Маңызды науқанның мұратты жолы

64

0

Кезектен тыс
президент сайлауына үміткерлерді тіркеу 26 ақпанда басталды. Бұл туралы ҚР
Президенті жанындағы ОКҚ баспасөз мәслихаты барысында Орталық сайлау
комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлімдеді. Сондай-ақ, ол ҚР
Президенттігіне кандидатты ұсыну тәртібі жөнінде айтты. 
– Президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығы
белгіленген тәртіпте тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге,
сондай-ақ, өзін-өзі ұсыну тәртібімен азаматтарға тиесілі. Президенттікке
кандидатты облыстардың, Астана және Алматы қалаларының кем дегенде үштен
екісінің атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде
бір пайызы қолдауы тиіс. Кандидаттарды тіркеу кандидаттар барлық қажетті
құжаттарды ұсынғаннан кейін басталады және 2015 жылғы 25 наурызда аяқталады.
Президенттікке кандидат тіркелгенге дейін және оның ҚР Конституциясы мен
«Қазақстан республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген
талаптарға сәйкестігі мен кандидатты қолдап жиналған қолдардың шынайылығы
расталуы тиіс. Одан кейін орталық сайлау комиссиясының шотына 1 млн 60 мың
теңгеге жуық мөлшерде сайлау жарнасы енгізіледі. Кандидат пен оның жұбайы
тіркелгенге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына 2015 жылғы 1
ақпандағы жағдайы бойынша табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырылуы қажет.
ҚР Президенттігіне кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті 26 наурызда басталып,
24 сәуірде 24.00-де аяқталады. Сайлау болатын күні және оның қарсаңындағы күні
кез келген үгітке тыйым салынады,– деді Қ.Тұрғанқұлов.
Сонымен
қатар, Ортсайлауком төрағасы мемлекеттің кепілдігі ретінде бюджет қаражаты
есебінен кандидаттардың үгіт жұмысын жүргізу шығыстары Орталық сайлау
комиссиясы белгілеген мөлшерде ішінара жабылатындығы туралы атап өтті.
Айта кету
керек, президенттікке кандаттарды ұсыну 2015 жылдың 15 наурызында аяқталады.
Брифингте
сондай-ақ, ҚР Президенті сайлауын әзірлеу мен өткізу уақытында тұрақты жұмыс
жасайтын баспасөз орталығы ашылатыны да белгілі болды.

Сайлаушылардың толық және дұрыс тізімдерін жергілікті атқарушы органдар тиісті
сайлау комиссияларына 5 сәуірден кешіктірмей жолдауы, ал 10 сәуірден
кешіктірмей оларды азаматтарға танысу үшін ұсынуы тиіс. Дайындық жұмыстары
аясында облыстық, Астана мен Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиялары
учаскелік сайлау комиссия мүшелерін науқанды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі
құқықтық және тәжірибелік аспектілерін талқылау арқылы оқыту ұйымдастыру қажет.
Ортсайлауком сайлау органдарына қажетті ұйымдастырушылық, әдістемелік және
ақпараттық сүйемелдеу көрсетеді,–дей келе, Ортсайлауком басшысы жақын күндері
сайлауды әзірлеу мен өткізу уақытында тұрақты жұмыс жасайтын баспасөз орталығының
ашылатынын айтып өтті.
Дауыс беру 26
сәуір күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат жетіден бастап кешкі сағат 8-ге
дейін болатындығын айтқан Қ.Тұрғанқұлов: – Орталық сайлау комиссиясы 3 мамырдан
кешіктірмей, Президент сайлауының қорытындыларын анықтап, тиісті қаулы
қабылдауы тиіс. Сайлау науқаны барысында сайлау комиссиялары сайлауды
ұйымдастыру, әзірлеу мен өткізудің негізгі халықаралық қағидаттарын, сондай-ақ,
сайлау процесінің оның барлық кезеңдерінде ашық, жариялы және транспарентті
болуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Бұған сайлау процесін байқауға
отандық және халықаралық сарапшылардың белсенді қатысуы да ықпал ететін болады.
Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп халықаралық байқаушылар институты
ашылады,– деді.
 
Айнұр
БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз