ЫНТЫМАҒЫ МОЛ ЕЛДЕН ЫРЫС КЕТПЕЙДІ

153

0

Кеше
Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы
туралы тұрғындар алдында жыл ішінде атқарылған жұмыстардың қорытынды есебін
берді. Аудандық мәдениет үйінде өткен есеп беру жиынына аймақ басшысы Қырымбек
Көшербаев қатысты.
Ел Президентінің
«Жергілікті атқарушы органдар басшыларының халыққа есеп беру жиындарын өткізу
туралы» Жарлығына сәйкес қазіргі таңда бұған дейін аймақта ауыл, кент әкімдері
мен кейбір аудан басшыларының тұрғындармен есепті жиындары өтуде. 
Кездесуді ашқан аудан
басшысы Ғани Қазантаев ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму
қорытындылары кездесу қарсаңында жергілікті БАҚ-та жарияланғанын, сондықтан оны
қысқаша баян ететінін мәлім етті. Бұған қоса, ол алдағы міндеттер жайлы да
айтып берді.
– Өткен жыл еліміз үшін
жаңа жетістіктер мен әлеуметтік саяси жаңару жолында алға қарай қарышты қадам
жасаған жемісті жыл болды. Елбасының сындарлы саясатының арқасында әлемде болып
жатқан дағдарысқа қарсы шаралар дер кезінде қабылданды. Әлемдік дағдарысты
еңсерудің жолы мен ел дамуының басым бағыттарын Мемлекет басшысы қараша
айындағы өзінің Жолдауында айқындап бергені баршаға мәлім, – деп бастады ел
алдындағы есепті баяндамасын аудан әкімі Ғ.Қазантаев. 
Салық базасын ұлғайту
бойынша жұмыстардың нәтижесі көңіл тоғайтады. Мәселен, аудан бюджетінің кіріс
бөлігі 776 млн. теңгеге артып, 6,5 млрд. теңгеге жетсе, аудан бюджетінің өз
түсімдері 5,2 млрд. теңгеге орындалып, 136 пайызды құраған. Мұндағы 1,5 мыңға
жуық шағын және орта кәсіп иелері 780 млн. теңгенің өнімін өндіріп, жергілікті
бюджетке 189 млн. теңгенің салығы түсіпті.
2014 жылы ауданда инвестициялық форум өткені есте.
Аудан экономикасына 40 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылдың тиісті
кезеңімен салыстырғанда 179 пайызға орындалды. Ал аудан экономикасының маңызды
секторы болып саналатын ауыл шаруашылығы, оның ішінде күріш шаруашылығына өткен
жылы мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, 30 мың гектарға
жуық жерге егіс егіліп, диқандарға Үкімет тарапынан 1 млрд. 122 млн. теңге
субсидия төленген. Нақты кезеңде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қызу
жүргізілуде. Сапасы жоғары 5500 тонна 
күріш тұқымының қоры әзір. Бұған қоса, ауданда мал шаруашылығын
өркендетуге баса мән берілуде. Есепті кезеңде ет пен сүт өндірісі 101 пайызға,
жұмыртқа 110 пайызға ұлғайған. 2010 жылы басталған «Сыбаға» бағдарламасының
аясында былтыр ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуда 412 бас асыл тұқымды
мал сатып алынып, көрсеткіш 158 пайызға орындалды. Сондай-ақ,  «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша
Қоғалыкөл мен Іңкәрдария ауылдарының шаруа қожалықтары 420 бас қой мен 160 бас
жылқы  сатып алған. «Дипломмен – ауылға!»
бағдарламасы аясында 79 маманға жәрдемақы төленіп, 73 маман тұрғын үймен
қамтылды. 2014 жылы ауданда 12 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, жұмыссыздық
деңгейі 1,1 пайызға төмендегені айтылды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына
келсек, 302 тұрғын 572 млн. теңге несие алып, өз кәсібін дөңгелентіп отыр.
Облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ақниет» бойынша екі жылда 57
сырдариялық 27 млн. теңге қайтарымсыз грант иегері атанды. Аудан басшысының
айтуынша, бүгінгі таңда аталған бағдарлама өз нәтижесін беруде.
Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы халықтың
көз алдында. Мысалы, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Бесарық, Аманкелді,
Ақжарма, О.Мәлібаев елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құрылымдауға және
кеңейту жобаларына ел қазынасынан 922 млн. теңге бөлініп, қазір қаражат
игерілуде. Аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға, кенттің 14 көшесін
орташа жөндеуге жергілікті бюджеттен 230 млн. теңге қаралып, жұмыс толығымен
орындалыпты. Ал күре жолдың бойындағы Шаған, Ақжарма ауылдары тұсынан құны 682
млн. теңгені құрайтын 2 сервистік кешеннің құрылысы салынуда.
Осылайша ауданның тыныс-тіршілігінен мағлұмат берген
аудан әкімі Ғ.Қазантаев өз баяндамасында әлеуметтік салада атқарылған
жұмыстарды да қамтып, алдағы атқарылар міндеттерге ойысты.
Биыл кент орталығында жаңа автовокзал, Әйтек каналы
үстінен көпір және 2-3 пәтерлі 10 тұрғын үй салынады. Шіркейлі ауылында 900
орындық, Шаған ауылында 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сырдария ауданының аумағында жұмыс жасап жатқан 11
мұнай компаниясының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең байыптайтынын да
айта кетейік. Осы мұнайшылар бөлген қаражат ауданның әлеуметтік-экономикалық
дамуына серпін беріп келеді. Оның үстіне білімге құштар 37 балаға білім
гранттары берілді.
Аудан тұрғындары атынан сөз алғандар соңғы екі жыл
қатарынан «Үздік аудан» боп танылған ауданның әкімінің жұмысына жоғары баға
берді, кездесу соңында облыс әкімі Қ.Көшербаев аудан басшысының жұмысын оң
бағалап, осы аудандағы Қоғамдық кеңестің жұмыс тәжірибесін өзге аудандарға үлгі
ретінде ұсыну қажеттігіне тоқталды.
Аймақ басшысы сөзін «Бақ бағала­ғанның басында тұрады»
деп бастап, береке-бірліктің ынтымағы жарас­қан елде ғана болатынын еске салды.
Қазіргі дағдарыс жағдайында әлеуметтік нысандарды салу ісі тоқтамайтынын, Үкі­мет
дағдарысқа қарсы шаралар қабыл­дағанын айтты. 2012 жылы ең соңғы 16 орында
тұрған біздің аймақтың 2 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші
бойынша республикада алдыңғы бестікке енгенін, ал әлеуметтік сала бойынша
бірінші орынға табан тірегенін жеткізіп, сырдариялықтар мен аудан әкіміне
сәттілік тіледі.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз