ҒАСЫРМЕН ТІЛДЕСКЕН, ЗАМАНМЕН ҮНДЕСКЕН КОЛЛЕДЖ

Жастарды кәсіби мамандық  алуға даярлау уақыт талабы екені белгілі. Бұл тұрғыда теңізді ауданда көңіл қуантар істер баршылық. Солардың алдыңғы легінде Арал индустриалды-техникалық колледжінің ұжымы тұр десек, артық айтқандық болмас.

Елбасы тапсырмасымен жастардың кәсіби мамандық алуы үшін «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жобасы қабылданғаны белгілі. Осы мақсатта әлеуметтік әріптес кәсіпорындардың берері мол. Жобаға қатысушылар колледждің материалдық-техникалық базасын жетілдіруге, өндірістік оқуды ұйымдастыруға, түлектерді жұмыс орнымен қамтамасыз етуге қатысатын болады.

Кәсіби білім жүйесі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлауды, әлеуметтік және оңтайлы кадрларды даярлауды жүзеге асырады. Соған орай, мемлекеттік құрылымдардың күшін біріктіру, жұмыс берушілер мен  оқу орындары, кәсіпорындар мен өнеркәсіптерді білікті мамандармен қамтамасыз ету назарға алынуда. Қазіргі заман үрдісіне сай жастардың дамыған өндірісте өз мамандығы бойынша терең білім алып, бәсекеге қабілетті болып шығуы талап етеді. Кәсіптік-техникалық білім берудің болашағы мол. Жұмысшы кадрларды даярлау қазіргі кезде кең қанат жаюда. Елімізде қабылданған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған» бағдарлама экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Онда аз қамтылған отбасылардың балалары шәкіртақымен және ыстық тамақпен қамтылу қарастырылған.

«Бүгіні күн – ертеңгі тарих» деген бар. Аталған оқу ордасының өткені мен бүгіні туралы да аз-кем дерек келтіре кетсек. Арал индустриалды-техникалық колледжі теңіз төскейіндегі кәсіптік білім беретін іргелі оқу орындарының бірі саналады. Қолда бар деректерге сүйенсек, ол 1927 жылы балық аулау артелі болып құрылған. Алғашқыда жергілікті тұрғындардан балықшылар бригадирлерін, ау құралдарын септеп тоқу мамандарын даярлаған екен. Арада тура он жыл өте «Юнга» мектебі болып қайта құрылып, кіші қайықтарға матрос, мотористер дайындады. Ұлы Отан соғысы жылдарында бұл мектеп ФЗО аталып қайық радистерін, бөшке жасау мамандарын, кіші қайық матростарын, мотористерін түлетіп шығарды. Жылдар өте қолөнер училищесі ретінде ағаш, темір ұсталарын даярлауды жүзеге асырды. Арал теңізінің жағалауынан аса қашықтықтан балық аулау мақсатына сай №68 қалалық кәсіптік-техникалық училищесі (ГПТУ-68) болып өзгеріп, балық өсіруші, өңдеуші, кеме жүргізуші, кеме механигі, электромонтажшылар мамандарын даярлауды бастады.

Мұнан соң да бірнеше рет қайта құрылған білім ордасы облыс әкімдігінің қаулысымен «Арал индустриалды-техникалық колледжі» болып аталды. Нақты кезеңде колледж токарьлық ісі және металл өңдеу, дәнекерлеу ісі, электргазбен дәнекерлеуші, балық өндірісі, балық өңдеуші, өнеркәсіп машиналары мен жабдықтарын пайдалану тағы басқа заманға сай, сұранысқа ие мамандықтарға баулиды. Білікті де тәжірибелі педагогтар жұмыс жасайтын білім ордасында студенттердің сапалы білім, тағылымды тәрбие алуына қолайлы жағдай жасалған. Мемлекеттік білім стандартына сай оқу жұмыс бағдарламасы құрылып, кабинеттер қажетті зертханалық құрал-жабдықтармен қамтылуы білім сапасының жоғары болуына септігін тигізуде. Ұжымда жаңа инновациялық технологияларды енгізіп, инженер-педагогтардың шеберлігін шыңдау мақсатында құрылған «Жас оқытушылар мектебі», ғылыми-зерттеу топтары бекітілген жоспар бойынша жұмыс істейтінін, нәтижесі де жаман еместігін атап кеткен жөн.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал қаласы.

Білім 29 сәуір 2018 г. 354 0