САРБАЗ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТЫН ПРЕЗИДЕНТТІК ПОЛК

53

0

Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктері Қарулы Күштеріміздің беделді құрылымы болып саналады. Ең үздік әскери қызметшілерді топтастырған күзет қызметінің құрылымдық бөліністеріне іріктеу қатаң талаптарға сай жүргізіледі.
Мерзімді жедел әскери қызметке шақырту науқаны және оған дайындалу процесі үзіліссіз жүргізілетін шара. Шақырту учаскелері бекітілген сәттен бастап, әскерге шақырылу мерзіміне дейін ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып, шақыртуға жататын жастар арасында жүйелі тексеру мен зерттеу шараларын жүргізеді. Мемлекеттік күзет қызметінің офицерлері облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттерден бойы 180 см кем емес әскерге жарамды, оқу және қызмет орындарынан жағымды мінездемелері бар жастарды іріктеп, олардың араласу ортасын, психологиялық бет-бейнесін және медициналық көрсеткіштерін зерделейді. Талаптардың осыншама қатаң болуы Елбасы тарапынан күзет қызметіне артылған үлкен сеніммен түсіндіріледі.
Іріктеу барысында бекітілген ереже-талаптарға сәйкес ең бастысы Отанға деген шексіз адалдығымен, шыншылдығымен, оқыс жағдайларда жалғыз әрі нақты шешім қабылдай білу қабілетімен, төзімді әрі зеректігімен ерекшеленген бозбалаларға басымдылық берілетіні сөзсіз. Спорттық және өзге де салалардағы елеулі жетістіктері әскери борыштарын дәл осы Президенттік полктерде өтеуге жолдама ретінде қарастырылатынын атап өткен жөн.
«Қазақстандық армияның элитасы болып саналатын Президенттік полктердің қатарына үздіктерді таңдау, әрине оңай шаруа емес. Себебі жауапкершілік жүгі ауыр. Сондықтан да бізге қойылатын талаптар өте жоғары. Дей тұрғанмен, біз бұл тапсырмаларды сәтті орындап келеміз», – дейді күзет қызметінің офицерлері.
Бүгінгі таңда еліміздің Қарулы Күштерінің қатарында әскери борышын өтеуге ниеттілердің саны артып келеді. Оның себебі әскери сала заманауи әдіс-тәсілдерді қолданып, кәсіби деңгейін арттыруда. Осы тұрғыда негізгі көрсеткіштердің бірі – қоғам өкілдерінің қатысуымен жүргізілетін шақырту комиссиясы жұмысының ашықтығын тілге тиек еткен орынды.
Шақырту комиссиясынан сон әр өңірден іріктеуден өткен бозбалалар тереңдетілген медициналық тексеріске және психологиялық тестілеуге қатысады. Одан кейін барып, мандаттық комиссияның қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына қосу жөнінде шешім қабылданады.
Айта кетерлігі, сайдың тасындай іріктелініп алынған жас сарбаздарды офицерлерлер жаңа ортада бейімделуге көмек көрсетіп, әскери кәсіптің қыр-сырын меңгеруде бағыт-бағдар береді. Жас сарбаздар жаңа әрі ыңғайлы үлгілі киіммен, өзге де қажеттіліктермен жабдықталады. Мәселен, заманауи казармалық ғимараттар, күнделікті қажеттіліктерді өтейтін арнайы бөлмелер, монша мен кір жуу кешені, жеке тәрбие жүргізу, ойын-сауық бөлмелері де қарастырылған.  
Әрбір сарбаздың өмірінде тек қана бір рет әрі есте қалатын маңызды шаралардың бірі – салтанатты түрде Әскери Ант қабылдау рәсімі. Бұл рәсім ерекше әскери жоралғы болып табылады және ол әскери қызметшілерде патриотизм, Отанға және Президентке адал болу, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарында болуымен мақтаныш сезімін тәрбиелейді.
Әскери ант мемлекеттік құжат бола отырып, әскери қызметшілерден әскери қызметті мінсіз орындауды, әскери істі жіті зерттеуді, тапсырылған қару мен әскери техниканы шеберлікпен әрі мұқият қолдануды талап етеді. Ант қабылдаған сарбаздар аз уақытта әскери ортада өздерін еркін сезініп, тіпті бейімделіп те үлгереді. Бір ай ішінде жас жауынгер дайындық курсынан өтіп, салтанатты рәсімде қарумен және қарусыз саптық амалдарды көрсетіп, өздерінің дайындықтарын көрсетеді.
Ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Алматы және Астана қалаларында орналасқан әскери бөлімшелерге жіберіледі. Бұл жерде оларға аса маңызды тапсырма – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының және өзге күзетілетін лауазымды тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктеледі. Ресми сапармен елімізге келген мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін іс-шараларға қатысып, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын күзетке алады.  
Әскердегі қызмет жас сарбазды шыңдап, халқына адал, айбынды етіп тәрбиелеп шығарады. Әскери өмір – сарбаздың көзқарасын қалыптастырып, болашаққа бағыт-бағдар беретін, тәлімі мен тәрбиесі мол орта. Олар батылдық пен жігерлікті, қажыр-қайратты, ерлік пен елдікті, ең бастысы халқы мен Елбасына деген адалдық қасиеттерді бойына жинап, еліміздің қорғандарына айналады. Өйткені олар еліміздің бүгінгі бет-бейнесі!
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз