Болашақтың мамандығы қандай?

Еңбек нарығы үздіксіз өзгеру үстінде, осында оншақты жыл бұрын қажеттілікке ие болған мамандықтар бүгінгі күні қажетсіз болуда немесе айлық аз төленетін мамандыққа айналып жатыр. Мұндай өзгерістерді болжау да оңай емес. 

Қазіргі кезеңде барлық саланы цифрландыру, автоматтандыру жүзеге аса бастады. Уақыт өте келе роботтандыру белең алып, соның нәтижесінде көптеген мамандықтар жойылуы да мүмкін. Алайда, оның екінші жақсы жағын да айта кету керек. Мәселен, сол роботтардың жұмысын жолға қойып отыратын немесе олардың саудасын жүргізетін мамандар қажет болатыны сөзсіз. Цифрландыру аясында дүниеге келетін ма­мандықтар саны жойылған ма­мандық санынан артық болуы да ықтимал. Сондықтан бұл жағынан мүлде үрейленуге болмайды. Тек болашаққа қажетті мамандықты таңдай білген дұ­рыс.

«Иә, өмір тез өзгеруде, сондықтан бүгінгі күні мектепте оқып жүрген балаңыздың келешек жақсы табыс табуы үшін қандай мамандыққа оқығаны дұрыс деген сауалға қазірден бастап жауап іздестіре берген жөн секілді.  Осы ретте Ресейдегі «Сколково» бизнес мектебі және Стратегиялық бастамалар агенттігі мамандары еңбек нарығында таяу онжылдықта мүмкін болар өзгерістерге болжам жасап, жаңа мамандықтар Атласын дайындағанын айта кету керек.  Атлас – бұл алдағы 15-20 жылда қажеттілікке ие болатын салалар мен мамандықтар альманағы.  Ол туралы ақпарат «Сыр бойының» 28 мамырдағы нөмірінде жарияланған болатын. Біздің қазақстандық сарапшылардың да бұл бағытта жүргізген зерттеулері бар.

Олардың айтуынша, алда­ғы жарты ғасырлықта ІТ-техно­ло­гиясы саласының мамандары сұранысқа ие болатын кө­рінеді. Шындығында, қазіргі таңда білім саласынан бастап, саудаға дейін онлайн режимге көшіп жатыр. Бұл сала мамандары қазірдің өзінде сұранысқа ие және олардың табысы да жоғары. Өйткені, желілермен жұмыс істейтін мекемелердің жұмысын жүргізіп тұруға осы саланың мамандары қажет-ақ. Бағдарламаны дайындаушы­лар ағылшын тілін және бағ­дар­лама тілін меңгеруі тиіс. Веб-дизайнерлерге де сұраныс көбейе береді. Жалпы компьютер мен интернетке қатысы барларды осы топқа жатқызуға болады.

Әрине, тіршілік тек компью­термен, интернетпен шектеліп қалмайды.  Адамзат тіршілігінде электр энергиясы аса маңызға ие. Қалай дегенмен де бүгінде дейін мұнай энергия өндірудің басты көзі болып отыр. Алайда, жыл өткен сайын оны өндіру қиындап келеді. Болашақ мұнайшылар мұнайды фонтан болып атқылап тұрған сква­жинадан емес, сарқылған кеніш­терден, теңіз шельфінен алуды жолға қоятын болады. Сол себептен осы сала мамандары мен мұнай-химия өндірісі инженерлері алдағы кезеңдері де қажет болатынын ескерген жөн.  Сонымен бірге балама энергияны жолға қоятын мамандардың қатары арта түспек. Өйткені, жыл өткен сайын баламалы энергия көздері көбейе беретін болады.

Өндірісте импорттық тауарларды алмастыратын жергілікті тауарларды өндіру басымдыққа ие болатын мерзім жақындай түсуде. Соған орай инженерлер мен технологтарға сұраныс ұлғая бермек.

«Медицина саласында дәрі­гер-герентологтарға деген сұ­ра­ныс артады деген болжам бар. Олардың қызметін әрбір екін­ші адам пайдаланатын болады. Адамдардың қартаю проце­сін­дегі организмін  осындай дәрі­герлер бақылауда ұстайды. Қа­зақстанда жеке клиникалар саны көбейе түсуде. Жоғары ақы алатын мамандарға стоматологтар, гинекологтар, дерматологтар еніп отыр. Дәрі-дәрмек саласының мамандары фармацевтер мен  провизорлар да болашақ мамандарының қатарына жатқызылуда. 

Елімізде бала туу саны арта береді. Ақпарат билеген заманда әрбір жеткіншек лайықты білім алуы тиіс. Барлық табыс мектеп қабырғасындағы жетістіктерден басталатыны ешқашан мәнін жоғалтпайды. Олай болса, бас­тауыш мектептің мұғалімдері жоғары технологиялармен айналысатын мамандармен иық түйістіріп тұрады. Әзірге оларды ешкім алмастыра алмайды.

Сауда саласының адамзат тарихында өзіндік орны бар. Алдағы 20-30 жылда беделін жоғалтпайтыны түсінікті. Сау­да мамандары лидерлік позициясын ІТ-инженерлерге бергенмен де алғашқы үштіктен төмендемек емес. Сатушылар, оның ішінде онлайн-сатушы­лар да бар, қоймашылар, марке­то­логтар сұранысқа ие болады. Әрине, олардың барлығы цифрландырылған, автоматтан­ды­рылған жүйелерде жұмыс жүр­гізуі мүмкін. Оларға сон­дай-ақ, тауар ағынын реттеп, олар­дың орналасуын оңтай­лан­дырып отыратын логист мамандар да қосылады.

Жоғарыда айтылған қайбір мамандық иесі болмасын оларды жұмысқа қабылдаудың өзін арнайы білім алған маман­дар жүргізетін болады. Мүмкін  ша­ғын фирмаларда бұл іспен арнайы мамандар айналыспай­тын шығар. Алайда, үлкен компанияларда жоғары бәсекелестік жағдайында оған үлкен жауап­кершілікпен қарайды. Компания иммиджін түсірмейтін мамандарды іріктеуді тек арнайы мамандар ғана жүргізеді. Демек, осындай мамандық та болатынын ескеріп қойған дұрыс.

Келешек азық-түлікпен қам­­та­масыз етуде проблемалар туындауы да мүмкін. Ауылшаруа­шылық саласында дақыл­дардың тез пісетін әрі мол өнім беретін түрлерін ойлап табуды селекционерлер міндетіне алады. Уақыт өткен сайын селекционерлер қа­тары көбейе түседі.

Урбанизация белең ала бе­ретіні түсінікті. Сондықтан да логистикалық пайыммен жұ­мыс істейтін архитекторлар да сұ­ранысқа ие болатын маман­дықтар қатарына енеді.

Бүгінгі таңда адам осыдан отыз жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда бес есе артық ақпарат алып отыр және оның басым бөлігі керексіз дүниелер. Сондықтан да болашақта адам­­дарға пайдалы, қажетті дүние­лерді іріктеумен айналысатын «ақпараттық диетолог» деген мамандық та пайда болып жатса, оған таңғалудың қажеті жоқ.

Қазіргі қарапайым адвокат­тармен салыстырғанда келешек­тің адвокаттары әртүрлі заңдар­мен өмір сүріп жатқан өзі елі мен өзге мемлекетте тұрып жатқан адамдар арасындағы конфликтік жағдайларды, айтыс-тартыс, ке­ліспеушілік мәселелерді оңай шешетін болады.

«Бұл келтіріп өткен маман­дықтарымыз жүздің бірі ғана екені белгілі. Сол себептен заман күн сайын алмасып жатқан уақытта бүгінгі жеткіншектердің болашағы туралы ойлау ар­тық­тық етпейді. Осы орайда облыс әкімі Қырымбек Кө­шер­баевтың «Forbes» журналына «Бізге білім мен дағды­ның жаппай «апгрейді» керек деген тақырыппен берген сұхбат­ын­дағы «Бүгінде бүкіл әлем цифрлық технологияны меңгере бастағанда, бәсекеге қабілетті кадрлар дайындау – бірінші кезектегі міндет. Егер де біз 21 ғасырдың жаңа логикасын іске қоспасақ, үмітсіз күйде артта қаламыз» деген сөзін келтіріп өткен артық болмас.

Ал, келесі ақпарат бұл әлі сиясы кеппеген жаңалық. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап Қазақстан мектептерінің барлығында 10-сыныптан бас­тап «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты жаңа пәні   енгізілмек. Ол ерікті пәндер қатарына жатқызылып отыр. Оқу бағдарламасында ол аптасына 2 рет, жалпы саны 68 сағат беріледі. Пәннің өзі тео­риялық және практикалық са­бақ­тардан тұрады. Жаңа пән оқушылардың бизнеске икемін арттырып, экономикалық тер­миндерді біліп өсуіне, бизнес саласындағы құқықтық негіз­дерді еркін меңгеруіне бағыт­талады.  Жаңа пәнді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынып отыр.

Міне, осылай балалардың бо­лашағына мемлекетіміз үлкен мән беріп отырғанда одан әрбір ата-ана да сырт қалмағаны абзал.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Білім 01 маусым 2019 г. 268 0