ЖАҢА ӘЛІПБИ ЖАҺАНДЫҚ КӨШКЕ БАСТАЙДЫ

56

0

Жақында Мемлекет басшысы қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Осыған орай №278 орта мектепте «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың бас­ты құндылығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, мұғалімдерге жаңа әліпби таныстырылды. Шарада Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов ұстаздар қауымына ел ертеңі үшін маңызды бастаманың артықшылығын түсіндірді.
Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін жасау мәселесі көтерілгенде қоғамда түрлі пікір туындағаны жасырын емес. Дегенмен, бұл бастама көпшіліктен қолдау тауып жатты. Себебі, заман көшіне, уақыт талабына ілесуде жаңа әліпбидің маңызы ерекше.
– Кирилл әрпін бұрынғы Кеңес үкіметінің құрамында болған мемлекеттер ғана қолданып келеді. Ал әлем елдерінің басым бөлігінде латынға негізделген жазуды пайдаланады. Сонымен қатар, жаһандық ақпараттың басым бөлігі де осы әліпби арқылы тарайды. Сондықтан мұның тілдің ішкі жағдайын дұрыстауға да, ақпараттық білімге де пайдасы зор, – деді жаңа әліпбидің мүмкіндіктерін түсіндірген тіл білімінің маманы А.Абасилов.
Рас, қаншама уақыт бойы бұзылып келген қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын жаңа әліпби арқылы қайта түзеуге қол жеткізе аламыз. Қазақтың төл дыбыстарын қайта түзіп, кірме әріптерден арылуға болады. Бұл тіл әуезділігін сақтауға мүмкіндік береді.
Шара барысында латын әліпбиіне қатысты мұғалімдер пікірі тыңдалып, жаңа әріптерді жаттау мүмкіндіктері сыналды.
М.ЖАСҰЛАН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз