ІС-ҚИМЫЛ ЖОСПАРЫ ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛДЫ?

67

0

өткен жылы облысты қаржыландыру 1,5 есеге артты
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен тұрақты кеңес мәжілісі өтіп, онда 2013 жылға арналған облыс әкімінің іс-қимыл жоспарының орындалуы және облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жарияланды. Сондай-ақ  мәжілісте өткен жылғы бюджет қаржысының игерілуі, азық-түлік бағасын тұрақтандыруда атқарылған жұмыстар, халыққа медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсету сапасы туралы мәселелер қаралды.  
Өткен жылдың қорытындысымен облыс әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторлары бойынша өсу динамикасына қол жеткізді. Облыс басшысы мұнай шығару көлемінің төмендеуіне қарамастан, жалпы өнеркәсіп өнімі көлемінің өсуін атап өтті. Бұл көрсеткіш өңдеу өнеркәсібінің өсуі арқылы мүмкін болды. Өңдеу өнеркәсібі, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі  артты. Ауыл шаруашылығы саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен жыл күріштен тәуелсіздік жылдарындағы ең мол өнім жинаған кезең ретінде де есте қалды. 
Былтыр облыс әкімінің 2013 жылға арналған іс-қимыл жоспары түзіліп, оны орындау тетіктері нақтыланғаны белгілі. Жоспардың барлық бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарды саралаған облыс әкімінің орынбасары Н.Годунова негізгі көрсеткіштерді атап өтті. Облыс экономикасына салынған инвестиция көлемі алдыңғы жылға қарағанда 40 пайызға артқан. Өсу қарқыны бойынша біздің облыс республикада 2 орынға шықты. Хабарламашы шағын және орта бизнестің, ауыл шаруашылығының жетістіктеріне, жұмыссыздықпен күрес нәтижелеріне, әсіресе жастар жұмыссыздығын жоюдағы алғашқы көтеріңкі көрсеткішке тоқталды. 
Жалпы облыс әкімінің өткен жылға арналған іс-қимыл жоспары 175 шарадан тұрса, оның 3-уі ғана орындалмады. Олардың бірі – Қызылорда қаласындағы жылу желілерін қайта жаңғыртуға халықаралық қаржы институттарын тарту болатын. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін басқа қаражат көзі ізделді. Сондай-ақ, құрама жем зауыты және Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жерді орман қоры санатынан алып, елді мекен жері санатына ауыстыру бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Облыс әкімінің орынбасары ішінара орындалған және іске асып жатқан шараларды да сараптап көрсетті. Жоспарға енген 175 шараның 155-і бойынша жұмыс толығымен аяқталған. Металлургиялық, күріш кластерін, энергетика және балық консорциумын құру туралы тапсырмалар орындалды. Біздің өңір балаларды мектепке дейінгі тәрбие ошақтарымен қамту көрсеткіші бойынша  республикадағы үздіктер қатарында. Әлеуметтік саланың жетістіктеріне тоқталған хабарламашы өткен жылы табысты жүзеге асқан мүгедектерді қолдаудың және денсаулық сақтау саласын дамытудың жол карталарын да атап көрсетті. 
Баяндамадан соң облыс басшысы жүзеге аспай қалған 3 пункт бойынша өз пікірін білдірді. Олардың 2-і бойынша объективтік, 1-інің субъективтік себептері бар.   Қызылорда қаласының жылу желілерін қайта кешенді жаңғырту және «Қызылордажылуэлектрорталығы” МКК-ның даму жоспарын әзірлеу үшін Еуропалық қайта құру және даму банкісінен несие тарту жоспарланған болатын. Алайда бұл мақсатқа Өңірлік даму министрлігінен қаржы бөлінбек. Қаржыландырудың басқа түрін қабылдағандықтан, бұл бағыт жүзеге аспаған деп есептелмейді. Құрама жем зауытының құрал-жабдықтары Германиядан әкелінетіндіктен, тасымалдауға кететін уақытты ескере отырып, жоба осы жылдың алғашқы тоқсанына шегерілді. Үшінші мәселе, яғни сол жағалаудағы жалпы алаңы 2220 гектар жерге геологиялық зерттеу жұмысын жүргізіп, оң қорытынды алынған жағдайда ол жерді орман санатынан шығару тапсырылған еді. Қаланы дамытудың бас жоспарына сәйкес жерді Қызылорданың шекарасына енгізіп, елді мекен жері санатына ауыстыру да  іс-қимыл жоспарында көрсетілген. Бұл орайда қаланың батысындағы шағын ауданды салуда жіберілген қателіктерден сабақ алу керек. Бірақ облыстық архитектура және қала құрылысы басқармасы қорытындыны уақытылы бермеді. Алдағы уақытта аталған басқарма мен жер қатынастары басқармасы бұл жұмыстарды атқаруға күш салуы тиіс. 
Облыс әкімі бюджет қаражатының игерілуі бойынша көрсеткіштердің көңіл көншітпейтінін атап өтті. Игерілмеген соманың көлемі 2,8 млрд. теңге.     Қаржыны игеруде 2012 жылмен салыстырғанда алға жылжу байқалғанмен, 100 пайызға қол жетпеді. Республикалық қазынадан бөлінетін әрбір теңге үшін қаншама күш-жігер жұмсалады. Алайда жыл соңында жұмыстың жөнді ұйымдастырылмауы кесірінен қаншама қаржыны кері қайтаруға тура келеді. Мәселен, өткен жылы 2012 жылмен салыстырғанда республикалық бюджеттен алынған трансферт  көлемі 1,5 есеге артқан. Аймақ басшысы осынша еңбекпен келген қаражатты игермегендерді орынды сынға алды. Облыс әкімінің орынбасары қаржының игерілмеуі болжанған бағдарлама әкімшілеріне барлық жағдай мен мүмкіндіктер ұсынылғанын, кеңестер берілгенін, арнайы кесте жасалғанын айтты. 
Игерілмеген қаржының жартысынан астамы құрылыс басқармасына тиесілі. Сонымен қатар, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары, білім беру, ауыл шаруашылығы, балалар құқығын қорғау басқармалары қомақты қаржыны игермеген. Көтеріңкі көрсеткіштерге келсек, мәдениет, денсаулық сақтау басқармалары мен Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандары жақсы нәтижеге қол жеткізді. Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданының бөлінген қаржыны игерудегі көрсеткіштері төмен. 
Хабарламадан соң сөз алған аймақ басшысы 2008 жылдан бері созылып келе жатқан 34 «сақалды” құрылыстың 30-ы пайдалануға берілгенін атап өтті. Бұл нысандар әлеуметтік маңызы зор құрылыстар болғандықтан, олардың уақытылы аяқталмау себебі қазбаланбады. Атқарылған қыруар жұмыстың жемісін халық көруде. Құрылыс басқармасының басшысы Сержан Нәметша алдағы жылы жоспарланған жұмыстардың ауқымында мұндай кемшіліктерге жол берілмейтінін айтты. Мәжіліс барысында Қырымбек Елеуұлы жауапсыз мердігерлерді бюджет  қаржысына салынатын нысандарға жақындатпау туралы тапсырма берді. Кейбіреулер фирмасын басқа атпен тіркеп қайтадан жұмысқа кірісуге болады деп ойлайды. Алайда алақандай Қызылорда облысындағы фирмалардың хал-ахуалы, материалдық базасы туралы білу қиын емес. Сондықтан мердігерді айқындауға үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Хабарламада атап көрсетілген басқармалар басшылары мен қала, аудан әкімдері қаржы игермеу себептерін түсіндірді. Облыс басшысы қаржы игеруде кемшілікке жол берген басшыларға шара көру туралы тапсырма жүктеді. Ұйымдастыру жұмыстарында өткен жылы орын алған кемшіліктерді қайталамауды тапсырды. 
Күн тәртібінде өзекті мәселелердің бірі – азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев хабарлама жасады. Бағаның тұрақсыздығы қоғамда әлеуметтік алаңдатушылыққа әкеледі. Өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында бағаларда бірқатар өзгерістер бар. Жыл көлемінде азық-түлік бағасының негізсіз өсіміне жол берілмеді. Бүгінде картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат, қияр және қызанақ бағасы қымбаттаған. Маусымаралық кезеңде осы өнімдер құнының өсуі байқалады. Картоп, сәбіз және қырыққабат тұрақтандыру қоры арқылы жеткізілді.  Сатылатын қор мамыр айына дейін бөлінген. Ірі жеткізушілермен қол қойылған меморандум бойынша бағаны өсірмеуге мүмкіндік бар. Тасымал құнының өсуіне орай ұн бағасының қымбаттауы мүмкін деген болжам бар. Бірақ әлеуметтік нан бағасын бұрынғыдан өсірмеу бағытында жұмыс атқарылуда. Бұл жөнінде облыс басшысы да тиісті тұлғаларға талап қойды. Хабарламашы ет бағасын тұрақтандыру, мал бордақылау алаңдарын салуда атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруда ұйымдастыру жұмыстары уақытынан кешікпеуі керек.   
Мәжілісте облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы Ш.Исағалиева халыққа қызмет көрсетудегі аталған саланың жетістіктері мен кемшіліктерін баяндады. Барлық елдерде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын білдіретін индикатор өмір сүру ұзақтығы және ана мен бала өлімі болып табылады. Өткен жылы аймақта өмір сүру ұзақтығы өсіп, ана мен бала өлімі азайған. Департамент басшысы жұртшылықтың арыз-шағымының дені медициналық қызметке көңілі толмаушылықтан жазылатынын айтты. Арыздардың жартысына жуығының негізі бар. Фармацевтикалық қызметті тексеру нәтижесінде дәрілік заттарды сақтау мен тіркеуге алу ережелері бұзылғаны анықталған. 
Аппарат мәжілісін қорытындылаған облыс әкімі күн тәртібіндегі мәселелердің шешімі бойынша тиісті  басшыларға тапсырмалар жүктеді. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз