ЖАСТАР ЖОБАСЫ ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУДА СЫНАЛАДЫ

Кеше Студенттер сарайында өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен жүзеге асырылып отырған жастардың әлеуметтік бастамаларын қолдау бағытындағы «Бизнес-инкубатор» жобасы аясында Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенттерінің қатысуымен жиын өтті. Онда жастардың экологиялық және экономикалық тұрғыдағы бизнес-жобаларын үйлестіруші «Enactus Korkyt Ata» командасының жұмысы таныстырылды.
Шарада «Бизнес-инкубатор» жоба­сының жетекшісі Жандос Оразмаханов команданың жұмысы жайлы жастарға кең көлемді ақпарат берсе, жоба аясында жұмыс жасап жатқан резиденттер өз тәжірибелерімен бөлісті. Мұндағы мақсат – жастар арасында бизнес-идеяларды талқылайтын, сондай-ақ, олардың жаңаша кәсіптік бастамаларын үйлестіретін ашық алаң қалыптастыру. Бұл орайда «Enactus Korkyt Ata» командасының жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарларының жайы сөз болды.
Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеті жанынан ашылған «Бизнес-Старт» орталығы 25 жобаны жүзеге асырып отыр. Оның аясында 80-ге жуық жастың жобасы қамтылған. «Enactus Korkyt Ata» командасы осыған дейін өткен республикалық байқауда 1-ші орын иеленіп, стипендиант атанған болатын. Сондай-ақ, «Zhas Project» жобасында 1 млн теңге грант ұтып алған. Қазіргі таңда «Enactus Korkyt Ata» Германия елінің жоғары оқу орындарында ұйымдастырылып жатқан байқауға қатысып, өз жобаларын қорғап шығуға күш салуда.
Біріккен ұлттар ұйымының құжат­тарында бекітілген дамудың 17 бағыты бойынша өз жобаларын ұсынатын «Enactus Korkyt Ata» командасы енді ұлттық байқауда бақтарын сынайтын болады.
Ғазиза ӘБІЛДА.
Білім 20 қыркүйек 2018 г. 740 0