Цифрландыру саланы алға жетелейді

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қалалық білім беру қызметкерлерінің «BІLІM jáne ǴYLYM» тақырыбында тамыз конференциясының пленарлық мәжілісі болып өтті.
Облыс орталығы биылғы жаңа оқу жылын 63836 оқушымен бас­­тағалы тұр. Өткен жылмен салыс­тырғанда оқушылар саны 5216-ға артқан.  Биылғы оқу жылынан бас­тап бірінші сыныпқа баратын балаларды үйден шықпай-ақ «mektep sitken.кz» электронды пор­талы арқылы тіркеу жүзеге асты. Сондай-ақ, биыл ата-аналар мен мек­тептер арасында алғаш рет келісім-шарт жасалды. Бұл құ­жат екі жақтың құқықтары мен мін­деттерін айқындамақ. Осы және өзге де өзгерістерді қамтыған тамыз конференциясында білім саласы қызметкерлерін қуантқан жаңалық аз болмады.
Шараға Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары М.Бақ­тияр­ұлы, Б.Еламанов, Назарбаев уни­­верситеті жоғары білім беру мек­тебі қосымша білім беру де­партаменті директоры Ж.Жонтаева, «Ақпараттық талдау ор­талығы» АҚ вице-президенті М.Аманғазы қатысты.
Конференцияда сөз алған сенатор М.Бақтиярұлы білім сала­сындағы кейбір түйіні шешілуін күткен мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, мұғалімдер мәртебесі туралы заң биылғы жылы қа­был­данбақ. Сонымен қатар көп тал­қысына түскен үштілділікті білім беру саласына енгізу қалай жүзеге асатыны нақтыланды.
Қазіргі білім беру жайы туралы сөз қозғаған Назарбаев университеті жоғары білім беру мектебі қосымша білім беру департаменті директоры Ж.Жонтаева оқу­шыларды заман талабына сай мамандыққа бейімдеу қажеттігін атап айтып, бү­гінде жо­йылып, бара жат­қан мамандықтар және бола­шақтың мамандығы жайында ақпарат берді.
Өз кезегінде «Ақпараттық талдау орталығы» АҚ вице-президенті М.Аманғазы білім беру саласының дамуы бойынша кейбір деректерді алға тартты.
Конференцияда баян­дама жаса­ған қалалық білім беру бөлімінің басшысы М.Әбдіхалықова облыс орта­лығындағы білім саласының жай-күйіне, жетістіктер мен жос­парларға тоқталды.
Білім бөлімі басшысы атап айтқандай, жыл сайын білім беру нысандарының саны артып келеді. Өткен жылы Тасбөгет кентінде 140 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілсе, сол жағалаудан 320 орындық балабақша өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округіндегі балабақша күрделі жөндеуден өтіп, жақында пайдалануға берілмек. Тағы бір атап айтарлығы, үш ауысымдық, апатты мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапқан Сыр елінің бас қаласында жаңа білім ошақтары жыл сайын көбеюде. Биылдың өзінде Жаппасбай батыр көшесінде 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға беруге жақын қалса, қаладағы №198 орта мектеп жанынан 200 орындық, №261 орта мектеп жанынан қосымша 150 орындық ғимараттар салынуда. Сондай-ақ, қаладағы бес мектепке ІТ мектеп-лицейі статусы берілсе, инновациялық мектептер саны 20-ға жеткен.
Конференцияны түйіндеген қала әкімі білім беру саласын зама­науи талаптарға жауап беруге бейімдеу басты назарда екенін атап айтты.
– Білім саласына заманауи тех­никалық тұрғыдан қолдау көр­сету, цифрлық білім беру институттарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстары биылғы оқу жылының негізгі басымдығы болып табылады,– деді ол.
Н.Нәлібаев республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы көтерген мәселе бойынша жас ұрпаққа сапалы білім мен ізгі тәрбие беру мақсатында қаладағы білім саласы басшыларына нақты тапсырма берді.
Шара соңында үздік мұғалімдер түрлі марапатқа ие болды. Атап айтқанда, №6 мектеп директоры А.Сейілханов, №218 мектеп директоры Ж.Азнабаева ҚР Президентінің алғыс хатына ие болса,  он үздік мұғалімге қала әкі­мінің арнайы сыйақысы – 150 мың теңгенің сертификаты табыс­талды. Білім саласына еңбегі сіңген ардагер-ұстаз Амангелді Исаға «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Айта кетелік, жаңа оқу жылында жаңа қонысқа ие болып жатқан мұғалімдер де бар. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болған №144 орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Б.Садықоваға, №235 орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі А.Сыдықовқа пәтер кілті табысталды.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
Білім 24 тамыз 2019 г. 470 0