауданының әкімі Мархабат Жайымбетовтың жыл көлеміндегі жұмысын жақсы деп бағалады. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
БАҒДАРЛАМА – НАҚТЫ ҚАЖЕТТІЛІК ҚҰЖАТЫ
Барлық деңгейдегі әкімдердің жылдағыдай ел алдындағы дәстүрлі есеп берулеріне сай Шиелі ауданындағы жиырма екі ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, атқарған жұмыстарынан хабардар етіп шыққан аудан әкімі Мұрат Ергешбаев осы аптаның сәрсенбісі күні аудан орталығындағы  «Салтанат сарайында» өзінің қорытынды есебін берді. Және де жамағаттың ұсыныс-пікірлеріне де зейін қойды, сауалдарға нақтылай жауап берді. Әңгіме ауанынан мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы барысында аудан халқына жасалып жатқан қамқорлық аясы кеңи түскендігі байқалады, нарықтық қатынасты тиімді пайдалана отырып, әрекет етуші жандардың берекеге кенелуіне де жол ашық. Оның үстіне Елбасымыздың биылғы халыққа жолдаған «Қазақстан жолы -2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы  шеткі аймақ тұрғындары жүрегіне үлкен сенім ұялатып, серпін бергендігі сезілді. Бұл өз кезегінде әлемдегі озық отыз елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан Қазақстан мемлекетінің азаматтары үшін темірқазық жұлдызындай жолбасшы еді. 
Аудан басшысының мәлімдеуінше, Шиелі ауданының 2013 жылға арналған  бюджеттінің  жалпы кірісі 8 млрд. 178 млн. теңгеге нақтыланса, оның ішінде аудан бюджетінің өз кірісі  1 млрд. 541 млн.  теңгеге жоспарланып, 1 млрд. 665 млн. теңгеге артығымен орындалды. Яғни, 108 пайызға асыра орындалды деген сөз. Сондай-ақ, есепті мерзім ішінде жергілікті бюджет шығысы 7 млрд. 999 млн. теңгеге болжамдалса, ол 7 млрд. 967 млн. теңге болып 99,6 пайызға игерілді. Оның ішінде бюджет қаражатының негізгі 62 пайызы білім саласына, 26 пайызы мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық салаларына, қалған 12 пайызы өзге салаларға жұмсалды.
Ал, 2014 жылға тоқталар болсақ, аудандық бюджеттің жалпы кірісі 8 млрд. 991 млн. теңге көлемінде бекітіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд. теңгеге жуық артты. Оның ішінде ауданның өз кірісі 1 млрд. 872 млн. теңгеге өсіп, өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға көбейтілді. Бұл көрсеткіштер ауданда жанды басшылық, іскер ұйымдастырушылықтың өз нәтижесін бергендігінің белгісі болса керек. 
Мұрат Ергешбаевтың қаржы саласының білікті маманы екендігі әкімдік қызметінде де оң көрініс тауып жатса, құба-құп. Шиелі ауданының бұрыннан да жақсы істермен аты шыққан, ауыл шаруашылығы саласындағы озаттарының молдығымен елге танылғандығы белгілі. Бір ауданның өзінен кезінде қырық бір Еңбек Ерінің шығуы сол үрдістің жалғастылығын білдіреді. Сондықтан да бұл ауданға басшылыққа келген азаматтарға сол соқпақты  жолдың сорабын бұзбай ыңғайымен жалғастыру жан-жақты пайдалы болар еді. Міне, бұған дейін қала және бір ауданның басшылығында болып үлгерген Мұрат Нәлқожаұлы сол талап тұрғысынан табыла білді десек, артық емес. Мәселен, өткен кезеңдерде ауданның өз кірісі 7 пайыздық өсіммен жоспарланып, қалған жетіспейтін қаржы облыстық бюджеттен субвенция арқылы бөлініп келсе, биылғы жылдан бастап аудандық бюджеттің өз кірісінің үлесі көбейтіліп, субвенция көлемі азайтылды. Осыған сәйкес ауданның бар мүмкіншілігін талдай отырып, бюджеттің кірісін толығымен орындап қана қоймай, артығымен орындау бөлімдер мен бірге ауыл, кент әкімдеріне тапсырылуы өзінің нәтижесін берді деп айтуға болады. Осы жүйелі істердің нәтижесінде ауданның өз кірісі артығымен орындалып жатса, тұрғындардың ұсыныстарына сергек қарап, әлеуметтік салалардағы бірқатар мәселелерді шешуге мүкіндік туары анық. 
Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауларында ел экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласын күшейту екендігін айтып, жергілікті атқарушы орындарға осы салаға барынша мән беру қажеттігін тапсырып келеді. Осы орайда, Шиелі ауданындағы  кәсіпорындар өткен жылы  23 млрд. теңгенің өнімін өндірсе, өндірілген өнім көлемінің 74 пайызы тау-кен өндірісіне тиесілі. Ал, ауыл шаруашылығы өнімін өндеу 8 пайызды ғана құрап, оның ішінде ет өнімдері өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға, көкөніс өндіру 18,1 пайызға, мал азығы 1,1 пайызға азайып кеткен. Мұны жасырмай айтқан аудан басшысы алдағы уақытта нақты іс-қимыл жасау керектігін айтты. 
Өткен жылы ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің 3602 субъектісі тіркеліп, тиісті кезеңмен салыстарғанда 118 пайызды құрады. Оның ішінде 256-сы заңды, 2851-і жеке тұлға, 495-сі шаруа қожалықтары. Есепті кезеңде кәсіпкерлік саласында 6215 адам жұмыспен қамтылып, 2012 жылмен салыстырғанда 108 пайызға өсіп отыр. Жасыратыны жоқ, аудандағы кәсіпкерлердің негізгі үлесін сауда-саттықпен айналысатын алыпсатушылар құрайды. Алдағы кезде шағын және орта кәсіпкерлерді өнім өндіру және өңдеу бағытына жаңаша жұмыс ұйымдастырып, ынталандыру шараларын жетілдірмесе болмайды. Бұл жөнінде аудан әкімі өз сөзінде:
– Кент және ауылдық округ әкімдері де кәсіпкерлікті дамытуды, жаңа өндіріс көздерін және жұмыс орындарын ашуды күн тәртібінен түсірмеуі керек. Бұл ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлікті негізінен ауылдық жерлерде дамытуға септігін тигізеді, – деп өтті. 
Өңірдің дамуына айтарлықтай Индустрияландыру картасы шеңберінде Шиелі ауданында өткен жылы жалпы сомасы 957 млн. теңгеге 3 жоба мақұлданды. Нәтижесінде 120 адам жұмыспен қамтылады. Биылғы жылы аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсыну үшін «Шиелі сапаржайы» ЖШС-ның  жобалық құны 400 млн. теңгелік халықаралық туристік сапаржай құрылысы, «Табиғи тас Қызылорда» ЖШС-ның  жобалық құны 900 млн. теңгені құрайтын қиыршық тас, әк тас және силикат кірпіш өндіру зауытының  құжаттары жинақталуда.  
– Ауданда 4 заңды тұлға, 1 фермерлік қожалық, 68 шаруа қожалықтары егін еккенімен, шаруашылықтарды ірілендіру бағытында әлі де біршама жұмыстар атқарылуы тиіс екендігі байқалады. Себебі, шаруашылық неғұрылым ірілендірілсе, соғұрлым инвестор тартуға, лизинг алуға, субсидия алуға мол мүмкіндік береді, – деді өзінің есепті баяндамасында аудан әкімі.  
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, «Ақбұлақ» бағдарламасының орындалу барысы, тағы да басқа маңызды мәселелер жөнінде әкім талдап әңгімеледі. 
Жиын соңында аудан тұрғындары Ералы Жұмаділов, Тілеулі Сырымбетов, Асқар Бердібаев, Берікқара Әбжаппаров, тағы басқалар шығып сөйлеп, өздерін толғандырған мәселелер жөнінде сауалдарын қойып, аудан әкімінің есепті мерзім ішіндегі жұмысына жақсы деген баға берді.
Аталмыш жиынға Президент аппаратының Бас инспекторы С.Аманғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Әйімбетов, облыс әкімінің орынбасары Ғ. Әміреев қатысты.  
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Шиелі ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз