МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ЖАҢА ТАЛАПТАРЫ

76

0

Елбасы айқындап берген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бастапқы бағыт-бағдары да мемлекеттік қызметті жаңғыртуға, кәсіби мемлекеттік аппарат құруға негізделген. Бұл Жоспар елді жаңа кезеңге бағыттайтын, дамудың жаңа кезеңіне шығаратын нақты іс-қимыл жоспары болып табылады.
Кәсіби аппарат құрудың 15 қадамы азаматтарды мемлекеттік қызметке алғаш қабылдау рәсімінен бастап, оларды кешенді аттестаттауға дейінгі аралықты қамтиды. Жаңа реформа бір адам таққа қонса, жүз адам атқа қонатын үрдісті артқа қалдырды. Командалық басқару дегенге жол жоқ. Енді мемлекеттік қызметте қызмет ауыстыру, яғни мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесі есепке алынып құралады және мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдейді.
Мәселен, осындай ауқымды шара негізінде Қызылорда облысында жарияланған ішкі конкурстарда 529 бос лауазымдық орынға төменгі сатыдағы 120 қызметкер тағайындалған. Өз кезегінде, мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша іске асырылады. Жыл басынан жалпы конкурс арқылы бос төменгі лауазымдарға 730 адам қатысса, нәтижесінде жеңімпаз атанған 234 адамның 152 мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушылар.
Мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушыларға мемлекеттік қызметке тағайындалған кейін 3+3 формуласы бойынша сынақ мерзімі белгіленіп, өз тәжірибесімен бөлісіп, қызметтің қыр-сырын үйрету үшін оларға тәжірибесі мол мамандар тәлімгер болып бекітіледі. Бұл – жас маманның жауапкершілігін арттыратын, өзі атқарып отырған қызметке деген тәжірибесін ұлғайтатын маңызды шара.
Жалпы мемлекеттік қызметте маман іріктеудің үш деңгейі енгізілгені белгілі. Оның ең алғашқысында – үміткердің заңнамалық біліктілігі тест арқылы анықталса, екіншісінде – іскерлік қасиеті бағаланады және соңғысы – кәсіби біліктілігіне қатысты әңгімелесуден өту. Жыл басынан бері заңнамалық тестілеудің алғашқы кезеңіне 1600 үміткер қатысып, 625 азамат оң қорытындыға ие болған.
Осы ретте аталған тестілеуден өту деңгейін көтеру, тестілеуден өтуге дайындалып жүрген азаматтардың өз деңгейін тексеру үшін Департаментпен ordakyzmet.kz сайты ашылып, оның ішінде мемлекеттік қызметке түсуге үміткерлерге арналған сынама тестілеу қызметі іске қосылды. Бұл өз кезегінде үміткер азаматтардың алдағы уақытта заңнаманы білуге арналған тестілеуге дайындалып, ресми тестілдеуден оң нәтиже алуға өз септігін тигізеді деп есептейміз.
Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында қабылданған мемлекеттік қызмет заңнамасына сәйкес биылдан бастап құқық қорғау органдарына жұмысқа алғаш кiретiн азаматтар үшiн iрiктеу рәсiмi әкiмшiлiк мемлекеттiк қызмет стандарттарына сәйкестендiрiлдi. Бұдан былай құқық қорғау қызметiне жұмысқа кiру үшiн үмiткерлер заңнаманы бiлу деңгейiн анықтауға арналған тестiлеуден, жеке қасиеттерiн бағалаудан және әңгiмелесуден өтедi.
Биыл «Б» корпусы санатындағы мемлекеттік қызметшілер Мемлекет басшысының Жарлығы негізінде алғаш рет кешенді аттестаттаудан өтті. Кешенді аттестаттау – Ұлт жоспарының маңызды қадамдарының бірі. Астана қаласында өткен жоғары аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша Қызылорда облысының 4 мемлекеттік орган басшысы лауазымынан жоғарылатуға ұсынылды. Атап өту керек, жоғары аттестаттау комиссиясының қорытындысымен біздің өңірдің мемлекеттік қызметшілерінің кәсіби даярлығы мен құзыреттілігінің деңгейіне жоғары баға берілді.
Облысымызда өткен аттестаттаудан 2663 мемлекеттік қызметшілер өтіп, оның 115-і лауазымынан жоғарылатуға, 27-сі лауазымынан төмендетуге, 14-і қызметінен босатылуға ұсынылса, 2507 қызметкер лауазымына сәйкес келеді деп танылды.
Қазіргі заман талабы жоғары. Білікті, кәсіби шеберлігі мықты, жаңа технологиялар мен үрдістерді меңгерген, өз ісінің майталманы болуға ұмтылған мамандар мемлекеттік қызметте аса қажет. Осы ретте, өңірде департамент бастамасымен Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен «Жастар кадрлық резерві» жүзеге асырылды. Жоба мемлекеттік қызметтің кадр әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін жас мамандар арасынан білікті кадрларды анықтау, іріктеу, тәрбиелеу және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, оларды жұмыспен қамту мақсатын көздейді. Қазіргі таңда облыстық кадрлық резервке енгізілген 54 жас маманның 4-і мемлекеттік қызметші болып өз еңбек жолын бастады.
Жас мемлекеттік қызметшілерді жұмылдырып, олардың белсенді азаматтық ұстанымын және мемлекеттік қызметтің имиджін қалыптастыру мақсатында мамыр айында Қызылорда қаласында «Аймақтық жас мемлекеттік қызметшілердің 1-ші слеті» өткізілді. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған шараға Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, сонымен қатар, Қызылорда облысының жас мемлекеттік қызметшілері қатысуымен өтті. Слет аясында өңір басшысы пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басшылығы қатысуымен «Дамыған 30 елдің қатарына кіруде жастардың рөлі» атты форум ұйымдастырылды. Мұнда төрт аймақтың жастары өз өңірлеріндегі мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, оны жетілдіру бойынша ұсыныстарды ортаға салды. Өткізілген шара Агенттік Төрағасы тарапынан оң бағасын алып, барлық облыстарда өткізілуге ұйытқы болды.
Жоғарыда аталған шаралар, мемлекеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, сапасын жақсарту, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызметке жастарды тарту, кадр саясатын мемлекеттік саясатқа сай жүйелеу сынды көптеген мәселелерді шешуге оң ықпал ететін болады деп сенемін.
Ержан ҚАРЫМСАҚОВ.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз