Болашақтың табысы – бәсекеге қабілеттілік

Үшінші жаңғыру инновациялық технологияларға, жаңа сапалық ғылыми ашылуларға сүйеніп құрылады. Ал, қоғамдық санадағы өзгерістерді көр­сететін рухани жаңғыру туралы сөз қозғағанда, мәселе нәзік, сезімдік үдерістерге қатысты болып, ол халықтың рухын тіктеп, қазіргі ­қым-қуыт қарекетімізге биік рухтың деңгейінен қарауға шақырады.

ХХІ ғасырдың басында адамзаттың алдында бейбітшілікті сақтау, әрбір елде тыныштықты орнықтыру, нығайту, ғылым мен экономиканы дамыту, азаматтарды әлеуметтік қорғау, саяси жедел жаңару, жаңа технологияларды өмірге ендіру, қоршаған ортаны қорғау, спорт, дін салаларында ынтымақтастықты арттыру секілді үлкен міндеттер тұр.

Ұлттық құндылық – белгілі бір бағытты, мақсатты, жүйелі ұлттық көзқарасты, мінез-құлықтағы адамдық тәр­тіп пен рухани дағдыны қалыптастыратын жүйе. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтар негізгі ізгілікті, ақылды, адамгершілік пен парасаттылық мідеттерін ажырата білуге көмек береді.

Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру саласында халықтық педагогиканы енгізе отырып, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мінез-құлық мәдениетін меңгеруде оқушылардың бойына ұлттық имандылық, адамгершілік, сыпайылық қасиеттерін қалыптастыру. Ұлттық тәрбие – біздің ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Ол – болашақ ұрпақты өмір сүруге тәрбиелейтін үлкен тәрбие кітабы. Ал тәрбие тамыры тереңде халық қазынасында, оның қадір қасиеті мен бітім-болмысында. Бұл қазына ұлттық құндылықтар арқылы бала бойына сіңетіні даусыз.

Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі – өзім, екіншісі – халқым» дейді. Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани материалдық құндылықтары келешек ұрпақты тәрбиелеу де аса маңызды.

Материалдық құндылықтар алдыға шығып тұрған заманда ұлттық құндылықтар көп ескерілмей қалып жатыр. Ұлттық құндылықтарды әр ұлттың ата-бабалары өздерінің өмір сүру салтына байланыс­ты шығарып, пайдаланып, да­мытып ұрпақтарына мұра етіп қалдырып отырған. Сондықтан ұлттық құндылық сол ұлттың меншігі болып есептеледі. Оны әр ұлттың ұрпақтары сақтап, заманына қарай дамытып отырулары керек. Егер халық өздерінің ұлттық құндылығын жоғалтып алса, ол халық – «ұлт» деп саналмайды. Сондықтан әр ұлт өзінің ұлттық құндылығын сақтауға тырысады, әрі қорғайды. Қазақ халқы да өзінің ұлттық құндылығын сақтауы керек.

Тұлғаның дамуы – өте күрделі, ұзақ және қарама-қайшылыққа толы процесс. Өйт­кені, тұлғаның дамуы қарама-қайшылықтар күресінен туындайды. 

Жеке тұлғаны құндылық түсініктеріне әсер ете оқыту оның ең алдымен, әдептілігіне баса назар аударуды қажет етеді. Өйткені ол – халқымыздың ұлттық психологиясының өзегі, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрінісі, барлық кісілік қасиеттерінің жиынтығы.

Бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы етіп тәрбие­леу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет- ғұрып­тарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат-мұраларды жастардың санасына сіңіре білуіміз қажет. Тәрбиенің көзі ата-бабамыздан қалған мұралар мен дана сөздер десек, біз соларды насихаттап алға жеткізушіміз. Бүкіл қоғам болып қолға алып, мәдениетті, тәрбиелі болып жүруді әрқайсысымыз өзімізден бастасақ, жас ұрпақтың тәрбиесі де өз жемісін берері анық.

Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабі­ле­тімен айқындалады.

Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.

 

Сәулет САХИЕВ,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың аға оқытушысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты. 

Білім 28 мамыр 2019 г. 322 0