БЕСАРЫҚТЫҢ БОЙЫ БІЛІМДІЛЕР БЕСІГІ

Өткен жылы аймақ жастары ұлттық бірыңғай тесті бойынша биік нәтижеге көтеріліп, осы негіздің арқасында мектеп түлектерінің 97 пайызы жоғары және арнаулы оқу орнына оқуға түсті. Облыс басшысының тікелей қолдауымен осындай озық үлгі қалыптасты. Міне, мұны облыс тарихындағы теңдессіз табыс десе болады.
 Әрине, жақсы істің жаршысы бәрімізді қуантты. Өйткені бұл бірлескен істің берекесі, көптің маңдай тері екені айқын. Бұл жерде  ел ішінде «Талды су» лагері аталып кеткен, шын мәнінде, Бесарық ауылындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының үлесі орасан деп ойлаймын. Себебі орталықтың әрбір жүйелі жұмысына мектеп түлектері мен ұстаздары дән риза, білім беру сапасына, тынығу мен санаға және рухани әлеміне тың күш сыйлар тамаша жетістіктері көптің көңілінен шығып келеді.
Бір кездері Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов «Жаңақорған – қазақтың Швецариясы» атаған көз тоймас Қаратаудың сұлу табиғатына кім қызықпайды дейсін. Бала қиялы да тауға, оның әсем көркін көруге, мөлдір бұлағынан су татуға, тарихи орындарын аралауға құмар. Орталықтың бір ерекшелігі міне осында. Саф ауасын жұтып, саялы табиғатында серуендегісі келеді. Мұндай артықшылық оқушының ой өрісін өсіруге, санасын сергітуге септігі мол.
Ия, бүгін орталықтың бейнесі тек таумен ғана байланысты емес, оның өзіндік өнегесі де жетерлік. Баланың еркін білім алуына барлық жағдай жасалған. Жайлы жатын орыннан бастап, тамақтануы, демалысы, үйірмелер, мол қоры бар кітапхана, түрлі саяхаттық сапары, тіпті орталық ауласының аспан асты көрмелері, көркейту көркемдігі, эстетикалық әсемдік безендірілуі әрбір оқушының танымдық көзін ашады, ерекше әсер сыйлайды. Сондықтан болар, орталыққа деген қызығушылық артып отыр. Бұл орайда, орталық директоры Үмбетәлі Абдуллаевтың  ұйымдастырушылық қасиеті, жақсы істерге баулу мақсатындағы ізденістері, оның суретшілік шеберлігі өз нәтижесін берді. Қазір гүлденген, нұрланған, кемелденген орталық елдің мақтанышы.
Биыл 4 ауысымда Қызылорда және Байқоңыр қаласы,  Қармақшы, Жалағаш аудандарынан келген оқушылар білімін шыңдады. Олар үшін Бесарықтың бойы білімділер бесігіне айналды.
Әрине, біздің бірінші міндетіміз сапалы білім беру екені белгілі. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауда ұлағатты ұстаздардың жемісті жұмысы баршылық. Әсіресе, Қызылорда қаласы №7 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжанат Кенжалиеваға басымдық бергім келеді. Өйткені Гүлжанат Абатқызының дәріс оқу әдебі, оны оқушы санасына сіңіру әдістемесі өте өзекті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сай ізденіс жұмыстары, кітаптан тыс тапсырмасы ҰБТ үшін де, оқушы үшін пайдалы. Сол секілді білімді ұрпақ тәрбиелеуде  №43 және №38 орта мектептің жоғары санаттағы мұғалімдері Паридаш Шайықова мен Гүлнұр Едігеева тек бала бағбаны емес, шәкірт жүрегіне жазылған жайсаң жандар. Ал, тәрбиешілер Наушат Биғабылов пен Нұржан Асқаровтың тәрбиелік жұмыстары да сана серпілісіне оң қадам қосып отыр. Жалпы, бізде 10 күн ішінде біршама бағдарламалық курс жүргізіледі. Осы қысқа уақытта «қайталау – білім анасы» дегендей, ұмытқанын жадында жаңғыртып, оқушы ынтасы оянады. Сондықтан орталық мүмкіндігін пайдалану тестілеу сынағына тың серпінмен баруға жол ашады. Бір сөзбен айтқанда, биылғы жылы да мектеп түлектері межелі биіктен шықса, еңбектің қайтқаны деп білемін.
Бибізәуре ҚАЙКЕНОВА,
орталықтың кітапханашысы.
Білім 16 мамыр 2018 г. 491 0