ЖАС КЕЛСЕ, ІСКЕ...

Бүгінгі таңда мұғалім дәстүрлі сабақ өтумен шәкіртті қанағаттандыра алмайды. Ол үшін мұғалімнің өзі барынша шығармашыл,ізденімпаз болу керек. Сондай-ақ ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары болуы тиіс. Яғни, бүгінгі заман талабына сәйкес мұғалім көшбасшы. Үнемі көштің басында жүру әрине қиын, дегенмен бұл-жаңа дәуірдің талабы. Ұстаздық бірден қалыптаспайды, мұғалімдіктің шыңына жеткен жан ғана нағыз ұстаз деп айтуға болады.
Мен – жас мұғалім, жас маманмын. Ұстаздық етудің алғашқы жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп атауына сәйкес келеді. Аталған жолдау жастарға жігер сыйлап, бір серпілтіп тастады. «Жастар жылы» жастарға, яғни біздерге көп мүмкіндік бергелі тұр. Сондықтан «Жас келсе, іске» демекші, жастардың да өз еліне еңбек сіңіріп, өз қарым-қабілеттерін барынша көрсетуге мүмкіндік беретін жыл болады деп сенеміз. Қаншама салада жүрген жастардың алар орындары бар, дегенмен де мұғалімдерге артылар жүктің күші мен жауапкершілігі тым бөлек.  Неге десеңіз ұстаздарға артылар жүк ауыр?
Неге? Себебі, XXI ғасыр білімнің алтын дәуірі. Ал, білім баспалдағы мектептен басталады. Сондықтан, бойдағы ерік-жігер, қарым-қабілетті, алған білімді балалар санасына сәуле етіп құю үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Ұстаз талапты болса, шәкірт талантты болады» деген нақыл сөз осыны аңғартады
Осы орайда өз тарапымнан жастар жылына деген үлесімді қосқым да келеді. Бұл жолда жас маман ретінде әрине біздерге атап айтатын болсақ, жеке өзіме де үлгі болатын аға буын ұстаздардың да жол көрсету,нұсқаулары қажет екендігін ұмытпай, ол кісілерден ақыл кеңес тыңдауды да ұмытпадым. Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен-тарихтағы ең ұлы істің бірі. 7 айдың көлемі болды мектеп қабырғасына келіп, жаңа баспалдақты басып жатырмын.  Өзімнің білім алған білім ордасы болса да, оқушы емес педагог ретінде оралдым! Жаңа орта, жаңа леп, жаңа бағдарлама! Мен үшін таңсық дүние. Педагог мамандығы мен үшін қиындау дүние екенін білетінмін, дей тұра алғашқы жасаған еңбегім аудандық, облыстық, республикалық деңгейде оң нәтижесін шығарды. Мектеп тарихында болмаған жағдайды жасау үлкен қуаныш! Мен үшін,менің мектебім үшін үлкен мәртебе! Өзім жас маман ретінде үлкен жауапкершілікті сезіндім.Осындай сәтте мендей жас маманға сенім артқан мектеп басшысы, білікті ұстаз, шығармашыл тұлға Айменова Күлжан Құлжабекқызының ұйымдастырушылық қабілетіне риза бола отырып ұстаздық қамқорлығы мен әріптестік көмегіне зор алғыс білдіремін. Барлық жаңа бастамаларда ұжым басшылығынан қолдау тауып келеміз. Мұның өзі – жас маман үшін үлкен көмек. Сондықтан да өзімнің және өзім тәрізді жас әріптестерімнің атынан мектеп абыройы үшін аянбай еңбек ететінімізді айтқым келеді.
 Жарқын болашақ білімі мен білігі толысқан, ұлтының терең тарихы мен бай тілінен сусындаған, ойы озық, өрісі кең, рухы биік, талабы таудай жастардың қолында!

Ақниет ЕРАХАНҚЫЗЫ,
Жаңақорған ауданы.
№167 жалпы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі
Білім 06 сәуір 2019 г. 189 0