МҰНАЙ-ГАЗ КЕШЕНІ АЙМАҚ ДАМУЫНЫҢ КӨКЖИЕГІН АЙҚЫНДАЙДЫ

131

0

МҰНАЙ-ГАЗ КЕШЕНІ АЙМАҚ ДАМУЫНЫҢ КӨКЖИЕГІН АЙҚЫНДАЙДЫБейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен облыстың жер қойнауын пайдаланушыларымен кеңейтілген мәжіліс болып өтті. Оған ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев, сонымен қатар аймақтағы жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың басшылары мен өкілдері қатысты.

Мәжілісті ашқан облыс басшысы бүгінгі таңда аймақтағы мұнай өндірісіне қатысты туындап отырған бірқатар проблемалық жайларға жеке-жеке тоқталып өтті. Оның алғашқысы өндірілген мұнай көлемінің жылдан  жылға кеміп келе жатқанына байланысты болды. Қызылорда облысы жалпы республикалық мұнай, ілеспе газ және конденсат қорларының 4,5 пайыздық үлесіне ие. ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша 2013 жылы облыста 10,6 миллион тонна шикі мұнай өндіріліп, ол 2012 жылғы өндіру көлемінің 97 пайызын құрады. Жыл ішінде «Торғай Петролеум» АҚ бойынша ғана өндіру көлемінің төмендеуі 450 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар, өндіру көлемінің 250 мың тоннаға дейін төмендеу орнын толтыра алдық.
Аймақ басшысы мұнай өндірудің алдағы бес жылға арналған болжам межелеріне талдау жасады. Ол жыл сайын 5-6 пайызға төмендейді. Мұнай өндіру коэффициентінің орташа көрсеткіші 20-60 пайызды құрайтын болады. Бұл көрсеткіштер бізді қанағаттандырмайтынын, сондықтан кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін инновациялық әдістерді енгізу арқылы арттыру өзекті мәселе болып табылатынын айтқан облыс басшысы қазір бірінші және екінші мұнай қайтарымын арттыру тәсілдерінің орнын үшінші тәсіл басуда екенін жеткізді. Мұндай тәсілдерге әдетте ең алдымен жылу, газ, химия және микробиология секілді жаңа технологиялар жатқызылады. Сарапшылардың бағалауынша, мұнай өндіру коэффициентін 0,1 пайыз арттыру аймақтағы мұнай қорларын 30 млн. тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл аймағымыздың 3 жылдық мұнай өндіру көлеміне тең. 
Мұнай қорын арттыру үшін геологиялық барлау жұмыстарын арттырудың маңызы зор. Бұл біздің облыс үшін өте маңызды. Себебі алдағы жылдары өңдеу секторының жоғары қарқынмен дамуының өзі мұнай-газ саласындағы өндіріс көлемінің төмендеуінің орнын баса алмайды. Осы орайда жедел түрде Оңтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария шөкпе бассейндерін зерттеуіміз қажет. Мұнда көмірсутегінің қомақты қорларын анықтау болжанып отыр. Бұл мәселелерді тек мемлекеттік органдар мен мемлекеттік бюджет арқылы шеше алмайтынымыз анық. Сондықтан, геологиялық барлауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ұстанымдарын кең пайдалану керек деп есептейміз деген Қырымбек Елеуұлы Мұнай және газ министрлігі басшылығынан біздің болашағы бар аймақтарымызды жеке инвесторларға барлау үшін беру мүмкіндігін қарастыру сұралатындығын айтты.
Облысты газбен қамтамыз етудің маңызын айтып жатудың өзі артық. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысының бірінші кезеңінің аяқталуына орай, Қызылорда облысында елді мекендерді газдандыру бойынша дайындық іс-шаралары жүргізілуде. Екі жыл ішінде облыс тұрғындарының 70 пайызын қамтитын 21 елді мекен кезең-кезеңмен газдандырылады деп жоспарлануда. Қазір белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін 12 ТЭН және жобалық-сметалық құжаттама дайындауға облыстық бюджеттен 570 млн. теңге бөлінді. Биыл қосымша тағы да 550 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Сарапшылардың есептеуінше, барлық елді мекендердің тауарлық газға деген сұранысы жылына 1,2-1,6 млрд. текше метрге жуық. Арысқұм, Кеңлік, Бектас, Қоныс, Қызылқия кен орындарындағы қосалқы газ өндіру көлемінің болжамды көрсеткіштері және жасалған ТЭН бойынша Солтүстік-Батыс Қызылқия кен орнының газ қорлары 650 млн. текше метрге жуық. Ақшабұлақ кен орнындағы қосалқы газ өндіру орташа жылдық көрсеткіштері жылына 360 млн. текше метрге жуықтайды.
Аймақ басшысы Оңтүстік Торғай ойпатының Арысқұм иіні кен орындарындағы газды кешенді пайдалану жобасын нәтижелі түрде жүзеге асырған жағдайда біздің ұзақмерзімді перспективада газға деген сұранысымыздың 63-84 пайызын өзіміздің энергетикалық ресурстарымыз арқылы өтеуге мүмкіндігіміз болатынын айтты. Қалған 200-600 млн. текше метр «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры арқылы жеткізіледі. 2013 жылы осы жобаны жүзеге асыру үшін «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ тапсырысымен «Арысқұм» кен орнында кешенді газ дайындау құрылғысын салу жобалық құжаттамасы жасалып, 2014 жылға құрылыс-монтаж жұмыстарын атқару үшін 85 миллион АҚШ доллары қаралған болатын. Алайда, қазір «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ осы зауыттың құрылысын тоқтатты. Кәсіпорын инвестиция салу тиімсіз деп санайды. Бұл Үкімет қаулысымен бекітілген соңғы есептеу формуласының өзгеруіне байланысты болып отыр. Осыған орай, бүгінгі күні «Сapіtal Gate Central Asіa» кәсіпорнымен ГКДҚ салу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Бұл ретте «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ мен «Қуатамлонмұнай» АҚ «Арысқұм» кен орнына дейін құбырларды салып, тазартылмаған ілеспе газды оны әрі қарай өндеу үшін жеткізіп тұрса болды. Осы зауыт құрылысы мен тиісті газ көлемін өндіру және жеткізу мәселесі оң шешімін тапқан жағдайда, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына қосылған «Арысқұм-Жосалы» магистральды газ құбырын салуға инвестициялық тетіктерді іске қосуға дайын. Сондықтан, осы мәселенің бүкіл аймақ үшін экономикалық және әлеуметтік маңызы зор екенін ескере отырып, Арысқұм кен орнында ГКДҚ құрылысына байланысты мәселелерді шешуді тездеткен жөн.
Сондай-ақ, Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан 5 бағыттаушы газ құбырын салуға және Арал, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған елді мекендерінде кентішілік газ тарату жүйелері бар АГТС құрылысын салуға 16,5 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту жөнінде келісім жасалды. Сегіз АГТС құрылысы жөнінде мәселе шешімін таппай отыр. Осы АГТС және бағыттаушы газ құбырлары құрылысын салу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін Мұнай және газ министрлігі арқылы шешілуін сұралады. Сондай-ақ, Өңірлік даму министрлігіне тиісті елді мекендерде кентішілік газ тарату жүйелерін қаржыландыру үшін сұраныс жолданады. 
Облыс әкімі мұнай өндірісіндегі қазақстандық қамтамасыз етудегі қордаланып қалған мәслелерге де назар аударып өтті. Мұнай және газ жобаларында қазақстандық үлесті арттыруға бағытталған жұмыстардың арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Қазіргі таңда, облыстың мұнай саласында мұнай кен орындарын игеру және қызмет көрсету бойынша технологиялық жұмыстарды орындайтын 37 мың қызметкерді қамтитын 50-ге жуық сервистік компания бар. Сонымен қатар, мұнай саласындағы қызмет көрсету бағаларының қалыптасуына жасалған талдау облысымызда жұмыстар мен қызметтер тарифтері елімізде ең төмен екенін айқындап берді. 
МҰНАЙ-ГАЗ КЕШЕНІ АЙМАҚ ДАМУЫНЫҢ КӨКЖИЕГІН АЙҚЫНДАЙДЫТеңгенің құнсыздануы толықтай дерлік импорттық құрал-жабдықтар мен техникаға негізделген отандық мұнай саласында сервистік қызмет көрсету жағдайын одан әрі қиындатып жіберді. Сондай-ақ, сервистік қызмет көрсетуші компаниялар 100 пайыз жергілікті жұмыс кадрларын пайдаланады. Осыған орай, жергілікті кадрлардың әлеуметтік жағдайы алаңдатып отырғанын атап өткім келеді. 
Тарифтер ұзақ жылдар бойы өзгермегендіктен, шешуін күткен мәселелер қордалана түсуде. Осы саладағы орташа жалақы 2011 жылдан бастап 31, жанар-жағармай бағасы 25, азық-түлік өнімдері 21, өндірістік бағалар 28, ал доллар бағамы 22 пайыз өсті. Нәтижесінде, мұнай саласында қызмет көрсететін компаниялар бағалардың өсуіне және тарифтердің төмендеуіне байланысты даму және жаңғырту үшін өз капиталдарын жинай алмай, толығымен шығынға батты. Мұндай жағдайда қызметкерлерге қолайлы әлеуметтік жағдай жасау қиындай түсуде. Одан әрі тиімді іс-шаралар қабылданбаса, болашақта жергілікті мердігерлердің қызметін тоқтату қаупі бар. Ұлттық валюта бағамының өзгеруіне байланысты, барлық мұнай және газ компанияларының басшылары жергілікті жер қойнауын пайдаланушы ұсынатын жұмыстар мен қызметтерге тиісті тарифтерді қайта есептеуді және келешекте инфляция коэффициентін ескеруі тиіс. Алдағы болатын кәсіпкерлер кеңесінде Қызылорда облысының мұнай және газ жобаларында қазақстандық және жергілікті үлесті арттыру мәселесі қаралатын болады. 
Сөз соңында Қырымбек Елеуұлы кәсіби-техникалық білім беру жүйесіне қатысты ойын жеткізді. Тек қана білім беріп қоймай, оны тәжірибемен ұштастыру дағдыларын да қалыптастыруымыз қажет. Осы орайда «Қазатомпром» ҰАК» АҚ-мен бірлесе отырып, осы жылы тау-кен және мұнай-газ өнеркәсібі саласында кәсіби-техникалық лицей құрылысын салу басталады. Барлық компаниялар оқу жоспарлары мен әдістемелерін жасақтауға қатысып, жетекші шетелдік оқытушыларды тартуға атсалыса алады. Бұл лицей түлектері жер қойнауын пайдаланушы компаниялар талаптарына сәйкес болуы үшін қажет. 
Министр Ұ.Қарабалин облыс әкімінің алаңдаушылығына түсіністікпен қарайтынын атап өтті. Ол Мемлекет басшысының мұнай өндіру коэффициентін арттыру туралы тапсырма қойып отырғанын айтты. Осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынуда. Мұнай қабаттарын толығырақ қамтитын шетелдік ноухау технологиялары тартылу үстінде. Оларды жергілікті мамандар үйренуі үшін мұнайлы өңірлер орталықтарында форумдар өткізу басталып отыр. Ол сонымен қатар, салаға қатысты жақсы жаңалықтардан хабардар етті. Қызылорда облысында қытайлық мамандар күшімен сұйытылған газ – метан шығаратын зауыт салу жоспары бар. Оның тиімділігі алыс ауылдарға құбыр тартпай-ақ, көгілдір отынды көлікпен жеткізуге болады. Сонымен қатар, метан газынан дизель отынын шығаратын ағылшындық технологиялар әкелу ойластырылып отыр. Бұл екі жобаға да облыс басшысы қолдау көрсететінін білдірген. Сала министрі облыс басшысы айтып өткен мәселелер бойынша қаржыландыруды шешуге күш салатынын жеткізді.
Геология және жер қойнауын пайдалану комиетінің төрағасы Б.Нұрабаев геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тарту және тиісті заңдылықтарды жетілдіру туралы Елбасы Жолдауында айтылғанын еске салып өтті. Ол Қызылорда облысының ресурстары толық барланбағанын, сол себепті аймақтағы Оңтүстік Торғай, Арал, Сырдария бассейндерінде барлау жұмыстары қолға алынатынын тілге тиек етті. Облыс аумағында тек көмірсутек шикізаты ғана емес, сонымен қатар, қатты рудалар, сирек кездесетін металдар, минералды тұздар, сондай-ақ тұщы су көздері іздестірілетін болады. 
Мәжілісте «ҚазТрансГазАймақ” АҚ бас директорының орынбасары Ибулла Сербиев облыста газдандыру жұмыстарының жай-күйі туралы айтып өтсе, «ҚазГерМұнай” БК” ЖШС бас директоры Медет Кәрім компанияның облыстың экономикасы мен әлеуметтік саласына қосып отырған үлесі жайлы жеткізді. Ал «Қор” компаниясының басшысы Марат Нұрпейісов бүгінгі күні жанармаймен жабдықтауда Павлодар мұнай өңдеу зауыты тарапынан туындап отырған кедергілер туралы министрді құлағдар етіп, көмектесуді сұрады. Ұ.Қарабалин көмектесуге уәде етті. «РУС-ИННО” компаниясы директорының ғылым және технологиялар жөніндегі орынбасары, профессор Владимир Иванников өз кезегінде мұнай өндіру көлемін арттыруға көмектесетін екі түрлі технология әкеліп отырғанын айтты. 
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі мұнай өндірісі компаниялардың ішкі шаруасы саналғанмен, оның көлемінің азаюына бей-жай қарап отыра алмайтынын қатаң ескертті. Өйткені, таразының екінші жағында облыстың экономикалық-әлеуметтік ахуалы, аймақтың даму перспективасы тұр.
***
Облыс орталығында өткен кеңейтілген жиыннан кейін аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен  Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин бастаған топ алдымен «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-на қарасты «Ақшабұлақ” кен орнында болды. 
Аталған компанияның бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Нұржан Әбдірахманов мәртебелі мейманды УПГ-2 газ қондырғысының жұмысымен таныстырып, соңғы жылдары өндірілген газ өнімінің көлемі және оның перспективасы туралы айтып берді. Айта кетейік, Қызылорда қаласының тұрғындары өңірде өндірілетін газдың игілігін соңғы 9 жылдан бері көріп келеді. Өйткені, «ҚазГерМұнай» ЖШС 2005 жылдың қазан айында УПГ-1 газ қондырғысын іске қосып, «Ақшабұлақ-Қызылорда» газ құбыры арқылы облыс орталығын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ете бастаған-ды.
Ал, Индустриялық картаға кірген серпінді жобалардың бірінен саналатын УПГ-2 газ қондырғысы 2011 жылдың күзінде пайдалануға берілді. Сол тұста аталған компания газдың өнімділігін еселеп арттырып, облысымызда сол жылдан бастап  алғаш рет жылына 550 млн. текше метр газ өндіріле бастады. Газ айыру қондырғысында газ өнімінің екі түрі өндірілетінін айта кеткен жөн. Оның бірі құрғақ газ болса, екіншісі – сұйытылған газ. Құрғақ газ ұзындығы 150 шақырымды құрайтын «Ақшабұлақ-Қызылорда» құбыры арқылы облыс орталығына жөнелтіледі. 
Ал, сұйытылған газды серіктестік еліміздің компанияларына сатады. Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Нұржан Әбірахмановтың айтуынша, өткен жылы компания 519 млн. текше метр газ өндірген. Оның басым бөлігі қала тұрғындарының игілігіне жұмсалды. Сол себепті де өткен қыста қаламызда газ жетіспеушілігі, көгілдір отынды шектеп беру мәселесі орын алған жоқ. Сондай-ақ, өткен жылы компания  120 тонна сұйытылған газ өндіріп, өз өнімін республикамыздағы жеке компанияларға ұсынған.
«ҚазГерМұнай” компаниясы  іргедегі «Кристал-Менеджмент» ЖШС-на қарасты газтурбиналық станцияға өндірілген газ көлемінің 30 пайызын ғана береді. Нақты кезеңде аталған компания «Ақшабұлақ” ГТЭС-не сағатына 6 мың текше метр газ жіберуде.   
Еліміздің Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин бастаған мәртебелі қонақтар мұнан соң «Кристал-Менеджмент» ЖШС газтурбиналық станциясына ат басын бұрды. Аталған газтурбиналық станцияның жұмысымен компанияның бас директоры Дәулет Сайзинұлы таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда газ тапшылығына байланысты мұндағы 3 газтурбинаның 1-уі ғана жұмыс жасап тұр. Өйткені станцияға жоғарыда айтып өткеніміздей, сағатына 6 мың текше метр ғана газ беріледі. Онан электростанция сағатына 30 мВт электр қуатын өндіруде. 
Кешегі қыс айларында станция бірнеше ай жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Себебі, «Ақшабұлақ” және «Нұралы” кеніштерінде өндірілген газ алдымен облыс орталығының сұранысын жабуға жұмсалады. Газ толық мөлшерде беріліп, станция толық қуатына көшер болса, мұндағы 3 газтурбина сағатына 87 мВт электр қуатын өндіре алады екен.
Мәселенің мән-жайына қаныққан Мұнай және газ министрі алдымыздағы мамыр айынан бастап электрстанцияға толық көлемде газ беру мүмкіндігі туатынын жеткізді.
Мұнан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин бастаған топ Оңтүстік Торғай иініндегі «Арысқұм” кенішінде болып, онан әрі Қармақшы ауданына жол жүріп кетті.
***
Түстен кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қармақшы ауданында болды. Ауданға жасалған сапарда министр Қорқыт ата ескерткіш-кешеніне аялдап, Қорқыт ата зиярат ету орталығының жұмыс барысына зер салды. Аудан активімен жүздесіп, Елбасының биылғы Жолдауына байланысты үгіт-насихат шараларын жүргізді. 
Зиярат ету орталығы үстіміздегі жылы елдің игілігіне айналды. Соңғы жылдарда ескерткіш кешеніне ат басын бұрғандар қатары артып келеді. Халықаралық туристер одағының құрамына кіретін 70-тен астам елден өкілдер келіп, түбі бір түркі жұрты құрмет тұтатын орынды тамашалап қайтты. Осыған байланысты кешен аумағында халықаралық талаптарға сай келетін орталық құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл жұмысты жергілікті «Дорстрой» ЖШС қолға алып, осы мақсатта 450 млн. теңгеден астам қаржы шығарды. Қазіргі таңда мұнда келушілер барлық жағдайы жасалған орталық қызметін пайдалана алады. 
Аудандық мәдениет үйіндегі аудан активі мен жергілікті жұртшылықпен жүздесуінде министр Елбасының биылғы Жолдауына байланысты туындайтын міндеттер мен тапсырмалар жөнінде жан-жақты айтып берді. «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында келешекте ел дамуының негізі боларлық көптеген іс-шаралар жоспары белгіленді. Тәуелсіздік алған жылдарда біздің еліміз әлемдегі қарыштап дамыған мемлекеттердің қатарына қосылды. Бұл жылдарда ішкі өнім деңгейі 20 есеге артып, жан басына шаққанда оның мөлшері 13 мың АҚШ долларына жетті. 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» даму стратегиясы бойынша жоспарланған жұмыстар 15 жылдың шамасында толықтай орындалып, мемлекет алдында жаңа міндеттер белгіленіп отыр. Әлем бойынша Қазақстан мұнай өндіруде үздік 15 елдің қатарына қосылса, газ өндіруде алғашқы жиырмалыққа енді. 
Елімізде қазына қазанын толықтыруда тау-кен саласының алатын орны ерекше. Сондықтан бұл саланы дамытуда сан алуан іргелі жобалар қолға алынып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу бойынша жоба қолға алынып отыр. Сондай-ақ, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры оңтүстік өңірдегі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартуға оң септігін тигізеді. 
Тау-кен саласында Қызылорда облысы да өзіндік орнын еншілейді. Бүгінгі күнге дейін біздің өңірде мұнай, газ, уран, ванадий кендеріне түрен тисе, келешекте олардың қатарын басқа да қазба байлықтар толықтырады. Оған Сыр өңірінде барлық мүмкіндік көзі бар. Алдағы уақытта облыста темір, қорғасын, мырыш секілді жерасты байлықтары да өндіріліп, елдің игілігіне айналады деген үміт бар. 
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев облыс аумағында көптеген қазба байлық бар екенін тілге тиек етті. Алдағы уақытта оларды барлау және игеру шараларына мән беріледі. 
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
Әділжан ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз