ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ӨЗГЕРТУ – БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ МІНДЕТ

84

0

сұхбат
Тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша облыс көлеміндегі ахуал қандай? Осы бағытта қызылордалық сақшылар нендей шаралар атқаруда?
Бұл сұрақтардың жауабын біз Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетовтен сұрап білген едік.

– Әмірбек Бердібекұлы, ең әуелі тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастырудың маңыздылығы туралы толығырақ тоқтала кетсеңіз…
– Елбасымыз 2012 жылы Қазақстан халқына жолдауында осы қағиданы қалыптастыруды тапсырған болатын. Ол өз сөзінде: «…дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақ ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіптік нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам», – деген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тарту керегін» ерекше атап өткен еді. Сол себепті, біз осыған база назар аударуымыз керек. «Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықты болдырмау – тек полицияның жұмысы» деген теріс түсініктен арылатын кез жетті. Біз қоғамдағы келеңсіз көріністерге қарсы ел болып күрескенде ғана, оң нәтижеге қол жеткіземіз.
Мәселен, соңғы жылдары облыс орталығының ажары кіріп, көркейіп келеді. Алайда, саябақтарды, аллеяларды бүлдіру, қоқыстарды кез-келген жерге тастай салу, көшелердегі заманауи жарықшамдарды сындыру, қирату, тыйым салынған орындарда темекі шегу секілді құқық бұзушылықтар тыйылар емес. Осы орайда, біздің органға шағымдар мен сындар айтылады. Әрине, шындығында, біз қоғамдық тәртіпті қадағалауға, вандализмнің алдын алуға міндеттіміз. Бірақ, әр жарықшамды, әр аялдаманы бір-бір полиция қызметкеріне аңдытып қою мүмкін емес. Бұл жағын да ескеруіміз керек. Ал, өзіңіз қараңызшы, қоғамдық тәртіп бұзып жатқандар кімдер? Саналы, ересек азаматтар. Сондықтан, ең алдымен, олардың, жалпы халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, тәртіпсіздік пен құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру аса маңызды.
– Біз сөз қылып отырған «мүлдем төзбеушілік» қағидасы төңірегінде қандай шаралар атқарылуда?
– Облыс әкімі өткен айдың басында тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға қарсы «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру жөнінде 2014 жылға арналған өңірлік іс-шараларды бекітті. Осы бағытта жұмыстар іске асырылып жатыр. Жалпы ҚР Ішкі істер министрлігі осы қағидатты қолдану бағытында және азаматтардың құқықтық сана-сезімін қалыптастыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға тікелей әсер ететін Әкімшілік кодекстің 9 бабын белгілеген. Сақшылар соның негізінде профилактикалық шараларды ұдайы жүргізіп келеді. Биылғы жеті айда барлығы 11 747 құқық бұзушылық анықталып отыр. Бұл санайғақты одан әрі тарқатып айта кетейін. Мысалы, белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін 386 азаматқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 165-бабы бойынша, қаламызда және елді мекендердің аумақтарын көріктендіру ережелерін бұзған 1172 тұрғынға 387-бап бойынша шара қолданылды. Ал қоғамдық орындарды ластаған 1154 адам 330-бап бойынша жауапқа тартылды. Кейбір қоғамдық орындарда темекі шегуге әкімшілік кодекстің 336-1 бабымен тыйым салынған, бірақ оны елемеген 770 азамат анықталды. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаларының ойын-сауық орындарында түні бойы жүруіне жол берген 33 ата-анаға 112-1 бап бойынша шара қолданылды.
– Полицияның міндетіне тек жазалау ғана емес, тәртіпке шақыру және тәрбиелеу де кіреді емес пе?
– Өте орынды айтып отырсыз. Адамдарды аталған баптармен жазалап, қоғамдық тәртіпті толыққанды реттей алмайтынымыз анық. Қайталап айтайын, қоғамдағы әрбір азаматтың көзқарасын өзгертуге күш салуымыз керек. Оны балабақша мен мектеп табалдырығын аттаған балғындардан бастап түсіндіруіміз керек. Қазіргі таңда ішкі істер департаменті тарапынан бұл бағытта білім беру саласына ұсыныстар айтылып жатыр. Тәртіпсіздік деген не? Қандай әрекеттер құқық бұзушылық болып есептеледі? Айыппұлдары қанша? Жолда жүру ережесі қандай? Бұларды балалар біліп өсуі тиіс. Сонымен қатар, ересек азаматтар жеткіншектердің жүгенсіздігіне «балалық қой» деп бейжай қарамауы қажет. Мысалы, бір бала жерге қоқыс лақтырса, оған үлкендер ескерту жасап, ұятын оятуы керек. Қоғам мүшелері бір-бірін тәрбиелей алатынын БАҚ арқылы насихаттай берсек, оң нәтиже берері сөзсіз. Әрбір адам құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілікті» азаматтық парызым деп білуі керек.
Ал, шара қолдану – қоғамды тәртіпке шақырудың бір тәсілі. Мысалы, темекісін шегіп, тұқылын кез-кезген жерге тастай беретін азаматты сот органдарының шешімімен бірнеше тәулікке қамаса немесе айыппұл салса, ендігәрі ол қылығын қайталамайтын болады. «Аузы күйген үрлеп ішеді» емес пе?!
– Әлбетте. Осы ретте тәртіп сақшыларының жұмысында нәтиже бар ма?
– Профилактикалық шаралардың нәтижесінде облыс көлемінде тіркелген жалпы қылмыстың саны 9,3%-ға (6377-ден 5785-ке), оның ішінде жасөспірімдермен жасалған қылмыс саны 29,7%-ға (74-тен 52-ге), мас күйінде11,4%-ға (420-дан 372-ге), көшедегі қылмыстар 17,3%-ға (1223-тен 1012-ге) азайды. Аймақ бойынша «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Балалар түнгі қалада» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл шаралар жалғасын табатын болады. 1-тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Балаға мейірім сыйла» ұранымен «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өткізілуде. Алдағы уақытта облыс көлемінде «Абайлаңыз, балалар!», «Полиция және мектеп» іс-шараларының кезең-кезеңмен өткізілуі жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыста 1165 адамы бар 192 қоғамдық құрылым қызмет атқаруда. Олардың көмегімен жыл басынан бері 61 қылмыс ашылып, 215 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды.
Айта кеткен жөн, қоғамдық тәртіпті сақтауда белсенділік танытқан азаматтар ақшалай марапатталатын болады. Ол үшін жергілікті бюджеттен биылға жалпы 2 млн. 279 мың теңге қаражат қарастырылған. 1-жартыжылдыққа бөлінген қаржының 1 млн. 116 мың теңгесі толығымен игерілді, яғни, қылмыс ашуға көмектесіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысқан 74 азамат ақшалай марапатталды.
– Ал облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың құқықтық мәдениетті қалыптыруда белсенділігі қандай?
– Өте төмен десек те болады. Қазір облыста 700-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар. Өкініштісі, олар біздің салада, «мүлдем төзбеушілік» қағидаты төңірегінде белсенді жұмыс істеп жатқан жоқ. Атаулы күндерде тек бір реттік шараларды жылт етіп өткізуі мүмкін. Бірақ жүйелі әрі тұрақты түрде атқарып жатқан кешенді шаралары атымен жоқ. Ал сол ұйымдардың жарғыларында «мақсатымыз – жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеу», «құқықтық мәдениетті арттыру» деген сөздер бар. Бәрі сөз жүзінде ғана. Негізінде, үкіметтік емес ұйымдардың міндеті – мемлекеттік органдарға қоғамдағы кейбір мәселелерді шешуге көмектесу. Сондықтан, үгіт-насихаттық шараларға қоғамдық ұйымдардың белсенді араласқанын қалар едік.
– Қаламыздағы бейнекамералардың тиiмдiлiгi қаншалықты?
– Пайдасы мол, көптеген құқық бұзушылық осы бейнекамералардың көмегімен анықталады. Қазіргі таңда қалада 216 бейнекамера бар. Соның 96-сы тұрғын үй аулаларында орналасқан. Бізде оны тиімді пайдалану мәселесі тұр. Өйткені, аулаларды жарықтандырып тұрған шамдарды сындырып кететіндер бар. Сол себепті, «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша пәтер иелері кооперативтері өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бұған қоса, тұрғындар аулаларда  тазалықты сақтамаса, көліктерді дұрыс тұраққа қоймаса, әкімшілік жазаларға тартылатыны жөнінде түсіндіру шараларын жүргізетін боламыз.  
Сонымен қатар, 500-1000 адамға арнап салынған ғимараттардың иелері көпшіліктің қауіпсіздігі өз қаржылары есебінен бейнебақылау камераларын орналастыруы қажет. Тіпті, олардың басым көпшілігінде келуші автокөліктер тұрақтайтын тиісті орын жоқ. Ал онда келгендер көліктерін көше бойына қаз-қатар тізіп қоюға мәжбүр…
– Бұл көлік кептелісін тудырады емес пе?
– Дәл солай. Егер кәсіпкер 500 адамға арнап мейрамхана, ойын-сауық орталығын салатын болса, 75 көлік орналаса алатын автотұрақ салуы тиіс. Біздің қалада бұл мүлде ескерілмеген. Бұл адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені, жол бойында бей-берекет қойылған көліктер ірі жол апаттарының тууына бірден-бір себепші болуда. Осы орайда, біз қалалық әкімдікке ғимараттар салар алдында автотұрақ салуды ескеру туралы ұсыныс бердік. Бұған қоса, сауда орындары, кафелердің айналасы қоқысқа толы. Мұны көрген жұрт «полиция қайда қарап отыр?» дейді. Дамыған шет елдерде көшеден полицияны таппайсың, олар тек келеңсіз оқиға орын алған кезде келеді. Ал бізде кез келген нәрсені полицияның күшімен жасағысы келеді. Облысымызға, қаламызға әрбір тұрғын жанашыр болуы тиіс. Бұл – біздің ортақ үйіміз. Ортақ іске ұйымшылдық танытуға ауыл-аудан әкімдері, ішкі саясат басқармасы мен ішкі істер органы тарапынан ғана түсіндірме жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, халық тарапынан да қолдау жасалу керек.  
– Халықтың полицейге деген сеніміне селкеу түсіретіндер жоқ емес, бар. Бұл туралы не айтасыз?
– Мұндай жағдайлар жоқ деп сөзіңізді терістей алмаймын. Өйткені, «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Темекіні кез келген жерге тастағаны үшін айыппұл белгілеп, хаттама толтырған инспектордың өзі артынша шеккен шылымын шиырып лақтырғанын да көріп қаламыз. Бұл ақылға сыйымсыз. Сондықтан біз жеке құрамның әрбір әрекетін мүмкіндігінше қатаң қадағалап отырамыз. Полицей біреуді тәртіпке шақыру үшін өзі соған лайық болуы керек. Екіншіден, «мүлдем төзбеушілік» қағидасына келгенде біз қоғаммен ашық, жариялы түрде жұмыс істеуіміз қажет.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Дәурен ОМАРОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз