БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТАПҚЫ ОРЫНДА

 Облыстық білім басқармасының мәліметінше, осы оқу жылында 136 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтамасыз етіледі. Бұл – барлық оқушының 97 проценті. Оның ішінде 9 лагерь 7 ауысымда тынығушыларды қабылдауды бастап кетті. Ал 111 мыңнан астам бала мектеп жанындағы лагерьлерге барады.

Каникул кезінде қауіпсіздік мәселесі аса маңызды. Қазіргі уақытта тынығу орындарындағы өрт қауіпсіздігін тексеру шаралары толығымен аяқталды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, әзірге тек Аралдағы «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығы, Шиелідегі «Сыр ұланы» мен Сырдария ауданындағы «Жалын» лагерьлерінде талап сақталып отыр.

Тексеру нәтижесінде қауіпсіздік ережесін сақтамаудың 38 дерегі анықталды. Оның 5-іне қатысты әкімшілік шара көріліп, 3-іне айыппұл салынды. Білім беру нысандарының өрт қауіпсіздігі жағдайы туралы жергілікті атқарушы органдарға, жергілікті білім беру басқармасы мен бөлімдеріне ұсыныстар жолданды.

Департамент тек тексеріспен немесе жазалаумен шектеліп отырған жоқ. Үнемі көпшілік арасында түсіндірме жұмысын жүргізіп, қауіпсіздік талаптарын ескертумен келеді. Сөзіміз дәлелсіз болмасын, бұған дейін лагерьлердегі топтар арасында сайыстар ұйымдастырып, бейнероликтер көрсетті. Демалушы балғындарға тиісті құрал-жабдықтарды, өрт сөндіру көліктерін таныстырды. Бұл бағыттағы шаралар жазғы тынығу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.

Алда тұрған басты міндет – жазғы мезгілде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы ретте лагерь басшылары мен білім бөлімдерінің жауапты қызметкерлері біліктіліктерін арттырды. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандарымен бірге барлық демалыс орнының ауласына, үй-жайларына залалсыздандыру, зарарсыздандыру және ағымдағы жөндеу шаралары жүргізілді.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

Білім 16 маусым 2018 г. 678 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Желтоксан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31