Келешектің кәсібі қайсы?

 Осыдан 3-4 жыл бұрын Оксфорд университетінің құрметті профессоры, құқық саласындағы әлемге әйгілі ІТ кеңесші Ричард Сасскиндтің «Мамандықтар болашағы» атты кітабы жарық көрді. Тың туындының электронды нұсқасын парақтап, «Болашақта мамандықтарды екі түрлі өзгеріс күтіп тұр, жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін» дегенді оқығанда көңілде күдік ұялағаны рас. Дегенмен, нарықтық қатынастың қай салаға да өзгеріс енгізетіні күннен күнге біліне бастағандай.

Ричард Сасскинд бұл еңбегінде, біріншіден, жа­ңа технологиялар дәс­түрлі жұмыс түрін жеңілдетуі мүмкін деген пікір білдірген. Екіншіден, тех­нология кез келген са­ладағы проб­леманы ше­шудің тиімді тәсіліне айналатындық­тан, қыз­меткердің жұмысынан айырылу қаупі барын көрсеткен. Бұған қоса профессор біздің ойы­мызға кіріп те шықпаған робоэтика бойынша адвокат, қоршаған ортаны қалпына келтіру менеджері, криптовалюта банкирі, IT-генетик, интеллектуалды жекеменшікті бағалау, медициналық робототехник, виртуалды өмір архитекторы секілді мамандықтардың қарқын алатынын алға тартқан. Әрине, әзірге бұл мамандықтардың елімізде қашан пайда болатынын дөп басу қиын. Алайда, біз ол күнге жақындап келе жатыр­мыз. Елбасы Н.Назарбаев та «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында келешекте мамандыққа көзқарас жаңаша сипат алатынын атап өтті. Бұл да біздің қоғамда нарық қажет ететін, сұранысқа сай, бұрын болмаған өзгеше мамандықтардың пайда болатынын аңғартты. Оның үстіне жер-жерде «Жаңа мамандықтар атласының» қолға алынуы бұл болжамды нақтылап отыр.

Жуырда өңірде өткен IV халықаралық ин­тернет форумда осы мә­селе егжей-тегжейлі тал­­­қыланған болатын. Мұн­­да бірқатар сарапшылар тә­жірибелерін ортаға салып, маңызды мағлұматтарымен бөлісті. Соның ішінде біз BTSDigital компаниясы оқыту орталығының жетекшісі Саясат Нұрбектің тақырыпқа қатыс­ты тұшымды ойын түртіп алған едік. Оның айтуынша, қазір танымал мамандықтарды қарастырар болсақ, нақты қай индустрия туралы сөз қозғайтынымызды ал­дын ала  анықтап алған жөн. Себебі еңбек нарығы көпсалалы. Әр салада әр­түрлі кәсіп танымал. Мәселен, банк секторында тәуекел-менеджері сұ­ра­нысқа ие болса, фармацевтикада сату мамандары мен GR-менеджерлер қажет. ІТ-саласында көбіне құрас­тырушылар мен sales-менеджерлерді іздейді. Әрі көп жерде адам күшін технология алмас­тырғанын ескеру керек.

– Жасанды интеллект санадан озып, ро­бототехника жаңа қар­қынмен дамып келеді. Сон­­дықтан креативті ой­­­лайтын және серпінді ин­­­новацияны жасауға қа­бі­летті жаңа мамандар­ды әзірлеуге ден қойған дұрыс. Ол үшін алда пайда болатын немесе тұрақты сұранысқа ие болып қала беретін мамандықтарды айқындауға ықпал ететін құралға, яғни атласқа сүйе­ну қажет. Себебі, кейбір мамандықтар еңбек нары­ғынан мүлде жоғалып кетуі мүмкін деген қауіп бар. Неге десеңіз, Қазақстанның стратегия­лық құжаттарында көр­сетілгендей, ­техноло­гия­­лық модернизация, ин­­­­дустриялық ре­­волюция кешенді өзгерістерді алып келді. Біз білім сала­сында осы дү­ниені ең бірінші мәселе ретінде көріп, жаңа мамандықтарды анықтау жұ­мысын қолға алдық. Ірі жұмыс берушілер мен Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау минис­тр­лігімен бір­лесе әдіс­теме үйлестірсек, кәсіби бағ­дар­лаудың нық тұғыр­на­масын түзуге болатынына сенімдіміз. Ол 9 саланы қамтиды. Барлық мамандықты 3 топқа бөлеміз. Оларға ес­кір­ген мамандықтар, түрленіп жат­қан және жаңа мамандықтар кіреді, – деді сарапшы.

Саясат Нұрбек болашақта жұмыс беруші қызметке үміткердің бо­йынан тәжірибе мен кәсі­биліктен бөлек, әмбебап­тылықты із­дейтінін де жа­сырмады. Өйткені, про­­­цестердің оң­тай­лан­ды­­рылуына байланысты қызметкерлердің міндеті артты. Егер бұрын ком­панияда жекелеген бө­лімдер көп болса, қазір бүтін бір бөлімнің орнына бір ғана әмбебап маман жұмыс істейді. Ол тікелей қызметімен қатар әкімшілік, азаматтық және еңбек құқықтарына қатыс­ты сұ­рақтарға жауап береді. Бұл әрбір кәсіптің уақыт өте қарқынды транс­фор­ма­ция­дан өте­тінін айғақ­тайды. Икем­ді­лік пен бейім­ділік керек. Көп ұзамай бірнеше маманның орнын өзін әр бағытта дамытқан бір әмбебап маман ғана алмастыруы бек мүмкін. Сондықтан, бізге осындай құнды кеңестерге құлақ түре жүрген жөн.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

Білім 21 шілде 2019 г. 64 0