ЕЛБАСЫ ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ

Жақында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының биылғы жылғы стипендиаттарының есімі аталып, арнайы марапатталды. Айта кетелік, Елбасы қоры 2000 жылы құрылған. Содан бері өнер, мәдениет, ғылымға өз үлестерін қосып жүрген жастарға стипендия тағайындап келеді. Стипендиаттарды арнайы конкурстық комиссия анықтайды.

Биыл конкурсқа қатысуға 500 өтінім түсіп, соның ішінен 80 талантты студент Елбасы қорының стипендиаты атанды. Үздіктер қатарында сырбойылық Бағжан Шайхыслам бар. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Кәсіптік оқыту» мамандығының 4-курс студенті. Бағжан бүгінгі уақыт талабына сай жас. Онымен жүздескенде ізденімпаз, өнер-білімге құштар екенін байқадық. Университет қабырғасында білім ала жүріп, ғылыми жұмыстармен қатар, бизнес жоба жасап, өз мүмкіндігін әр салада сынап көргені талантты жастың еңбекқорлығының жемісі. Бұл бір жағынан Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың жастарға жан-жақты білім алуға, ғылыммен айналысуға, заман талабына сай бизнесті игеруге мүмкіндік жасағанының нәтижесі.

Үздік студенттің бүгінгі күнге дейін бірнеше ғылыми мақалалары түрлі ғылыми басылымдарда жарияланған. Атап айтар болсақ: «Жаратылыстану ғылымдары білі­мін жаңартылған мазмұны жағдайында модернизациялау» конференциясының жур­на­лында «Қызылорда облысының сирек және жойылып бара жатқан сүтқорек­тілеріне систематикалық талдау жасау» атты ғылыми мақаласы, халықаралық «Мо­ло­дой ученый» ғылыми журналында «Туризм­ді дамытудың негізгі бағыттары мен туризмнің экономикадағы ролі» ат­ты еңбегі, халықаралық «Scince without borders-2017» конференциясының журналында «Тұ­тынушылар құқығын қорғау –демокра­тиялық елдің басты міндеті» атты және Алматы қаласында өткен «Қазіргі экономика және білім беру мәселелері, мүмкіндіктері мен даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында «Жасыл экономика теориялық аспектілері мен мәселелері» атты ғылыми мақаласы жарияланған.

Талантты жастың екінші қыры – бизнес жоба жасап, қазақтың қолөнер бұйымдарын насихаттауы.

– Жобамның тақырыбы «Киізден заманға сай сәндік бұйымдар жасау» деп аталады. Мұндағы мақсатым –ұмытылып бара жатқан қолөнерді насихаттау, ұлттық бұйымды тұр­мысымызға енгізуге үлес қосу. Шыны керек, ата-бабаларымыз төрт түлік малды берекелі кәсіпке айналдыра білген. Қойдың жүнінен киіз басып, ұршық иіріп, тоқыма тоқығанды әжемізден көріп өстік. Ал қазір ауылда қойдың жүнін қоқысқа тастауды ғана біледі. Бұл көрініс мені ойға қалдыратын. Университетте бір кәсіппен айналысуға мүмкіндік жасап, тіпті арнайы аудиториялар бөлгенде қатты қуандым. Көкейде жүрген ойды іске асыруды қолға алдым. Әрине, біраз тер төгуге тура келді. Әуелі киіз басу керек. Киізден оюлы жакет, сәндік бұйымдар жасауға өз өңіріміздегі қой жүнін пайдалану қиынға соқты. Сол себепті Алматыдан меринос қойының жүнін алдыртып, жасай бастадым. Бәрі сәтті шықты. Алғашқы қолөнер бұйымдарымды айналамдағы достарым, туыс-бауырларым тұтына бастады. Мұнан кейін көрмеге қатыстым. Елдің қызығушылығы бар екен. Жылы, әрі таза, табиғи өнімнен жасалған кеудешелерге, байпақтарға сұраныс көбейді. Бүгінде бұл менің оқудан тыс уақыттағы бизнесіме айналды. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс беретіндер аз емес. Айта кетейін, өзіміздің қой жүні аяқ киім үшін таптырмас шикізат екен. Байпақ, пима жасауда кәдеге жарап жатыр, – дейді Б.Шайхыслам.

Кез келгенге бұйырмайтын Елбасы қоры стипендиаты атанған сәттегі әсерімен бөлістік.

– Конкурсқа тиісті құжаттарды тапсырдым. Стипендиаттар қатарынан есімім аталып, марапаттау шарасына шақыр­ған кезде қуанышымда шек болмады. Алма­тыдағы «Тұран» университетінде 80 үздіктің фотокөрмесі жасалды, сонымен қатар «Қазіргі Қазақстанда ғылымның инно­вациялық дамуы мен сұраныс» атты ХІІ халықаралық ғылыми конференция өтті. Белгілі ғалымдар, бизнес-тренерлердің қаты­суымен шеберлік сабақтар, диалог алаңдар ұйымдастырылды. Ғалымдардың дәрісін тыңдап, замандастарыммен ой бөлістік. Менің түйгенім – бәсекеге қабілетті маман болу үшін тек оқу, үйрену ізденіс қажет. Бұл шарадан үлкен жауапкершілік сезініп қайттым, – дейді ол.

«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дегендей, оқу-білімге құштар Бағжан өзінің арман-мақсатын жасырып қалмады.

– Елбасымыздың айтқан сөздерін қойын дәптеріме жазып алып жүремін. Нақыл сөзге айналған өсиеттер әрдайым маған бағыт-бағдар беретіндей. «Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, азаматтарының білімімен өлшенеді» деген Елбасы сөзі өзім сияқты әрбір жастың білімге құштарлығын оятады деп ойлаймын. Тағы да «Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады» деп Елбасы айтқандай ұлы халықтың ұрпағы ретінде мен де келешекте белгілі дизайнер атанып, ұлтымыздың қолөнер бұйымдарын әлемге танытқым келеді, – дейді арманшыл жас.

Білім 30 қараша 2018 г. 4 834 0