Ғибратқа толы ғасыр

Сонау бір уақытта шалқыған Аралдың осы күні сор­тағанақ тартқан жағасында шаңырағын тік ұстап, түтінін түзу ұшырып отырған Бөген ауылы бар. Бұл елдегі киелі мекен осы күні ғасыр жасқа толып отыр. Сол «құтхана мешітті» тілге тиек етсек, Арал бойындағы айтулы жер – Бөген болмысы түгелдей көз алдымызға келер еді. Ал Бөгенді айтсақ, бүкіл Арал өңірінің тарихы мен таланы көңілде тұрары хақ. Сондай терең тарихи сабақтастық бар бұл жерлерде.  

З.Шүкіров атындағы №20 Бөген орта мектебінің 100 жылдық мерейтойы осы өлкенің өткеніне ой жіберіп, тарихына байырқалы бойлам жасауға шақырған сондай бір тұғырлы сәтті алға тартып тұр.

Осыдан бес жүз елу жылдары бұрын, Қазақ хандығы құрылардан да ілгерірек, «орысқа орам бермейміз!» деп, сонау «салпыншақ үш өзен» – Танасу, Еділ, Жайықты тастап, қараорман халқымен үдере көшкен ұлы абыздар Асан Қайғы, Қарға бойлы Қазтуған, Орманбет, Шерғұтты (хан-билер) соғыса шегініп, кең даланы шаңдата шұбап, Аралдың қыр бетіндегі Хантөрткіл биікке табан тірей, мәслихат құрған деседі. Сонда Асан ата Желмаясын жазылап, әрі қарай қазаққа құт болар қоныс іздеуді мақсұт етеді. Қазтуған шері Сырдария асып, «жанға сақтау болар жайды» Қызылқұм беттен қарауды ойлайды. Сонда қауымымен Арал жағасы – Сырдың құярлығында қалуға ұйғарған Орманбет ата осы маңдарға табан тіреп тұрақтаған екен. Абыз ата Тұщыкөл мен Бөген басат арасындағы тар қылтаны қорғандап, осынау шұрайлы өлкені жұртының байырқалы-баянды өміріне мекен етуді ойлайды. «Он адым – Көкіш» аталған сол өлке – бір беті Тұщыкөл, бір қапталы дария, бір жағы теңіз – үш таған, үш қорған ортасындағы шұрайлы жер сонау жұртқа құтты қоныс боларлық еді. Міне, бүгінгі Бөген ауылының іргесі сол кезден бастап көтерілген деуге осындай негіз бар. (Ел үлкендерінің жорамалы, мен соған сүйендім).

«Орманбеттің өлген жері – он сан ноғайдың бүлген жері» деген сөз үлкен тарихтан болса, «Орманбет төбесі» деген орын күні кешеге дейін бұл ауыл шалдарының аузында жүретін. Ол – Тұщы мен екі арадағы орғыл кұмның бір биігі еді. Басында пошымы бөлек тас сынықтары, адам, мал сүйегі шашылып жататын...  Бұл – ілгергі тарихтан бүгінге жеткен белгілер және әліге дейін сыры ашылмай жатқан жәдігерстан деуге болады.

Бөгеннің осындай тереңнен тартылған негізі бар. Ел бастаған көсемдер, аузы дуалы би-шешендер, батырлар мен бағыландар қаулап шыққан бұл жерлер, әсіресе, соңғы кезеңнің көркем туындыларында, мақала, зерттеу еңбектерінде молынан қамтылып жүр. Нияз Жәңке, Теке Төлеш, Кешубай Арыстанбай, Ақпан Тайлақ, Жұмағұл Құлбарақ батырлар, Сары, Бекетай билер, Нұржан ишан, Шермағамбет, Тәжімбет мақсымдар, Алтынбай мешітін ұстаған Смағұл ахун, әулие Жеңсікбай сияқты ел жадында қалған қасиеттілер – осы Бөген топырағынан шыққан тұлғалар.

Өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін бұл ауыл «Қалия», ал теңіз қолтығы «Қалия басат» аталып келді. Бөген атауы кейінірек, 60 жылдарға қарай нақтырақ ресми мәртебе алған. Көнебөгеннен әрі, Боқсары төбесінде Күлік Бөкен атамыздың көңі шашылып жатады екен, «Бөген» атауының бір жорамалы сол Бөкен қыстауына қатысты айтылса керек. (Абылай Ахметов ақсақал естелігінен).

Кейінгі тарихтың бір елеулі оқиғасы – 1921 жылғы ашыққан Еділ бойынан Арал халқына В.Ленин жазған хат және соған қатысты атқарылған шаруа мен тарихи құжатта аталған Бөген балықшыларының зор азаматтық ерлігі. Сол оқиғаға қатыс­ты, әсіресе, Бөген балықшылары атқарған имандылық іс тарихымызға алтын әріптермен жазылған оқиға болды. Осынау адамгершілік үлгісі еліміздің кейінгі тарихында жалпыхалықтық сипатқа ие болып, ұжымдастыру және ашаршылық нәубеті жылдарында, Ұлы Отан соғысының қиын кезеңінде талай жұртты қамқорлық қанатының астына алған қайырымдылық дәстүріне жол ашты. Бұл тұрғыда біз адамзат бауырмалдығы мен ізгілік үлгісін әлемге паш еткен ел ретінде мақтана аламыз. Қазақ жұрты бүгін бұл имандылық мысалдарымен әлем алдында биік мәртебеге ие болып отыр.

Әкелеріміздің сол еңбегі Арал өңірі тарихында елеулі із қалдырды. Шағын ғана Алтықұдық теміржол бекеті Арал атанған қала мәртебесін алып, аудан орталығына айналса, №11 шаруа ауылы – Бөген қыс­тағы (поселок) мәртебесіне ие болып, онда поселкелік кеңес, мектеп, аурухана, балық тресі құрылды. Жалпы, Арал теңізі алабында теңіз навигациясы мен балық аулау және өңдеу өндірісі күрт жанданып, одақтық маңызы бар, заманауи техникамен жабдықталған Арал балық комбинаты, төрт бірдей балық зауыты, қуатты Арал кеме жасау верфі жұмыс істей бастады. «Бөген қыстағы» атауы – еліміздің саяси жағрафиясында қала алдындағы елді мекен деген мәртебені білдіреді. Мен білерде, Бөгеннің сол лауазымы күні бүгінге дейін ешбір бұйрық-жарлықпен бұзылған емес.

Міне, осы тарихтың кейінгі жүз жылы Бөгендегі білім шаңырағымен тамырласа өркендеп жатыр. 1919 жылы мұнда ашылған мектептің ал­ғашқы қадамдары жайлы былай жазылған екен: «...1919 жылы Бөгенде бастауыш мектеп ашылды. Мектепті татар байы Темірхан  Жарлығаев өз қаржысымен ашты...» (Т.Әбдиев. «Біздің ауыл», 2009 ж.) Сол мектеп бұл елдің талай атпал азаматтарын тәрбиелеп ұшыр­ған қасиетті алтын ұяға айналды. Мектептің алғашқы шәкірттері болып, сол жылы жасы 7-ге толған Қосаев Төлеген, Қоренов Шарапат, Көшербаев Омар, Досбергенов Қанатбай, Кеулімжаев Шамша, Алмағамбетов Кемал, Сәрсенов Әбубәкір, Жолымбетов Әбжәли, Қызылбаев Жалғасбай, Жәметов Шерекен, Тоқбергенов Сәрсен, Сұлтанов Бақи, Қожаев Жолшара, Бисенов Еңсеген, Мұхамбедиев Әбубәкір білім есігін ашты. Жолаев Тұрғанбай, Жолымбетов Аман, Серікбаев Зейнеп, Серікбаев Құдайберген мектеп-интернатта тәрбиеленді. Тамыры тереңнен, дәстүрі ежелден жалғасқан бұл мекеннен соғыс ерлері, еңбек озаттары, ғалымдар, елге үлгі болған айтулы азаматтар көптеп тәрбиеленіп шықты. Күні бүгін де олардың біразының көзі тірі, еңбек, қоғам өмірі салаларына араласып, ұрпақ тәрбиесінде үлгі көрсетіп, өмір сүріп жатыр.

Жалпы, Бөген мектебінен тәрбиеленіп ұшқан шәкірттердің биік білім деңгейі кезінде Одақ, республика көлемінде мойындалған шындық. Сонан да осынау алтын ұя бүгінде мемлекет, қоғам қайраткерлері, ғалым, үздік маман, ел тұлғалары болып қалыптасқан көптеген шәкірттерімен заңды түрде мақтана алады. Білім нәрімен шәкірт жанын сусындатқан ардақты ұстаздар қауымы бұл қарашаңырақтың ең асыл қазынасы десе болады. Олардың бәрін қамтып айту мүмкін емес. Осыдан ғасыр бұрын шәкірттеріне білім дәнін еккен алғашқы ұстаздар дәстүрі күні бүгінге дейін бір жолдан тайған жоқ. Мектептің алғашқы ұстаздары ағайынды Жарлығаевтардан бастап, Аман Жолымбетов, Көмекбай Оңғаров және майдангер мұғалімдер ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етті. Бұл игі дәстүр кейін ұстаз-басшылар Рысқұлов Мүберек, Тойбазаров Мүберек, Сермағамбетова С., Әуесбаева Төлебике арқылы жалғасты. Кейінгі тарихты мектеп директорлары Дәрменов Төлеш, Жұмағұлов Садық, Әбдікәрімов Әділхан, Нұрышев Берік және оқу-тәрбие істері жөнінен орынбасарлар Нөкешов Шәйкен, Есжанов Ысқақ, Сәңкібаев Қапи,  Жанелов Тілеужан, Ешниязов Салмырза, Жәнелов Марат, Ағытаева Күләш, Нұрекешова Ұлбике, Қожанова Мәриямкүл, Андызбаев Марат жалғады. Шәкірттерін биік арман жолына салған Құрманов Жалғас, ел шежіресін жинап, Аралдың бейбітшілік «гимінін» жазған Әбдиев Тастыбай ұстаздардың орны бір бөлек. Бұл күндері ұжым директоры Клара Мадиярова, М.Андыз­баев, ­Г.Дабылова, А.Жұмабаева бас­қарған ұстаздар қауымы еңбек етіп жатыр.

Иә, Арал аймағы өзінің ерек тағдырымен бүкіл әлем назарын өзіне аудартқан жер болғаны – тарихи ақиқат. Талай сынды да айтулы кезеңдерден қайыспай өткен осынау ел мен жер соңғы кезеңнің басқа салған сындарын да қара нардай көтеріп, өзінің ежелгі дәстүрін абырой биігінде жалғастырып келе жатыр. Бүгінгі ғасыр жасына толымды тарих, игі дәстүр, абырой биігінде жетіп отырған №20 З.Шүкіров атындағы Бөген орта мектебі осының бір жарқын мысалы деуге болады.

Дәуірлер желі соғады, заманалар көшінде дүние өзгереді, бірақ, көкірегі ояу, көзі ашық ұрпақ барда, біздің киелі тарихымыз ел жады, сана көзі, көңіл төрінде өткеннен – өнеге, бүгінге – мысал, ертеңге үлгі ретінде жаңғырып, жанданып, жарқырай бермек.

Жасай бер, біздің мектеп – қасиетті қарашаңырақ, киелі алтын ұя!

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы, көсемсөзші-эколог,

Қоғам қайраткері,

Арал ауданының 

Құрметті азаматы,

«Парасат» орденінің иегері.

Білім 26 қыркүйек 2019 г. 306 0