ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЖОСПАРДЫҢ ЖЕТІ БАҒЫТЫ

50

0

Осы аптаның сейсенбісінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өткізілді. Отырыс барысында еліміздің экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық жоспардың жобасы жайында жан-жақты әңгімелеп берді.
Премьер-Министр биылғы Жолдаудың ерекше екенін атап өтті. Өйткені, онда Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуының ұзақмерзімді стратегиясын жүзеге асыру шараларының нақты бағдарламасы айқын көрсетілді. Отандық тарихта жұртшылық жадына жаңа Мәңгілік Ел ұғымын енгізді. «Мемлекет басшысы бұл тарихи міндет қабылданған «Стратегия-2050» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылатынын атап көрсетті» деді С.Ахметов. 
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі жоспар жеті басым бағыттар бойынша жасалғанын тілге тиек етті. Олардың шеңберінде 2015-2019 жылдарға арналған ҮИИД МБ жобасы, 2030 жылға дейінгі Астана мен Алматы қалаларында агломерациялар қалыптастырудың ұзақмерзімді жоспарлары әзірленеді. Сондай-ақ, «Агробизнес-2020» бағдарламасына түзету енгізілді. Осының нәтижесінде технопарктер жұмыстары жанданып, ғылымды кезең-кезеңмен қаржыландыруды арттыру жоспары бекітілді. Тағы бір айта кетерлігі, еліміздегі төртінші МӨЗ бен АЭС құрылыстары мәселелері шешілді.
ҮИИД МБ-ның жаңа бесжылдығын негізге ала отырып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы өрістей түседі. ҚР Президентінің «Мәдениет саясаты Тұжырымдамасы туралы» Жарлығының жобасы жасалды, жергілікті атқарушы органның дербестігін арттыру, құжат айналымын қысқарту және мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық компаниялар мен бюджеттік ұйымдардағы кадр саясатына меритократия принциптерін енгізу мәселелерін қоса отырып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныс енгізілді.  
Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары бойынша айқын іс-қимыл алгоритмі жасалғанын атап көрсетті. «Барлық іс-шаралар мерзімінде орындалады. «Президент Жолдауы аясында барлық мүдделі мемлекеттік органдар әлеуметтік блоктың бағыттарын пысықтады. Шәкіртақы, әлеуметтік төлемақылар көлемін көтеру, азаматтық және мемлекеттік қызметкерлер еңбекақысын ұлғайту мақсатында талдаулар мен есептеулер жүргізіледі» деді Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.
Отырыс барысында Вице-премьер – ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысының мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне айрықша көңіл бөлетінін атап көрсетті. Жұмыстың бағыттары мен нақты индикаторлары анықталған. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы экономиканың өсімі 6-7 пайызды құрауы тиіс. Отырыс барысында өзге де құзырлы орын басшылары аталмыш мәселеге байланысты өз салалары бойынша атқарылатын жұмыстар жайында айтып өтті. 
Әділжан ҮМБЕТ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз