Маңызды құжаттар қаралды

48

0

– Құрметті депутаттар, әріптестер, қазір сіздердің қарауларыңызға өңіріміз үшін өте маңызды саналатын құжаттар ұсынылып отыр.
Бұл облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың облыстық мәс¬л謬хаттың кезекті Х сес¬сиясы басталар сәтте халық қалаулыларына арнаған сөз басы болатын. Сессияға төрағалық еткен облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов күн тәртібін дауысқа салып бекіткенде оның алғашқы үшеуі өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты екені белгілі болды. Оның біріншісі – 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджетті бекіту, екіншісі – 2017-2019 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі және «2016-2020 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму бағдарламасын бекіту туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2015 жылғы 10 жел¬тоқсандағы №323 шешіміне өзгерістер енгізу туралы болды. 
Облыс басшысы осы орайда депутаттарға жылдың қорытындысы туралы есеп алдағы кезеңде берілетінін ескерте отырып, өтіп бара жатқан жылдың облыс үшін қандай болғаны туралы қысқаша тоқталып өтті. Биылғы жылы елімізде мұнай өндіру көлемі айтарлықтай қысқарды. Ал сол қысқарған көлемнің 60 пайызы облысымызға тиесілі болса да, оның соншалықты зардабын сезіне қойған жоқпыз. Осы жылды тәп-тәуір нәтижелермен аяқтайын деп отырмыз. Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция өсімінің республикадағы ең жоғары  қарқынын сақтаудамыз. Оның республика бойынша көрсеткіші 4 пайыз болса, бізде 15 пайыз. Инфляцияның ең төменгі пайызы да біздің облысқа тиесілі. Тұрғын үй құрылысы өткен жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға өсіп отыр. Жеке тұрғын үй құрылысы 20 пайызға өсті. Ағымдағы жылдың бюджетін 240 млрд теңгеге жеткізе алдық. Бұл 2013 жылғы облыс бюджетінен 60 пайызға артық. Бюджет қаржысынан әуелгідей әлеуметтік салаға барынша басымдық беріледі. 
Мұнан соң облыстық эконо¬мика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетованың және облыстық мәслихаттың Экономика, қаржы және жергілікті басқару мәсе¬лелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Райхан Ысқақованың хабарламаларынан кейін депутаттар аталған шешімдерді  қолдап, дауыс берді. Облыс бюджетінің 2017 жылғы кірісі 139,8 млрд, 2018 жылғы кірісі 147,5 млрд 2019 жылғы кірісі 147,8 млрд теңге көлемінде бекітілді. 
Сессия күн тәртібінде бекітілген бірқатар мәселе талқыланып, тиісті шешімдер шығарылғаннан кейін келесі кезекті мәселе – «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов хабарлама жасады. Ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан Дина Айсинаға, Бибіжан Жәукебаеваға, Алмагүл Божановаға, Виталий Брынкинге  «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсынысты ортаға салды. Бұл ұсыныс жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-мәдени және басқа да салаларын дамытуға, азаматтарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге, бейбітшілік пен достықты, қоғамдық келісімді нығайтуға айрықша үлес қосқан азаматтарға осындай құрметті атақ беру дәстүріне сай ұсынылып отырғанын жеткізді. Сонымен бірге, аталған азаматтардың еңбек жолдарына тоқталып, олардың жасаған игілікті істерін атап өтті. Мұнан кейін сөз алған облыс басшысы депутаттарға облыстың үш жылдық бюджетін қабылдағаны үшін рахмет айта отырып, құрметті атаққа ұсынылып отырған тұлғалардың қай-қайсысы болса да лайықты екенін жеткізді. Қазақ халқы қашанда қыздарын аялап, төбесіне көтерген дей келе, Д.Айсинаның, Б.Жәукебаеваның, А.Божанованың еңбектеріне жеке-жеке тоқталып өтті. Сол секілді, В.Брынкиннің Байқоңырды жалға беру құжаттарын дайындаудағы еңбегіне және жергілікті жерде ұлттық кадрлар дайындаудағы адалдығына назар аударып, ұсыныстарды қолдауға шақырды. Депутаттар аталған ұсынысты бірауыздан қолдап дауыс берді. 
Сессия күн тәртібі бекітілер сәтте Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Самұрат Имандосов қоғамдық кеңес ұсынысын енгізген болатын.
С.Имандосов «Қазақстан-2050» Демо¬кратиялық аймақтық коа¬лициялық күштерінің, Облыстық Қазақ¬стан халқы ассамблеясының мүшелерінің, Аза¬мат¬тық қоғам институтының қаты¬суыменен облыстық Қоғамдық кеңес¬тің кеңейтілген отырысы өткі¬зілгенін хабарлады. Онда Арал аудан¬дық қоғамдық кеңесінде Арал аймағының экологиялық мәселелерін шешудегі қажырлы еңбегімен теңізді қайта қалпына келтіру мен  аймақ жұртшылығы әл-аухатын көтерудегі Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін ескере отырып, Арал қаласының орталығында Тұңғыш Президентке ескерткіш орнату туралы ұсыныс енгі¬зілгенін және оның кеңейтілген кеңес отырысына қатысушылар тара¬пы¬нан қолдау тапқанын мәлімдеді.  Сондай-ақ, кеңес мүшелері облыс орталығында жаңадан салынған шағын ауданды «Нұр Орда» деп атау туралы ұсынысты да бір ауыздан мақұлдағанын жеткізіп, депутаттарға Үндеуді оқып берді.
 «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орын¬басары, облыстық мәслихаттың депу¬таты Ибадулла Құттықожаев пен депутат Шәкизада Әбдікәрімов Елбасының аймағымызға жаса¬ған ерен еңбегіне құрмет ретінде бұл ұсынысты қолдауға шақырды. Облыс әкімі өз кезегінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, оның берік тұғырын қалыптастырушы, елдегі тұрақтылық пен берекеліктің, жасампаздықтың кепілі ретінде еліміздің тарихынан ойып тұрып орын алатын дара тұлға екенін атап өтіп, депутаттар оң шешім қабылдайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар, бұл іске бюджет қаржысы жұмсалмайтынын  айтты. Халық қалаулылары бұл ұсынысты қолдап, дауыс берді. Сессия соңында депутат Нуридин Амитовке ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы, Темірхан Кенжебаевқа Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табыс етілді. Осымен кезекті сессия жұмысын аяқтады.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз