МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

50

0

Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет
істері министрлігінің облыс бойынша департаменті былтыр атқарған жұмыстарын
қорытындылап, 2016 жылдан бастап енгізілген жаңа­лықтарымен бөлісті. Бұл
тұрғыда ойларын ортаға салған департамент басшысының міндетін атқарушы Ержан
Қарымсақов пен орынбасары Берікбол Байхожаев тілшілердің де сұрақтарына жауап
берді.

Биылғы жыл мемлекеттік қызметкерлер үшін де жаңалығымен
басталғаны анық. Яғни, Елбасы Жарлығына сай «Мемлекеттік қызметі туралы»,
«Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Мемлекеттік қызмет­шілердің
жаңа әдеп кодексі» қабылданды. Бұлардың соңғысында мемлекеттік қызметте жұмыс
жасайтын азаматтардың жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының ережесі
регламенттелген. Демек, ендігі кезекте олар тек қызметкер ғана емес, халық
арасында беделді және үлгі тұтар тұлғаға айналуы тиіс. Бұл дегеніңіз келешекте
білімі мен біліктілігі жоғары, әдептен озбайтын азаматтарға ғана мемлекеттік
қызметте орын бар. Ал «Әдеп» кодексін бұзғандар енді ескерту, сөгіс алып қана
қоймай жылы орнын босатуы да ғажап емес.

Жоғарыда айтылған өзіндік орны мен салмағы бар заңдардың
қабылдануы елімізде мемлекеттік қызметті дамытудағы жаңа кезеңнің бастау
алғанының бір көрінісі. Себебі «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес
мемлекеттік қызметшілерге жалақы
тағайындауда да жаңа жүйе қалыптаспақ. Олар келесі жылдан бастап мөлшері
бекітілген еңбекақыдан өзге, жұмыс нәтижелері бойынша бонустарға да қол жеткізе
алады. Сонымен қатар, жаңа реформаға сай мемлекеттік жұмысқа орналасуға ниетті
әрбір адамның жеке қасиеттерін бағалау үшін жаңа сынақ енгізіледі. Сала
мамандарын іріктеудің тәртібі күшейтіледі. Айта кету керек, енді олар
мемлекеттік қызметтің қыр-сырын меңгеріп, оған бейімделмейінше басшылық орынға
жайғасуына да заң тыйым салған. Демек, ол үшін әрбір адам өз жұмысын төменгі
лауазымнан бастауы шарт. Бұл өз кезегінде бүгінде мемлекеттік салада жүрген 3769
азаматқа үлкен міндет жүктері анық. Себебі 2015 жылдың 12 айында ҚР
«Мемлекеттік қызмет туралы» Заң талаптарын бұзу фактілері бойынша 162 шағым,
қызмет этикасын бұзу дерегіне сай 20 арыз келіп түскен. Оның алғашқысы бойынша
23 жағдай нақтыланса, 11-і қызмет этикасын бұзу фактісі бойынша негізделген. Ал
мемлекеттік қызметшілерді сын тезіне салған Тәртіптік кеңесте былтыр 95
тәртіптік іс қаралған. Соның нәтижесінде 39 мемлекеттік қызметшіге және оған
теңестірілген адамдарға тәртіптік жаза қолданылған. Оның кейбірі «ескерту»,
«сөгіс», «қызметіне толық сәйкес емес туралы ескерту» алумен шектелсе, үшеуіне
лауазымын төмендету жазасы қолданылған. Сонымен қатар 10 адам атқарып отырған
қызметінен босатылған. Департамент басшысы міндетін атқарушы өткен жылды осылай
саралап, жаңа заң мен оның талаптарына сай биыл да қарқынды жұмыстар
атқарылатындығын жеткізді.

 

Мөлдір
ҚОЖАХМЕТОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз