ӨНДІРІСТІК АЛАҢДАР БОС ТҰРМАУЫ ТИІС

58

0

Кеше облыс әкімі Қырымбек
Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің
кезекті отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібінде Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі
аудандарында құрылған индустриалдық аймақтарда инвестициялық жобаларды жүзеге
асыру мәселесі қаралды. Жиынға барлық аудан және тиісті басқарма басшылары
қатысты.

Басқосуды ашқан
аймақ басшысы Қ.Көшербаев кәсіпкерлікті қолдау мемлекетіміздің экономикалық
саясатының басым бағыты екендігін, Елбасының Қазақстан халқына арнаған
Жолдауларында кәсіпкерлік саласы ұлттық экономикамыздың қозғаушы күші ретінде
анықталғанын айтып өтті. Мұнан соң кезек хабарламашыларға берілді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен облыс әкімінің
орынбасары Серік Қожаниязов хабарлама жасады. Нақты кезеңде Қызылорда қаласы
мен жоғарыда аталған 4 ауданда осыдан бірнеше жыл бұрын басталған индустриалдық
аймақтың құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Алайда, аудандарда олар
толыққанды жұмыс бастап кете алмай отыр. Мұндай жағдайда ішкі жалпы
өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің
үлесін 40-45 пайызға жеткізу күрделене түседі. Хабарламашы «Бизнестің жол
картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аймақтарға қажетті
инфрақұрылым жүйелері жеткізіліп берілгенін,дегенмен, осы өндірістік аймақтардан жер телімін алған кәсіпкерлер жұмыстарын
жүргізе алмай отырғанын атап өтті. Мұнан соң Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі
аудандарының әкімдері хабарлама жасап, индустриалдық аймақтарда атқарылып
жатқан жұмыс жайлы айтып берді. Мәселен, Арал қаласында өндірістік алаңның 63
пайызы бос тұр. Құс фабрикасы жобасы үшін жер телімін алған компания бір жылдан
бері жұмысын бастамаған. Облыс әкімі Қ.Көшербаев аудан басшысы А.Мұхимовқа
шұғыл арада жер телімін қайтарып алуды тапсырды. Ал, Қазалы ауданының әкімі
Бақыт Жаханов 12 жобаның 3-і жүзеге асқанын, тағы 6 жобаға жер телімі берілгенін,
олардың бірқатары биыл іске қосылатынын жеткізді. Жобаларды жүзеге асыруда
Жалағаш ауданы алда тұр. Мұндағы өндірістік аймақта 651 млн теңгенің жобалары
жүзеге асырылмақшы. Қазір ауданда 4-і іске қосылған, тағы 6 жоба жыл соңына
дейін қосылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал Шиелі ауданындағы
өндірістік аймақтың 78 пайызы игерілмей тұр.

Басқосуды
қорытқан аймақ басшысы Қ.Көшербаев аудан әкімдеріне аймақтан жер алып, жобасын
бастамағандардан жер телімін қайтарып алуды және барлық мүмкіндік жасалған
өндірістік аймақтарға өзге аймақтардан, тіпті шет елдерден инвесторлар тартуды
жүктеді.

 

Дәуіржан
ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз