Саналы ұрпақ – жарқын болашақ

Жаздың үш айын қызықты өткізген оқушылар сағынышпен алтын ұя мектептеріне қайта оралды. Күздің алғашқы күні шартарапта соғылып жатқан алғашқы қоңырау, Білім күні мерекесін Абылай хан атындағы № 140 қазақ орта мектебінің ұжымы үлкен дайындықпен қарсы алды.
Білім биігіне жетелер мектеп табалдырығын 155 бала 1 сынып оқушысы атанып, «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» салтанатты жиынына қатысты. Салтанатты жиында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқарбек Есжанов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Аңсатова, мектеп директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Мұсабаева ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтады. Мектеп табалдырығын аттағалы тұрған бүлдіршіндер 11 сынып оқушыларына әрдайым биіктерден көрініп, жетістіктерге жетуге, білім нәрімен сусындап, жан-жақты ізденіп, білімпаз болуға және мектеп ұстаздарына құрметпен қарауға ант берді.
Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алған Абай оқуларынан үзінді оқу эстафетасы барша қонақтар мен ұстаздарға жолданып, мектеп ұстаздары мен оқушылары Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады. Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер салтанатты жиынның сәнін келтіріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

А.ОСПАНОВА,
мектеп директорының орынбасары.

Білім 03 қыркүйек 2019 г. 310 0