Жаңа әліпби емлесіне қатысты тілдік ұғымдар

 Латын қарпіндегі  жаңа қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы бекітілгеннен кейін Үкімет жанынан құрылған қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның 4 бағыттағы (1.Орфография­лық, 2. Әдіс­темелік, 3. Терминология­лық,  4. Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу) жұмысшы тобы нәтижелі еңбек етті.

Былтыр  «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері»  жобасы жасалды.  Емле ережесін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары әзірлеп, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мамандары  жан-жақты сараптамадан өткізіп, редакциялау жұмыстарын жүргізгені жалпы  зиялы қауымға  белгілі. Ұлттық комиссия отырысында мақұлданған жаңа емле жобасы  жыл басында, яғни 19 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланып, жұртшылық назарына ұсынылды.

Емле ережесі 9 тарау, 108 параграфтан  тұрады. Қазіргі таңда әлі де жетілдіруге тиісті тұстары болғанына қарамастан, жаңа жобаны көпшілікке таныстыру, оқыту жұмыстары басталып кетті. Қазақ емлесін теориялық тұрғыдан терең меңгертіп, көпшілікке үйрететін сауатты тренерлерді дайындау мақсатында  осы жылдың нау­рыз айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» тақырыбында 72 сағаттық тренерлік курсы өтіп жатыр. Республиканың түкпір-түкпіріндегі тіл орталықтарының оқытушылары қамтылған бұл курсқа  облыс­тық тілдерді оқыту орталығы мамандары да  қатысты. Тренерлік сертификат берілді.

Курс барысында латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілдің  жаңа емле ережесінде біршама тың жаңалықтар мен өзгерістердің бар екеніне, емлені жасап, әзірлеген  ғалымдардың қазақ тілінің орфографиясын бүгінгі жаһандану дәуірі тұрғысынан  жаңаша зерделегеніне,  Елбасы айт­қандай, «терең логикаға» негіздеп даярлағандығына куә болдық. Бұған дейінгі қазақ тілінің  емле ережесі көптеген тілдердің емле заңдары сияқты  фонетикалық, морфологиялық, тарихи, дәстүрлік т.б. принциптерге негізделгені белгілі.  Жаңа ереже жобасындағы ең басты жаңалық, емленің бір ғана принцип – фонематикалық принципке негізделгені. Қосалқы ұстанымдары ретінде қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамындағы көне және кірме тілдік қабаттардың кейбір түрлерінің емлесіне қатысты дәстүрлі және фонетикалық, ал төл сөздердің күрделі түрлері үшін морфологиялық принцип  алынған. 

«Жаңа емле» атты оқу-әдіс­темелік құралда бұрынғы қазақ тілі ережесінде жоқ көптеген мынадай жаңа тілдік атау­лар бар. Олар – тіл үндесімі, ерін үндесімі, бейүндес сөздер, шеттілдік сөздер,  сөз құрастыруыштар және ұластыруыштар (сөзалды, сөзарты сыңар құрас­тыруыштар, т.б).

Тағы бір басты жаңалығы – қазақ тіліндегі көптеген күрделі атауларының біріктіріліп жазылуы, яғни, бірге жазылатын сөздердің жаңаша модельдерінің ұсынылуы.

Көкейге қонымды әрі түсінікті, сәтті терминдік атау­лар  ғалымдардың бір жылда немесе бірнеше айда жасап, ойлап тапқан жаңалығы емес. Бірнеше жыл бойғы ізденісі мен өзге тілдермен салыстыра отырып, жіті жасаған зерттеу жұмыстарының нәтижесі деуге болады.  Бірақ,  аты аталып, мағынасы түсінікті болғанмен, бұл атаулардың әлі еш жерде нақты берілген жүйелі анықтамасы мен бекітілген терминдік атауы жоқ. Өйткені, аталған жаңа тілдік терминдер мен  анықтамалардың кейбіреу­леріне қатысты (тіл үндесімі) ғалымдар пікірлері мен уәждемелері әлі біржақты болмай,  қарсы  пікірлер айтылуда.  Десек те, қазақ тілінің сөзжасам жолдарына қатысты жасалған жіті зерттеулер мен ізденістері  нәтижесінде дүниеге келген  терминдік атаулардың біразы сәтті шыққан деуге болады. Тек, алдағы уақытта айтылған сын-пікірлер ескеріліп, түзетілсе, біріздендіріліп, анықтамасына жүйелі түсіндірмесі берілсе, қазақ тіл білімінің жаһандану дәуіріндегі жарқын жетістіктерінің бірі болады.

Сондай-ақ, жаңа емле  жобасында  кірме сөздер мен шеттілдік сөздердің де ара жігі ажыратылып, олардың орфографиялануы  нақты көрсетілген. Бұрынғы қалыптасқан ұғым  бойынша  кірме сөздер дегеніміз – тілімізге басқа тілдерден әртүрлі себептермен енген сөздер. Қазак тілінің сөздік құрамындагы кірме сөздер негізінен төрт халыктың тілінен келіп енген. Олар: араб тілі, парсы тілі, моңғол тілі және  орыс тілі.

Ал жаңа емле бойынша  кірме сөздер – қабылдаушы тілде фонетикалық жағынан бейімделген, қабылдаушы тіл жүйесіне енген, тілдің төл иесі үшін бөгде тіл екендігі байқалмайтын сөздер. Тілдің лексикалық жүйесінің ерекше саласын құрайтын, өздерінің «шетелдік» бейнесін сақтаған, сондықтан да тілді пайдаланушыларға «шетелдік» қасиеті көрініп тұратын, тілдік санада шетел сөздері ретінде қабылданатын сөздерді – шеттілдік сөздер деп атауды ұсынған.  Бұл терминге де қатысты ғалымдар пікірі әлі біржақты емес екені әлеуметтік желі, БАҚ-тарда жарияланған ақпараттардан белгілі. Дегенмен, шетел тілінен енген сөздер тілімізге жартылай сындыру механизмі арқылы әдемі игерілуде (álbom, ansámbl, búdjet, gastról, múzıkl, marketıń, т.б)

Қорыта айтқанда, латын графикасына негізделген  жаңа әліпбиге біртіндеп көшудің әрбір сатысын Қазақстан халқы басынан өткеріп, санасына сіңіріп, бейімделу кезеңіне аяқ басып келе жатыр. Латыннегізді қазақ әліпбиіне көшуге байланысты Елбасы Жарлығы шыққаннан бастап,  халыққа түсіндірме насихаттық, сынама жұмыстарын жүргізуге атсалысқан облыстық тілдерді оқыту орталығы жергілікті ересек тұрғындарға «Жаңа қазақ әліпбиі және емлесі» бағдарламасын дайындады. Оқытып, үйрету жұмыстарын жүргізуді бастап та кетті.  Біздің орталық мамандарының міндеті –  жаңа емле ережесіне пікір айтып, түзету енгізу емес, тек жарыққа шыққан жаңа  дүниені халыққа меңгерту. Осы  мақаланы жазудағы  мақсатымыз –  жаңа емлеге қатысты  жаңа тілдік ұғымдарды жалпы  таныстыру.  Аталған  жаңа  тілдік терминдер  40 сағаттық  «Жаңа қазақ әліпбиі және емлесі» оқыту курсы барысында толық түсіндіріліп, жазу дағдысын қалыптастыру жұмыс­тары  арқылы меңгертіледі.  Сондықтан,  алдағы уақытта емлені жасап, дайындаған ғалымдарымыз әлі де емлені жетілдіріп, халық игілігіне айналатын нағыз қазақ ұлттық тілінің жаңа емлесін жарыққа шығарады деп сенеміз.

Ләззат ОРТАЕВА,

облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері.

Білім 14 қыркүйек 2019 г. 416 0