ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚПЕН ҰТЫМДЫ БАЙЛАНЫС

59

0

Сейсенбі күні облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталық мамандарымен
кездесті.

Шет елдерде білімін шыңдап, өз істерінің шеберіне айналып
қана қоймай, бірнеше тілді еркін меңгерген аталмыш орталық дәрігерлері бүгінде жергілікті
мамандарды оқытып, күрделі оталарды жасауға дайындап жатыр. Осыны тілге тиек еткен
Қырымбек Елеуұлы облыстық денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар
мен жетістіктерді саралап, ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың бас директоры Жеткерген
Арзықұловқа ерекше алғысын білдірді.

– Облыстағы
әлеуметтік-экономикалық мәселелердің күрделенуіне байланысты Елбасы бізге
тікелей тапсырмалар берді. Соның негізіндеаймақта қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Денсаулық сақтау саласына да
бөлініп жатқан қаражат көлемі жыл санап артып келеді. Мәселен, 2013 жылы 28
млрд теңге болса, былтыр 33 млрд теңгеге ұлғайды. Биыл да бұл деңгейден түсіріп
алмауға жұмыс жасап жатырмыз. Оған қоса, Жеткерген Әнесұлы, өзіңіз бастаған бір топ дәрігерлер өңірімізге
келіп, білген-түйгендерін ортаға салып жатыр. Алыс елді мекендерді аралап,
халықпен тікелей байланыста болып, дәрігерлердің тәжірибесін арттырудағы
еңбектеріңізге ризашылығымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.

Жиын соңында, білікті мамандардан кеңес алып,
білімдерін шыңдап жүрген бірнеше қызылордалық мамандар облыс әкімінің арнайы
алғыс хатымен марапатталды. Ал әріптестеріне жасалып жатқан мұндай құрметке
Жеткерген Арзықұлов та алғысын айтты. Білікті мамандардың басын біріктірген
орталық пен аймақ арасындағы байланыс одан әрі арта түспек.

Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз