ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЕЛ ҮНІ

86

0

ЕҢСЕРУГЕ ТОЛЫҚ МYМКІНДІКТЕР БАР

Әр уақыттың даму үдерісіне қатысты өз түсінігі болады. Бүгінгі жаһандық бәсекелестіктің күрделі сипатымен ерекшеленетін заманда уақыттың әрбір сәті қымбат. Сол себептен де Президент ел алдында алдағы бірнеше онжылдықтардың міндеттерін саралап, уақытын дөп көрсетіп, белгілеп берді. Міне, қазақстандықтар алдағы кезеңде «Қазақстан-2050» стратегиясында айқындалған жолмен дамитын болады.

Елбасы ХХІ ғасырдың күр­делілігін айрықша атап өтті. Алдағы онжылдықтарда «жеңіл-желпі жүріп өту» деген болмайды. Қазақстан сияқты әлемнің дамы­ған елдері де осы күрделі уақытқа сай өздерінің стратегияларын да дайындауда. Елбасы «Дамыған ел» ұғымының белгілі бір уақыттың кезеңіне қарай өзгеріп отыратынын да атап көрсетті.

Әлемдегі болып жатқан өз­герістерге зер салыңызшы. Еуропа әлі дағдарыстың шылауынан арыл­­ған жоқ. Әлемге өз үстемдігін жүргізіп отырған АҚШ-тың валю­тасына деген көзқарас өзгеріп жатыр. Қытай даму үстінде. Қыс­қасы, жаһандық бәсекелестік бұ­рынғы қалыптасқан көзқарас­тар­ға түбегейлі өзгеріс енгізе бастады.

Қазақстан Президенті әлемдік даму үдерісінде алдыңғы шепке шығу үшін көптеген міндеттерді жүзеге асыру қажеттігін қадап айтты. Еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайы тұрақты. Экономика дамуында ілгері жыл­жушылық дағдарыс жағдайында да аз да болса оңды көрсеткіш­термен сипатталады. Елбасының пайымдауынша Қазақстан жал­пы дамудың қалыпты үдерісін сақтау үшін жыл сайын ішкі жалпы өнімнің өсімін 4 пайыз деңгейінен төмендетпеуі қажет. Бұл шындығын айтқанда жалаң цифр емес, Қазақстанның мүмкіндігін сарапқа салғанда айқындалған көрсеткіш. Соны­мен бірге Елбасы бұл мүмкіндікті жоғары көтерудің алғышарттары бар екенін атап көрсетті. Оның жолдарын айқындады. Жолдауда айтылған тұжырымдардың қайталап жатпай, өзім бұрыннан да айтып жүрген көзқарасымды білдірсем деймін.

Қазақстан бюджеті шикі мұ­найды, басқа да қазба байлық­тарды сатудан түскен табыс көзі­нен құралады. Қазір әлем рыно­гында мұнай бағасы өте көтеріңкі. Бірақ, біз жерасты байлығының нәпақасын ұдайы пайдаланып отыра беруіміз керек пе? Президент болашақты меңзегенде осы мәсе­лені әрдайым назардан қағыс қалдырмайды. Себебі, Елбасын елдің келешек ұрағының жағдайы ойландырады.

Елбасы бұл мәселені алдағы жылдары өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басты тақырыбына байланысты да бірне­ше рет атап көрсетті. Қазір әлем­дегі белгілі экономистердің пікірі бойынша 20-30 жылдан кейін біз дәстүрлі отын көздеріне деген қажеттіліктен арыла бастауымыз мүмкін. Осы уақытта мұнайға, газға деген көзқарас өзгереді.

Сондықтан Президент энер­гети­каның дәстүрлі түрлерін да­мыту арқылы жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын үнемдеуге көшу міндетін қойып отыр. «Жасыл экономика» тұжы­рымдамасы нақ осыны көздейді. Сонымен қатар ядролық энер­гетиканы дамытудың келешегін ұмытпауымыз керектігін Елбасы барынша өзекті мәселе қатарында атады. Себебі, әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына леген қажеттілік өсе түсетін болады. Ал, Қазақстан – уран өндіруде әлемдік көшбасшы. Елбасының атап өткеніндей, біз АЭС отыны үшін төл өндірісімізді дамытып, атом стансасын салуға тиіспіз.

Атом энергетикасына байла­нысты талай басқосулар болды. Тіпті оның қауіптілігін айтып, қарсылық танытқандар жеткі­лікті. Бірақ, қазір озық технология заманы. Біз қалай болғанда да мұндай атом отынының игілігін пайдалануымыз қажет. Қызыл­орда өңірі уран шикізатына бай. Ол өңделеді, заманауи технология игілігімізге жаратылады.

Жалпы, экономикада ілгері басудың алғышарттары макро­экономикалық көрсеткіштерді барынша сауатты басқаруға байланысты болады. Өсіммен бірге инфляцияны белгілі бір мөлшерде тежеп отыру дамудың орнықты сипатын айқындайды. Президент осы орайда Yкіметке, Ұлттық банкке биылғы жылға арналған тапсырмалар берді. Экономика өсімі 6-7 пайыз дең­гейінде қамтамасыз етілуі тиіс. Жыл қорытындысы бойынша халық­тың жан басына шақ­қандағы ішкі жалпы өнімі 14,5 мың доллардан кем болмауы тиіс.

Ұлттық банк пен Yкімет 2014 жылдың 1 мамырына дейін инфля­цияны орта мерзімді перс­пективада 3-4 пайызға дейін төмендетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды. Осының бар­лығы сайып келгенде Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясын дамытудың алғышарттары болып табылады.

Қорыта айтқанда, міндеттер ауқымы кең. Бірақ, жылдар ке­зеңіне нақты жағдаймен сарап­талып, өлшеп-пішілген бұл мін­дет­терді еңсеруге толық мүмкіндік бар деп санаймын.

 

Құттықожа ЫДЫРЫСОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

 

ҚАЗГЕРМҰНАЙЛЫҚТАР ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ҚЫЗУ ҚОЛДАДЫ

Баянды болашаққа бағдар берген Елбасы Жолдауын аймақтағы алдыңғы қатарлы мұнай компания­сы«ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорны жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбеккерлері де қолдайды.«Ақшабұлақ» кенішінде бас қосып, Елбасы Жолдауын талқылаған мұнайшылар стратегиялық құжатта басымдық берілген әрбір мақсат-міндеттің жүзеге асуына өзіндік үлесін қосатын болады.

ЖОЛДАУ ЖӘНЕ ЕЛ ҮНІЕлбасы жариялаған Жолдауды компания басшысы Медет Кәрім бастаған өндіріс ұжымы үлкен ықыласпен тыңдады. Барлық айтылған тармақтар, белгіленген міндеттер мен мақсаттар қатысушылардың ойы мен жүрегіне жол тартты.

Cтратегиялық құжаттың маңыздылығына, оның қоғам мен әрбір қазақстандық үшін алатын орнын ерекше атап өтті. Қазақ елінің «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын да қара алтын өндірушілер қуана қуаттады.

Медет Кәрім,«ҚазГерМұнай» БК»ЖШСдиректоры: «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтыңсарабдал саясатының нәтижесінде еліміз көптеген қиындықтардыжеңіп, әлемдік аренада өзіндік орнын алды. Ендігі міндетозық отыз елдің қатарына ену.Биылғы Жолдауда осы мақсатқа жету жолдары көрсетіліп отыр. Оны орындау баршамызға ортақ міндет.

Ел дамуына әрбір қазақстандық, сіз бен біздің қосар үлесіміз мол болмақ. Әрине, мақсатқа жету үшін ең алдымен еңбектену керек. Қайсар қазақ халқының қажыр-қайраты көп. Демек, біз алмайтын қамал жоқ. Алдымызда үлкен міндеттер, биік белестер тұр».

 

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Егер естеріңізде болса, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің жаңа – 2014 жылмен құттықтауында: «Осы жаңа жылдық түнде біз өз өміріміз бен еліміздің өмі­ріндегі жаңа бөлімді ашамыз. Оның барлық 365 парағы таза. Оған түсетін жазбалар әрқайсысы­мыздың жігерлілік пен жан тәнімен беріліп жасал­ған қимылдарымызға байланысты. Бір жылдан кейін біз мақтана алатындай жетістіктер бола­тынына сенемін», –деген болатын. Әрине, бұл сөз­дер Елбасының жаңа Жолдауында ар­қау бола­тын негізгі тақырыптардың бастамашысы еді.

Ел тұрғындары мемлекет басшысының жаңа­жылдық құттықтауымен қатар, жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын асыға күтеді. Өйткені, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан хал­қына Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси өмі­ріндегі ең маңызды тарихи оқиға болып табылады.

Елбасының әр жылғы Жолдауы тарихи маңызы мол күрделі құжат және әрқайсысының жүгі бөлек. Жаңа «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдау, шын мәнісінде, жаңа мақсаттарға итермелейтін тың идеяларға толы. Жолдау бағдарламалары «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген жаңа бастамаларға жол ашады.

Стратегия адамзат қызметінің түрлі сала­ларында жиі қолданылатын түсінік. Бұл – теория­лық және практикалық тәжірибенің негізін айқындайтын көрсеткіш. Сонымен бірге, мем­лекет стратегиясы белгілі бір тарихи даму кезеңіндегі әлеуметтік топ күштері балансының өзгерістері бағыттарын анықтайды. Стратегия­лық міндеттер арқылы мемлекет қоғамдық тәртіпті ұйымдастырады, азаматтар қызметін реттейді және жеке ұсыныстардың дамуына шарттар қалайды, қауіпсіздігін қорғайды, қоғамдағы адамгершілік бағыттарының дамуына әсер етеді. Егер мемлекет стратегиясы халықтардың бірігуіне, дамуына және өркен­деуіне ықпал етсе, ұлттық құндылықтарды иеленетіні анық. Аталмыш феноменнің негізі мемлекет санала­тындықтан, әлемдік қауымдас­тықтың орнын анықтайтын халықаралық қатынастар мен қоғамның әлеуметтік-саяси, экономикалық көр­сеткішін танытатын ішкі саясатта қолданылуы ерекшелігін танытады. Замануи әлемдік саясат­тағы өзгерістер оның мәні мен жетістіктерін ұғыну қажеттілігін туындатып отыр.

Мемлекет стратегиясы елдің маңызды ұлттық мүдделері және қоршаған ортадағы өзара қатынастар жолдарын қамтамасыз ету құралдарының тұжырымдамалық әдістері жүйесін біріктіреді. Стратегияның «сәулет­шілері» мен «инженерлері» өз ойларын терең­детіп, қажетті қаржылық және материалдық ресурстарын айқындап, жұмыс жоспарын құрады.

Ел тарихындағы жаңа дәуірдің кемел келбеті саналатын «Мәңгілік Қазақстан» жобасы ұлттық идеясының басты мақсаты – Қазақ­станның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Елбасы аталмыш дамыған елдер қатарына кіру бойынша жоспарды ұсынып, тұжырымдаманы жүзеге асырудың төменде­гідей ұзақмерзімді басымдықтарын белгіледі: инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу; Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру; ғылыми қамтымды экономика құру арқылы Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру; инфра­құрылымдық үштаған – агломерацияның, көліктің, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету; ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы саналатын шағын және орта бизнесті дамыту; қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасау; мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру.

Еліміз осы міндеттерді атқару жолындағы ұмтылыстарын Жолдауда айтылғандай екі кезеңде жүзеге асыруы қажет: XXІ ғасырдағы «мүмкіндіктер көзін» пайдалана отырып, жаңғыру серпілісін жасау қажет болатын 2030 жылға дейінгі кезең; 2030 – 2050 жылдар аралығында еліміздің ғылыми қамтымды және жасыл экономика қағидаттарына негізделген орнықты дамуын қамтамасыз ететін кезең. Елбасы биыл атқарылуы тиіс шараларға тоқталып, Үкімет пен Ұлттық банкке нақты жеті тапсырма берді.

Басты мақсаттарға жетуді көздейтін барлық іс-әрекеттер мынадай қағидаттарға негіз­делетіндігі айқындалды: қабылданатын барлық шешімдердің прагматизмі мен эволюция­лы­лығы; өзара тиімді ашықтық; қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арттыру; бүкіл­халықтық қолдау.

Біз, қазақ тілінің ғылым мен білім, интернет тіліне арналуы бойынша жұмыстардың бастама­шымыз. Бүгінгі таңда Голландиялық журнал мен германдық, америкалық конференцияларда қазақ тілінде ғылыми мақалалар жарияланып жатқандығын көзіміз көруде. Ал, әлеуметтік желілерде, әсіресе, facebook, twіtter-де қазақ тілінде мәліметтер көбеюде.

Ұлт көшбасшысы уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесінің құндылық­тарын атап көрсетті: Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы; қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім; зайырлы қоғам және жоғары руханият; индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы; тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы; еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Осы жалпыұлттық құндылықтар базасында жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негіздерін қалыптастыру мақсатында Жолдау тапсырмасына сәйкес «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін әзірлеу қолға алынуда.

Жолдауда ұсынылған тапсырмаларды жүйелі және өз мерзімінде орындау Қазақстандағы жаңа саяси бағыттардың іргетасы саналады. Сондықтан «Қазақстан-2050» Стратегиясы Отанымыздың жаңа ұлы жетістіктері мен табыстарын жалғастырудағы тиімді өркендеудің тура әрі берік бағыттаушысы болмақ. Жас ғалым ретінде Жолдаудан жақсы ой түйіп, Қазақ елін «Мәңгілік Ел» ету идеясы, елімізді расында ЖАҢА ЕЛ болу жолындағы ұлы мұраттарға итермелейді. Ұлт көшбас­шысының Қазақ елін қалыптастыру, дамыту жолындағы еңбегіне қолдау көрсете отырып, жастық жігеріміз бен білікті білімімізді туған еліміз бен халқымыздың дамуына, ең дамыған 30 елдің қатарында болуға бағытталатын істерге арнайтын боламыз. Дегенмен, Елбасының «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын», – деген пікірін назардан шығармауымыз қажет.

Елбасы биылғы Жолдауында Қазақстан – 2050 Стратегиясының жастарға арналғанын айрықша айтып, ел тағдырына немқұрайдылық танытпай, осы жолда белсенді жұмыс жасауға шақырды. Бұл әкелік, аталық сөзді халқымыз жүрегіне түйіп, алдымызға қойылған ұлы мақсаттарды Елбасымен бірге атқарып, Қазақ елін Мәңгілік Елге айналдыруға қызмет ететіндігімізге сеніміміз мол. Елім деген жастарымызды болашаққа жолбастар ұлы істі бірге атқаруға шақырамын.

 

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

«Болашақ» университетінің тәрбие

жұмысы және халықаралық

байланыстар жөніндегі проректоры.


Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз